Жаңалықтар

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шарль Мишель бірлескен мәлімдеме жасады

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлім етті
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шарль Мишель бірлескен мәлімдеме жасады
Фото: Ақорда 27.10.2022 13:26 1899

Қазақстан Республикасы мен Еуропалық Одақ арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуы қарсаңында 27 қазанда Астана қаласында Қазақстанның Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Еуропалық Кеңестің Президенті Шарль Мишельдің кездесуі өтті, деп хабарлайды El.kz

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Президент Шарль Мишель ашық, достық және сындарлы ахуалда өткен келіссөздер барысында соңғы 30 жыл ішінде Қазақстан Республикасы мен Еуропалық Одақ арасындағы қарым-қатынастардың жоғары деңгейі мен серпінді дамуын растады. Олар Қазақстан мен ЕО арасындағы көпқырлы ынтымақтастықты одан әрі нығайту, тереңдету және кеңейту туралы уағдаласты.

Тараптар өздерінің БҰҰ Жарғысына, халықаралық құқыққа және егемендіктің, тәуелсіздік пен аумақтық тұтастықтың қағидаттарына берік бейілдігін растады. Президенттер бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтаудың, сондай-ақ дауларды дипломатиялық жолмен шешудің маңыздылығын баса айтты.

Қос көшбасшы Қазақстан мен ЕО арасындағы кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімді (КӘЫК), ЕО-ның Орталық Азия жөніндегі стратегиясын, сондай-ақ ЕО-ның Орталық Азия үшін өзара байланыс және басқа да секторлары жөніндегі жаңа бастамаларын одан әрі және толық іске асыру туралы уағдаласты.

Қос президент соңғы 30 жыл ішіндегі саяси және сауда-экономикалық ынтымақтастықтың жоғары серпінін құптады. Олар Еуропалық Одақ Қазақстанның негізгі сауда және инвестициялық әріптесі болып табылатынын қанағаттанушылықпен атап өтті. Осыған орай, президенттер «жасыл» экономика, энергияның тиімділігі, цифрландыру және Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы өзара байланыс салаларында қолда бар әлеуетті пайдаланудың маңыздылығын атап көрсетті.

Кездесуде сыни шикізат материалдары (СШМ), әсіресе жерде сирек кездесетін металдар саласындағы ынтымақтастық мәселелері де қозғалды. Тараптар СШМ саласындағы стратегиялық әріптестікті дамытуға дайын екендіктерін растады және Қазақстан Республикасы мен Еуропалық Одақ арасында шикізат, аккумуляторлар және жасыл сутегі құнының тұрақты тізбегі саласындағы стратегиялық әріптестік туралы өзара түсіністік жөніндегі меморандумға қол қоюды құптады. Осы тұрғыда, олар іскерлік ахуалды үнемі жақсартудың және Қазақстанға ЕО инвестицияларын одан әрі тартуға қолайлы жағдайларды қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті.

Еуропалық Одақ санкцияларының Қазақстан экономикасына абайсыз теріс әсерін болдырмау мәселесіне ерекше назар аударылды. Президент Ш. Мишель ЕО санкциялары үшінші елдерге қарсы бағытталмағанын растады және халықаралық санкциялардан жалтаруға және оларды айналып өтуге жол бермеудің маңыздылығын атап көрсетті. Тараптар да санкцияларға жатпайтын тауарларды өндіретін еуропалық компанияларды Қазақстанға көшіру мәселесін талқылады.

Қазіргі геосаяси жағдайды ескере отырып, Президент Қ. Тоқаев пен Президент Ш. Мишель өндіріс пен жеткізудің жаһандық тізбектерін қамтамасыз ету үшін Еуропа мен Орталық Азия арасындағы қолданыстағы халықаралық көлік дәліздерін кеңейтудің және жаңа дәліздерді дамытудың маңыздылығын баса айтты. Олар сондай-ақ Транскаспий халықаралық көлік бағдарының әлеуетін, оны одан әрі дамыту нұсқалары мен өңірдегі басқа көлік бағдарларының рөлін талқылады.

Екі президент климаттың өзгеруі Қазақстан мен ЕО өздерінің экономикалық қызметін бейімдеуге тиіс аса өзекті мәселелердің бірі болып табылатынын атап өтті. Жаһандық жылыну проблемасы әлемдік қауымдастықтың кезек күттірмейтін және тиімді әрекеттерін талап етеді. Қос тарап та өз экономикаларын төмен көміртекті дамуға бейімдеу үшін сараптамалық, технологиялық және техникалық ынтымақтастықты нығайтудың маңыздылығын атап көрсетті. Олар сондай-ақ су ресурстарын басқару саласындағы өңірлік ынтымақтастықты одан әрі қолдау қажеттігін баса айтты.

Екі көшбасшы Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы адам құқықтары мен құқық үстемдігі саласындағы сындарлы диалогты құптады. Қазақстан осы салалардағы өзінің бейілдігін растады. Еуропалық Кеңестің  Президенті «Әділетті Қазақстанның» саяси жаңғыруы мен көзқарасын ілгерілетуге бағытталған Қазақстанның маңызды реформалары бағдарламасын,  сондай-ақ қаңтар оқиғаларына толық және транспарентті тергеп-тексеру жүргізуге бейілдігін құптады.

Президент Қ. Тоқаев пен Президент Ш. Мишель өңірлік және халықаралық күн тәртібі, оның ішінде Ауғанстан мәселелері жөнінде пікір алмасты. Тараптар өңірдің өркендеуінің, орнықтылығының және одан әрі тұрақты дамуының кілті болып табылатын Орталық Азиядағы өңірлік диалогты нығайтудың маңыздылығын атап өтті.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға