Жаңалықтар

Қасым-Жомарт Тоқаев: Әлемнің тұщы су тапшылығына душар болу қаупі зор

Бұл туралы Ақорда мәлім етті
Қасым-Жомарт Тоқаев: Әлемнің тұщы су тапшылығына душар болу қаупі зор
Фото: Ақорда 16.01.2023 17:45 1623

Мемлекет басшысы Бірікккен Араб Әмірліктеріне ресми сапары аясында «Абу Даби  тұрақты даму апталығы» саммитіне қатысты, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Мемлекет басшысы өз сөзінде жаһандық маңызы бар өзекті тақырыптар талқыланатын ауқымды халықаралық шараны ұйымдастырғаны үшін жоғары мәртебелі шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянға алғыс айтты.

Президент анағұрлым таза әрі «жасыл» әлем жолындағы орнықты даму баршаға ортақ міндет екенін атап өтті.

– Өкінішке қарай, геосаяси тұрақсыздықтың шиеленісуі және энергетикалық қауіпсіздіктің сақталмауы климаттың өзгеруіне қатысты мәселені елеусіз қалдырды. Жаһандық орташа ауа температурасы көтерілген сайын әлемдегі құнарлы азықтың 66 пайызын қамтамасыз ететін негізгі ауыл шаруашылығы дақылдарының шығымы едәуір азаюы ықтимал. Сондай-ақ тұщы су тапшылығына душар болу қаупі зор. БҰҰ баяндамасына сәйкес, 2050 жылға қарай климаттың өзгеруі салдарынан 5 миллиардтан астам адам ауызсуға зәру болуы мүмкін. Бұл дүниежүзілік азық-түлік, энергетика, қала және экология жүйелеріне қатер төндіреді. Мұның бәрі тек саяси шешімдерді ғана емес, басқа да жедел әрі тиімді шаралар қабылдауды талап етеді. Планетамызды сақтау үшін бұрын-соңды болмаған мөлшерде қаржылай инвестиция құю керек, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев: Әлемнің тұщы су тапшылығына душар болу қаупі зор

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, климаттың өзгеруіне қарсы күрес тек  даму немесе жаңғырту шараларымен ғана шектелмей, өзара тығыз байланыста қатар жүруге тиіс.

– Халықаралық қоғамдастық климаттың өзгеруіне қарсы күрес шараларын қаржыландыру мәселесіне қатысты міндеттемелерін арттыра түседі деп сенеміз. Бүгінгі жиынның маңыздылығы да – осы. Қазақстан көміртегі бейтараптығына қол жеткізудің ұзақмерзімді міндеттемелерін айқындады. Іс жүзінде еліміз Париж келісімін алғашқылардың бірі болып ратификациялады. Сол сәттен бері біз экономиканы әртараптандыруға және жаңартылатын энергия көздері мен орнықты технологияларды ілгерілетуге бағытталған барынша теңгерімді, ұтымды саясатымызды қалыптастырдық, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент елімізде электр энергиясының 70 пайызға жуығы көмірден өндірілетінін атап өтіп, алдағы уақытта өнеркәсіп пен экономикаға түбегейлі құрылымдық өзгерістер әкелетін ауқымды шараларға арнайы тоқталды.

Президенттің айтуынша, жаңа Экологиялық кодекс өнеркәсіп корпорацияларының жаңартылатын энергия көздеріне көшуіне оң ықпал етеді. 

– Компанияның экологиялық жаңғыруға құятын инвестициясының толық құны бюджетке төленетін экологиялық төлемнен шегеріледі. Мәселенің нормативтік-құқықтық реттеу жағына келер болсақ, биыл барлық негізгі өнеркәсіп салалары үшін Ең үздік қолжетімді техникалардың (BAT) салалық стандарттар анықтамалығын әзірлеу ісі аяқталады. Келесі сатыда ластанған табиғаттың 80 пайызына жауапты 50 ірі корпорация осы стандарттарға өтуі керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев: Әлемнің тұщы су тапшылығына душар болу қаупі зор

Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан – көміртегі бейтараптығына қол жеткізу үшін ұзақмерзімді стратегия қабылдаған Орталық Азиядағы алғашқы ел. Аталған стратегия ұлттық деңгейде анықталған климаттың өзгеруіне қарсы күрес көрсеткіштеріне үлес қосудың оңтайлы тәсілдерін айқындайды.  

– Парниктік газдар шығарындыларына квота бөлу және квоталарды саудалаудың ұлттық жүйесі ауаға тарайтын шығарындыларды азайтуды және энергия үнемдеу технологиясын дамытуды ынталандыратын механизм ретінде өз тиімділігін дәлелдеді. Біздің ортақ мақсатымыз – Парниктік газдар шығарындыларын саудалаудың ұлттық және еуропалық жүйесіндегі алшақтығын жою. Бұл шаралардың барлығы Париж конвенциясындағы міндеттемелерді 2030 жылға қарай толық орындауға мүмкіндік береді, – деді Мемлекет басшысы.

Президент саммит қатысушыларына Қазақстандағы жаңартылатын және баламалы энергия көздерінің перспективалары туралы мәлімет берді.

– Күн мен жел факторлары, сондай-ақ ұлан-ғайыр жеріміз Қазақстанның климатты сақтау жолындағы жаһандық іс-әрекеттерге атсалысып, жаңартылатын энергия секторында көш бастауына мүмкіндік береді. Осыған байланысты біз инвесторларға анағұрлым ұтымды шарттар ұсыну  үшін  нормативтік-құқықтық базаны жетілдіріп жатырмыз. Жалпы, біздің жоспарымыз бойынша 2035 жылға қарай Қазақстанда 6,5 ГВт жаңартылатын энергия  ресурсы пайда болады. Бұл  орайда «жасыл сутегі» – келешегі зор бағыттың бірі. Халықаралық сарапшылардың пікірінше, еліміз сутегін экспорттаушылардың алғашқы ондығына кіре алады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев: Әлемнің тұщы су тапшылығына душар болу қаупі зор

Президент атом энергиясын пайдалану мәселесіне назар аударып, бұл ауаға тарайтын парниктік газдардың көлемін азайтуға әсер ететін басты фактордың бірі екенін айтты. Сондай-ақ Қазақстанның атом энергетикасын дамытудағы артықшылықтарына тоқталды.

– Еліміз табиғи уран өндіру бойынша әлемде бірінші орында. Біз  ядролық отынның компоненттерін өз елімізде өндіреміз және атом энергиясын қауіпсіз пайдалану ісін одан әрі дамытуға  мүмкіндігіміз мол. Біздің пікірімізше, бұл – аймақтық және жаһандық деңгейдегі сауда мен инвестиция үшін келешегі мол сала, – деді Мемлекет басшысы.  

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев климаттың өзгеруін тежеу стратегиясы үшін орман өсіру өмірлік маңызы бар бағыт саналатынын жеткізді.  Оның айтуынша, Қазақстан Климаттың өзгеруі жөніндегі БҰҰ 26-шы конференциясында қабылданған Орман мен жерді пайдалану декларациясына қосылды. Бұдан бөлек, елімізде 2025 жылға дейін екі миллиард ағаш отырғызуды көздейтін ауқымды жоба басталды. Былтыр 282 миллион түп ағаш отырғызылды.  Биыл тағы 410 миллион  ағаш отырғызу жоспарланып отыр.  

Мемлекет басшысы астық өндірісі  бойынша Қазақстан әлемде жетінші орын алатынын атап өтіп, дүниежүзілік азық-түлік тапшылығымен күресте еліміз өзінің ауыл шаруашылығы әлеуетін пайдалануға ниетті екенін мәлімдеді.

– Біз  ауған халқына гуманитарлық көмек ретінде бидай ұнын жеткізу үшін Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасымен, сондай-ақ БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейміз. Осы ретте дамушы елдерді азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымымен де ынтымақтаса жұмыс істеуге шақырамын, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев: Әлемнің тұщы су тапшылығына душар болу қаупі зор

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сөзінің соңында саммитке қатысушылардың барлығын «жасыл жобаларды» жүзеге асыруға белсене атсалысуға, сондай-ақ ESG-инвестициялар мен орнықты даму  мақсаттарына қол жеткізу үшін күш біріктіруге шақырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев: Әлемнің тұщы су тапшылығына душар болу қаупі зор

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға