Жаңалықтар

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы бірлігі күнімен құттықтады

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы бірлігі күнімен құттықтады
Фото: ҚР Президентінің баспасөз қызметі 01.05.2023 10:15 1930

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел тұрғындарын Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Сіздерді Қазақстан халқының бірлігі мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – тұрақтылық пен тыныштықты, татулық пен келісімді дәріптейтін мейрам. Ел бірлігі – біздің баға жетпес байлығымыз, мемлекеттілігіміздің берік негізі. Қазақ жері сан алуан этнос өкілдерінің құтты мекеніне айналған. Барлық азаматтарымыз өткен тарихы, бүгіні мен болашағы бір екенін терең ұғынады. Өйткені жұртымыздың құндылықтары да, арман-мұраттары да ортақ. Түптеп келгенде, бәріміз – үлкен қара шаңырақтың, біртұтас қазақ ұлтының перзенттеріміз, - деді Президент. 

Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды құттықтауын барысында татулық пен әділдікке негізделген қоғам құру туралы атап өтті. Сонымен қатар, еліміздің өсіп-өркендеуі қолға алған реформалардың тиімді жүзеге асырылуына байланысты екенін жеткізді. 

Біз осы іргелі мақсаттарға мызғымас бірліктің арқасында ғана қол жеткіземіз. Халқымыз «Ырыс алды – ынтымақ» дейді. Бабаларымыздың бұл өсиеті – Әділетті Қазақстандағы басты ұстанымның бірі. Біз татулық, теңдік және әділдік қағидаларына негізделген қоғам құрамыз. Бірлігі жарасқан жұртымыздың абыройы асқақ болсын! Баршаңызға бақ-береке және толағай табыс тілеймін! Мереке құтты болсын, ағайын, - деп жазылған мемлекет басшысының құттықтауында. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға