Жаңалықтар

Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Жеңіс күнімен құттықтады

Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Жеңіс күнімен құттықтады
Фото: akorda.kz 09.05.2023 09:01 1027

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқын Жеңіс күнімен құттықтады, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

 Президент өз құттықтауында аталған мерекенің ел тарихында айрықша орынға ие екеніне ерекше тоқталып өтті. 

Сіздерді Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – еліміздің тарихында айрықша орны бар мереке. Сондай-ақ бейбітшілік пен бостандық үшін күрескен аға буынның жанқиярлығын, қажымас қайраты мен ерік-жігерін әйгілейтін мейрам. Сұрапыл соғыс жылдарында отандастарымыз қайсарлық пен қаһармандықтың теңдессіз үлгісін танытты. Майданға аттанған жауынгерлеріміздің тең жартысы ұрпақтың болашағы үшін жанын пида етті. Жеңіске тыл еңбеккерлері де өлшеусіз үлес қосты. Олар ел басына күн туғанда халқымыздың жұдырықтай жұмыла білетінін ерен еңбегімен дәлелдеді, - деді Қ.Тоқаев. 

Сонымен қатар, зұлмат соғыстың куәсі болған майдангерлерге құрмет көрсету бүгінгі ұрпақтың перзенттің парызы екенін атады. 

Соғыста опат болған боздақтарымыздың рухына тағзым етіп, ардагерлерімізге лайықты құрмет көрсету – біздің перзенттік борышымыз. Біз бүгінгі бейбіт өміріміз үшін жеңімпаз аға буынға қарыздармыз. Олардың өшпес ерлігі – кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге. Майдангерлеріміз жан аямай қорғаған азаттық, әділдік, теңдік құндылықтары Әділетті Қазақстан үшін де мызғымас темірқазық болып қала береді. Баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке тілеймін! Ардагерлеріміз аман болсын! Жеңіс күні құтты болсын, - деді Мемлекет басшысы. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға