Жаңалықтар

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Си Цзиньпин БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізді

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Си Цзиньпин БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізді
Фото: Ақорда 03.07.2024 15:37 447

Екіжақты келіссөздерден кейін Қазақстан Президенті мен Қытай Халық Республикасының Төрағасы бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін бірлескен мәлімдеме жасады. Бұл туралы Ақордаға сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Мемлекет басшысы өзінің шақыруын қабыл алып, Қазақстанға мемлекеттік сапармен келгені үшін Си Цзиньпинге шынайы ризашылығын білдірді.

Осы сапарыңыз – қазақ-қытай жылнамасындағы айтулы әрі тарихи оқиға. Оған қоса бұл – екі ел арасындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге деген Сіздің ниетіңіздің айқын көрінісі деп білемін. Мен бұл игі ұмтылысты толықтай қолдаймын. Қытай – біз үшін тату көрші, достас және мәңгілік жан-жақты стратегиялық серіктес мемлекет. Бұл біздің елдерімізге ортақ құндылықтар мен ортақ ұстаным деп айтқым келеді. Оның тарихи тамыры тереңде жатқаны сөзсіз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан президенті екі ел арасындағы тығыз сауда және гуманитарлық байланыстардың даму тарихына тоқталып, оның келешегі жарқын боларына сенім білдірді.

Халықтарымыз Ұлы Жібек жолы бастау алып, төрткүл дүниеге таралған киелі жолда ынтымағы мен бірлігін жарастырған. Тарих қойнауына үңілетін болсақ, Қытай елі қазақ халқына ешқашан жамандық жасаған жоқ, ешқандай тосқауылдар құрған емес. Жәрдем ғана берген. Біздің елдеріміз әрдайым өзара тығыз байланыста және шынайы достық қарым-қатынаста болды. Бүгін де солай және солай болып қала бермек. Мен бұған кәміл сенемін, – деді Мемлекет басшысы.

 Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР төрағасымен бірге мемлекеттер арасындағы сан қырлы ынтымақтастықты бекемдей беретініне назар аударып, бүгінгі келіссөз нәтижелері соның айқын дәлелі екенін айтты.

Қазақстан мен Қытайдың мызғымас саяси қатынастары өзара сенім мен қолдау рухында дамып келе жатыр. Екі ел арасында шешімін таппаған ешқандай түйткіл жоқ. Сондықтан күш біріктіре отырып, сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени-гуманитарлық әріптестікті жандандыруға ниеттіміз. Біз Төраға Си Цзиньпин екеуміз жаңа ғана Бірлескен мәлімдемеге қол қойдық. Құжатта екі ел қатынастарының жетістіктері және алдағы жоспарлары кеңінен қамтылған. Қытай – Қазақстанның басты сауда серіктесі. Былтыр елдеріміз арасындағы сауда көлемі 41 миллиард доллар болды. Алдағы уақытта тауар айналымын еселей түсеміз. Бұған әлеуетіміз жеткілікті. Қытай – біздің негізгі шетелдік инвесторымыздың бірі. Соңғы 15 жылда бұл елден Қазақстанға 25 миллиард долларға жуық инвестиция тартылды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы былтыр Қазақстан экономикасына құйылған қытай инвестициясының көлемі 16 пайызға өсіп, 1,8 миллиард долларға жеткенін атап өтті. Бұл көрсеткішті ұлғайтуға екі тарап та мүдделі.

Бүгінде құны 14,5 миллиард доллар болатын 45 жоба жүзеге асырылып жатыр. Жалпы Қытай капиталының үлесі бар кәсіпорындар саны 4700-ден асады. Біз өзара тиімді инвестициялық жобаларды одан әрі жүзеге асырудың маңызын атап өттік. Нақтырақ айтқанда, энергетика, инфрақұрылым, ауыл шаруашылығы, өндіріс, қаржы, көлік, аэроғарыш өнеркәсібі және IT салаларына тоқталдық. Қазақстан өз нарығына кіруге ниетті Қытай компаниялары үшін қолайлы жағдай жасауға дайын, – деді Қазақстан президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев қолға алынған ауқымды энергетикалық жобаларды тиімді жүзеге асыру қажет деп санайды.

Қазір Қазақстанда мұнай-химия зауыттары салынып жатыр. Шымкенттегі мұнай өндеу зауытын жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. «Қазақстан – Қытай» мұнай құбырының өткізу мүмкіндігін ұлғайту шаралары қолға алынды. Көп ұзамай бұл жобалар экономикамызға үлес қоса бастайды. Сапар аясында қазақ-қытай іскерлік кеңесінің отырысы өтті. Онда бірқатар инвестициялық келісімдерге қол қойдық, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы ҚХР Төрағасымен көлік-логистика саласындағы ықпалдастықты жандандыру қажеттігіне назар аударғанын айтты. Бұдан бөлек, Си Цзиньпиннің Астанада жариялаған жаһандық «Бір белдеу, бір жол» бастамасы және Транскаспий халықаралық көлік бағдары аясындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланғанын жеткізді.

Былтыр теміржол арқылы тасымалданатын жүк көлемі 22 пайызға артып, 28 миллион тоннаға жетті. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Ляньюньган, «Қорғас – Шығыс қақпасы» және Сиань қаласындағы құрғақ порттарда жүзеге асырылған бірлескен жобалардың нәтижесінде көлік-логистикалық әлеуетіміз едәуір артты. Қазіргі таңда «Аягөз – Бақты» үшінші трансшекаралық темір жол құрылысы белсенді жүріп жатыр. Бүгін біз Транскаспий халықаралық көлік бағдары арқылы жүк тасымалын іске қосу шарасына бейнебайланыс режимінде қатыстық. Бұл бағдар Еуразия құрлығындағы көлік-логистика қатынастарын дамытуға тың серпін береді, – деді мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Си Цзиньпинмен ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты жандандыру мәселесін талқылағанын атап өтті.

Бұл салада табысты жүзеге асқан бірлескен жобалар бар. Егіншілікте smart жүйесін қолдануға, су ресурстарын ұтымды пайдалануға және ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге айрықша назар аударылады. Осы орайда Қытайдың тәжірибесі мен технологияларын қолдануға, нақты инвестициялық жобаларды бірлесе жүзеге асыруға мүдделіміз. Былтыр Қазақстанның Қытайға экспорттаған ауыл шаруашылығы тауарлары 2 есе өсіп, 1 миллиард долларға жетті. Қытай нарығына сапалы әрі табиғи ет өнімдерін, майлы және дәнді дақылдар экспортын ұлғайтуға мүдделі екенімізді атап өттік. Бұл ретте Қазақстан астығын 2 миллион тоннаға жеткізуге дайынбыз. Осы саладағы ықпалдастықты кеңейту шараларын қолдағаны үшін төраға Си Цзиньпин мырзаға ризашылығымды білдіремін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Президентінің айтуынша, екі ел арасында ғылым және білім саласындағы ынтымақтастық та нығайып келеді. Қазіргі таңда Қытайдың жоғары оқу орындарында 4 мыңнан астам қазақ жастары білім алып жатыр.

Қазақстан техникалық мамандар даярлау мәселесіне баса мән береді. Бұған Қытайдағы әріптестеріміз қолдау көрсетіп отыр. Аталған саладағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға келістік. Қытай Төрағасының сапары аясында екі тарихи оқиғаның куәсі болдыңыздар. Біріншісі – «Астана» Халықаралық университетінің жанынан Бейжің тіл және мәдениет университетінің филиалы ашылды. Сондай-ақ бүгін құрметті Си Цзиньпин мырзамен Қазақстанда екінші «Лу Бань шеберханасын» ашуға келістік. Бұл тиімді әрі маңызды жоба елімізде жоғары кәсіби мамандар даярлауға мүмкіндік береді. Қытайдың жоғары оқу орындарында білім алғысы келетін қазақ жастарының саны артты. Бұл тұрғыда үкіметтік грант санын көбейту, Қазақстан аумағында Қытайдың озық техникалық университеттерінің филиалдарын ашу мәселесіне арнайы тоқталдық, – деді мемлекет басшысы.

 Қасым-Жомарт Тоқаев келіссөздер барысында мәдени-гуманитарлық байланысты және туризм саласындағы ықпалдастықты күшейтуге баса назар аударылғанын жеткізді.

Осы сапар аясында Бейжіңде Қазақстанның және Астанада Қытайдың мәдени орталықтары ашылды. Мұны екіжақты байланысты бекемдеу үшін жасалған өте маңызды қадам деп айтуға болады. Бұл бастамалар халықтарымызды мәдени тұрғыдан жақындатып, өзара достық пен тату көршілік қатынастарды нығайтуға ықпал етеді деп сенемін. Бұдан бөлек, екі ел аумағында тұрақты түрде мәдени шаралар өткізуге уағдаластық. Қазақстан мен Қытай азаматтары үшін екі елде визасыз режим қолданыла бастағанын ерекше атап өткім келеді. Қазір оның игілігін азаматтарымыз көріп отыр. Әсіресе, екі елдің көршілес аймақтарының халқына, кәсіпкерлер мен туристерге, жастар мен шетелдік әріптестерге тиімді болды. Биыл наурызда Бейжіңде «Қазақстанның Қытайдағы туризм жылы» салтанатты түрде ашылды. Келесі жылы осы шараның жалғасы ретінде «Қытайдың Қазақстандағы туризм жылы» өтеді. Бүгін қол жеткізген келісімдер елдеріміз арасындағы байланыстарды нығайтып, халықтарымыздың игілігіне қызмет етеді деп сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Президенті ҚХР төрағасы Си Цзиньпинмен аймақтық және жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасқанын атап өтті.

Бұл бағыттағы ұстанымдарымыздың ұқсас екеніне назар аудардық. Біз көпжақты дипломатияны одан әрі нығайту қажеттігін атап өттік. Екі елдің серіктестігі Біріккен Ұлттар Ұйымы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес аясында табысты дамып келе жатыр. Сонымен қатар біз Орталық Азия – Қытай диалогын одан әрі дамытуға келістік. Әлемдегі дау-дамайды бейбіт жолмен шешу, геосаяси жағдайды тұрақтандыру, сондай-ақ жаһандық қауіпсіздік пен бейбітшілікті нығайту жөніндегі ұстанымдарымыз ортақ, – деді мемлекет басшысы.

 Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі келіссөз нәтижелерін жоғары бағалайтынын мәлімдеді

Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынастың деңгейі қашанда жоғары. Осылайша, біз екі ел арасындағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне қадам бастық. «Алтын отыз жылдық» аясындағы биік мақсат-міндеттерді табысты жүзеге асырамыз деп үміттенемін. Жасалған әрбір келісім екі елдің тұрақты әрі қауіпсіз дамуын қамтамасыз етуге, халықтарымыздың әл-ауқатын жақсартуға арналған, – деді Қазақстан президенті.



Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға