Жаңалықтар

Қастеев атындағы өнер музейіне 90 жыл: қандай іс-шаралар өтеді

Қастеев атындағы өнер музейіне 90 жыл: қандай іс-шаралар өтеді
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі 21.01.2025 18:08 190

2025 жылы Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейі өзінің 90 жылдық мерейтойын атап өтеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, музейде 26 мыңнан астам өнер туындысы бар. Онда қазақ халқының өнері мен рухани мұрасын қамтылған. Туындылар қатарында кескіндеме, графика, мүсін, сәндік-қолданбалы өнер жауһарлары ұсынылған. Олардың ішінде Қазақстан өнерінің алтын қорына енген түпнұсқа жауһарлар бар.

Қазақстанның сәндік-қолданбалы өнері – ежелгі дәуірден келе жатқан және біздің заманымызға дейін сақталған руханият пен дәстүрдің ұлттық бастауы саналатын маңызды бөлімді ұсынады.

90 жылдыққа орай музейдің бай тарихы мен көпқырлы қызметін айшықтайтын кең ауқымды бағдарлама әзірленді.

Айтулы оқиғалардың бірі – «Қазақстанның заманауи өнері» атты жаңа залдың ашылуы. Бұл экспозиция еліміздің жетекші суретшілерінің шығармаларын қамтиды.

Сондай-ақ музей тарихы мен өркендеуіне арналған ретроспективті фотокөрме өткізу жоспарлануда. Көрмеде бірегей мұрағаттық құжаттар көшірмесі, фотосуреттер ұсынылады. 1935 жылдан басталған ғылыми, қор сақтау, көрме ұйымдастыру және экскурсиялық қызметтерге ерекше назар аударылады. Сонымен қатар, осы күнге дейін өткізіліп келе жатқан көптеген көрме жобалары мен ауқымды іс-шаралардың фотосуреттері көрсетіледі. Бұл көрме музейдің бүгінге дейінгі тарихы пен өркендеу жолына арналған.

Тағы бір көрме Қазақстанның бейнелеу өнері тарихында есімдері қалған суретшілердің мерейтойларына арналады.

Бұдан бөлек, «Қазақстанның заманауи сәндік-қолданбалы өнері» атты екі томдық каталог шығару жоспарлап отыр. Каталогта металдан, тастан, ағаштан, былғарыдан жасалған бұйымдар, зергерлік бұйымдар, керамика, фарфор, шыны, гобелендер, киізден, жүннен және шиден жасалған сәндік панельдер бар. Туындылар 1938-2020 жылдар аралығын қамтиды.

Ал «Жанданған жауһарлар» көрмесінде 100-ге жуық реставрацияланған туынды ұсынылады. Кескіндеме, графика, мүсін және қолөнер, тоқу, зергерлік, киізден жасалған бұйымдар және т.б. реставрация жұмыстары сипатталған төлқұжаттарымен, «дейін» және «кейін» фотосуреттерімен бірге жүреді. Көрмеге көптеген жұмыстарға экспозициялық көрініс беріп, көп күш жұмсаған, елеулі еңбек сіңірген аға буын реставраторлары шақырылады.

Мерейтойлық жылда Қазақстан мен әлем арасындағы мәдени диалогты нығайтуға бағытталған бірқатар ірі халықаралық жобалар жүзеге асырылады.

Жылдың маңызды жобаларының бірі – Мемлекеттік Третьяков галереясында өтетін музей қорындағы Әбілхан Қастеев жұмыстарының көшпелі көрмесі. Онда шебердің 50 графика және акварель жұмыстары ұсынылады. Ретроспективалық көрмеде ресейлік көрермен суретшінің шығармашылық дамуының барлық кезеңдерін тамашалай алады.

Орал Таңсықбаевтың 120 жылдығына арналған Өзбекстан мәдениет және өнерді дамыту Қоры ұйымдастырған халықаралық жоба Қазақстан мен Өзбекстанның жетекші музейлерінің коллекцияларын біріктіреді.

Қытай Ұлттық музейінің халықаралық көрмесінде қытайлық ерекше кескіндеме, мүсін, гравюра, композициялық материал, акварель, гуашь және лак кескіндемесі секілді 50-ден астам туынды ұсынылады.

Маңызды ғылыми оқиға – жыл сайынғы «Қастеев оқулары» ғылыми-практикалық конференциясы. Дәстүрлі іс-шарада музей ісін зерттеушілер мен өнертанушылар бас қосады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға