Жаңалықтар

Қасым-Жомарт Тоқаев Қатар мемлекетінің әмірімен келіссөз жүргізді

Қасым-Жомарт Тоқаев Қатар мемлекетінің әмірімен келіссөз жүргізді
Фото: Ақорда 14.02.2024 16:10 1054

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қатар мемлекетінің әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәнимен келіссөз жүргізді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Мемлекет басшысы Қатар әмірінің шақыруын зор ризашылықпен қабыл алғанын жеткізді. Президент осы елге алғаш рет мемлекеттік сапармен келіп отырғанын, сондықтан оның мән-маңызы ерекше екенін атап өтті.

Қатар – ислам әлеміндегі біздің сенімді әрі маңызды әріптесіміз. Екі елдің қарым-қатынасына тың серпін беретін кез келді деп ойлаймын. Қазақстан мен Қатар байланыстарын толық стратегиялық әріптестік деңгейіне көтеруді ұсынамын. Сапар кезінде өте маңызды құжаттарға қол қойылады. Бұл келісімдер біздің ынтымақтастығымызды стратегиялық деңгейге көтереді. Біз үшін Қатар өте ерекше ел, сіздермен байланыстарымызды жоғары бағалаймыз. Сондықтан бұл қатынастарымызды одан әрі дамыту үшін күш-жігерімізді саламыз. Бізге көрсетілген қонақжайлығыңызға ризашылығымызды білдіреміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Қатар мемлекетінің әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәни Қазақстан президенті сапарының мән-маңызына тоқталды.

Жоғары мәртебелі президент мырза, біздің елімізге ең алғашқы мемлекеттік сапармен келіп отырғаныңызға қуаныштымын. Бүгінгі келіссөздер екі ел арасындағы қарым-қатынастарды еселей түсетініне сенемін. Біз Астанада да кездестік. Бүгінгі жүздесуіміз бұрынғы келіссөздер негізінде қол жеткізілген уағдаластықтардың жүзеге асырылуын қадағалап, алдағы жоспарларды айқындауға мүмкіндік береді. Екіжақты ынтымақтастық аясында энергетикалық, сауда-экономикалық және инвестициялық жобаларды іске асыруға мүдделіміз. Осы сапар аясында біздің елдің ірі бизнес өкілдерімен кездесулер өткізесіз. Бұл аталған салалардағы ықпалдастықты ілгерілетуге тың серпін беретініне сенімдімін, – деді Қатар мемлекетінің әмірі.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға