Қасқырға қой бақтырғанмен бірдей. Нартай Аралбайұлы жезөкшені ұстаз еткендерді сынады
Мәжілістің әлеуметтік-мәдени даму комитетінде «Artsport» бағдарламасын талқылау кезінде депутат Нартай Аралбайұлы үйірмелерде жезөкшелердің сабақ бергені туралы айтты, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.
Осындай жобалардың кемшіліктерін айтып жатырмыз ғой. Қазақта бір сөз бар ғой. “Елдің Ыбырайы Ыбырай, біздің Ыбырай - сұмырай” дейді. Неге біздің мемлекеттік органдар бір жоба істесе, соның кемшілігін, салдарын көріп, күресуге тура келеді. Неге осылар әу бастан жұмыс істемейді деген ең маңызды сауал туады. Неге? Өйткені, деректер келтіріліп жатыр. Қасқырға қой бақтырғанмен бірдей ғой, - дейді мәжілісмен.
Ол Artsport балаларға, жасөспірімдерге жәрдемдесуге, соларды үйірмемен қамтуға жұмыс істеуі керек дейді. Бірақ 6 өңірде бұрын жыныстық қылмыста, жезөкшелік притондарды ұйымдастырғаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған адамдардың балаларды оқытуының 20 фактісі тіркелген.
Бұл қалай сонда? Бұрынғы жезөкшеге, притон ұйымдастырған адамға біз қалай балаларымызды сеніп тапсырып отырмыз? Мысалы, осы жерде құзырлы органдар қайда қараған? Сол балалармен арнайы психологтар жұмыс істеді ма? Өйткені, ол балаға ертең қалай түсіндіреміз? “Ботам, саған осыны үйреткен адам бұрын жезөкше, қылмыскер болған екен деп қалай айтады? , - деп сұрады депутат.
Сондай-ақ Бас прокуратура өкілінен 6 өңірдің нақты қай өңірлер екенін атап көрсетуді сұрады. Бұл жасыратын дүние емес дейді депутат.
Ұстаздар мен жаттықтырушылардың жұмыс өтілін көретін, олардың бұрын қандай қылмыстық жауапкершілікке тартылғанын көретін арнайы база бар ма? Осы сұмдықтарды көргеннен кейін балаларымызды бермес бұрын бәрін білгіміз келеді, - деді мәжілісмен.
Министрлік не әкімдіктен қандай шенділердің жауапқа тартылғанын сұрады.
Бас прокуратура өкілі, аға прокурор Дулат Әшірбек депутаттың сұрағына мардымды жауап бере алмады.
Жалпы тексеріс нәтижесімен республика көлемінде 38 қадағалау актісі енгізілді. Оның шеңберінде 43 лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылды. Одан бөлек, жыл басында Үкіметтің атына заң бұзушылықтарды жою туралы ұсыным енгізген едік. Қазір алдын-ала жауап берілді. Бірақ қандай лауазымды тұлғаның жазаланғаны туралы ақпарат жоқ. Заң бұзу бойынша министрдің орынбасары мен комитет төрағасы қызметінен кетті. Жалпы сіз атап өткен заңбұзушылықтардың барлығы қаралу сатысында, - деді Дулат Әшірбеков.
Оның айтуынша, қылмыс болған 6 өңірге Алматы, Шымкент, БҚО, ШҚО, Қарағанды мен Маңғыстау облыстары жатады.