Жаңалықтар

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Умару Сисоку Эмбало шағын құрамда келіссөз жүргізді

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Умару Сисоку Эмбало шағын құрамда келіссөз жүргізді
Фото: Ақорда 18.12.2024 13:00 88

Президент Гвинея-Бисауды Қазақстанның Африка құрлығындағы маңызды серіктесі ретінде атап өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Біз екіжақты қарым-қатынасты нығайтуға мүдделіміз. Екі ел арасындағы ықпалдастықтың келешегі зор деп санаймын. Ол үшін үкіметтер өзара тиімді ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктерін қарастыруға бар күш-жігерін салады. Сонымен қатар халықаралық өзекті мәселелерге қатысты ұстанымдарымыз ұқсас. Біз басты халықаралық құрылымдардағы, ең алдымен, БҰҰ және Ислам ынтымақтастық ұйымындағы Сіздің еліңіздің өкілдерімен байланысты күшейтуге дайынбыз, – деді Мемлекет басшысы.

Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев екі елдің ауыл шаруашылығы, тау-кен өнеркәсібі, цифрландыру және көлік-логистика бағыттары бойынша өзара қарым-қатынасын дамытуда әлеуеті зор екеніне назар аударды.

Умару Сисоку Эмбало қазақ жерінде көрсетілген сый-құрмет үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа ризашылығын білдірді.

Қазақстанмен тығыз қарым-қатынас орнатудың мәні зор. Мен бұған дейін еліңізге Премьер-министр ретінде келген едім. Бұрнағы жылдары Гвинея-Бисаудың студенттері Қазақстанда оқыған болатын. Олардың басым бөлігі техникалық мамандық бойынша білім алды. Біз осы бағыттағы ынтымақтастықты жалғастырғымыз келеді. Себебі Қазақстаннан үйренеріміз көп, – деді Гвинея-Бисау Президенті.✔️

Кездесу барысында мемлекеттер басшылары жаһандық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.

Келіссөздер қорытындысы бойынша президенттер Бірлескен мәлімдеме қабылдады.

Қазақстан мен Гвинея-Бисаудың ресми делегация мүшелері мынадай құжаттармен алмасты:

1. Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Гвинея-Бисау Республикасы Үкіметі арасындағы дипломатиялық және қызметтік паспорт иелерін виза талаптарынан босату туралы келісім;

2. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі мен Гвинея-Бисау Республикасы Сыртқы істер, халықаралық ынтымақтастық және қауымдастық министрлігі арасындағы саяси және дипломатиялық консультациялар туралы меморандум;

3. Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Гвинея-Бисау Республикасы Көлік, телекоммуникация және цифрлық экономика министрлігі арасындағы ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы ынтымақтастық туралы меморандум.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға