Жаңалықтар

Қасіретті қаңтарда арандап қалғандар көп болды – Қасымхан Төлендиев

Қасіретті қаңтарда арандап қалғандар көп болды – Қасымхан Төлендиев
Фото: El.kz 06.01.2023 17:17 4620

Иә, 2022 жыл егемен еліміз үшін оңай болмады. Әділ талап қойып, наразылыққа  шыққандардың соңы үлкен қауіп-қатерге алып келді. Тіпті адам өлімімен аяқталды. Қаншама жазықсыз жан жапа шекті. Әсіресе, кәмелетке толмаған өрімдей жастар тар қапасқа қамалды. Бұған төзбеген аналар баласы үшін шыр-пыр болып, белсенділерден, қоғамдық ұйымдардан көмек сұрады.

Біз сол кездегі оқиғаның мән-жайын және шарасыздан көмек сұраған қарапайым халыққа қандай көмек берілгенін «Жаңару жалпыұлттық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қозғалысы» РҚБ Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Қасымхан Төлендиевтен сұрап білдік.

Қасіретті қаңтарда арандап қалғандар көп болды – Қасымхан Төлендиев

Айта кетейік, қайғылы күндерде Жамбыл облысы да көп зардап шеккен қаланың бірі болды.

Қасымхан Естемесұлы 2022 жылғы қаңтар айының басында егемен еліміз бұрын-соңды болмаған қауіп-қатермен бетпе-бет келіп, әділ талап қойып наразылыққа шыққан отандастарымыздың бейбіт шеруін, өкінішке орай, арандатушылар мен содырлар, криминал мен тонаушылар, бұзақылар өз мақсаттарына пайдаланып кеткенін күрсініспен еске алды.  

«Ойламаған жерден еліміз апай- топай болып дүр сілкінді. Астыртын алдын-ала дайындалған арампиғылды топтар Алматы, Талдықорған, Тараз, Шымкент және Қызылорда қалаларында тұрғындарды, әсіресе жастарды жаппай тәртіпсіздікке шақырып, жергілікті әкімдіктерді, партия, құқық қорғау органдарының ғимараттарын, автокөліктерін талқандап өртеп жіберді...Қару қоймаларын тонап көптеген қару-жарақ, оқ дәрілер қолды болды, адам өлімі орын алды. Халық құдайдай сеніп келген қауіпсіздік, қорғаныс және ішкі істер органдары жеке басшыларының әрекетсіздікке, кейбіреуінің тіпті опасыздыққа барғанын естіп жатырмыз, бұл масқара әрине. Тәуелсіздігіміздің тағдыры қыл үстінде тұрған сәтте Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың шұғыл, батыл, кемеңгерлік шешімінің арқасында жаудың беті қайтып, ел есін жия бастады. Ел басына түскен сын сағатта Президент халқымен бірге болды. Тәуелсіздік бәрінен қымбат десек, ел қауіпсіздігі бірінші орында болу керек», - дейді Қасымхан Естемесұлы.

Қоғам белсендісінің айтуынша, теледидардан ашық түрде өлтірілген, қатыгездікпен ұрылған, полицейлер мен әскерилер мазақ еткен барлық тәртіпсіздіктерді көру оңайға соқпағанын айтты.

«Алматыда үш күн бойы тонаушылар, қарақшылар қатыгездікке ұшырады, олар өз жолындағы барлық нәрсені жойып, жойып, өртеп жіберді. Полиция департаменттеріне, қару-жарақ дүкендері мен қоймаларына, әскери мекемелерге, бизнес нысандарына, ауруханаларға, емханалар мен дәріханаларға, өрт сөндіру қызметінің, жедел жәрдемнің машиналарын басып алғанға дейін шабуыл жасады», - деді қоғам белсендісі.

2022 жылдың ақпан айында облыс әкімінің бастамасымен Тараз қаласында «Қоғамдық қабылдау кеңсесі» құрылды. Кеңсе құрамында облыстық мәслихаттың депутаттары, қоғамдық кеңестердің мүшелері, белгілі кәсіпкерлер мен қоғам белсенділері, блогерлер, жастар мен зиялы қауым өкілдері бар. Қасіретті қаңтар оқиағасынан зардап шеккендер осы қоғамдық қабылдау кеңесіне жүгінген.

«Қоғамдық қабылдау» кеңсесінің төрағасы Қасымхан Төлендиевтің айтуынша мұның мақсаты – халықтың үнін, тілегін тыңдау, сын-ескертпелерін жергілікті билікке жеткізу, орындалуын қоғамдық бақылауға алу екенін тілге тиек етті.

Кеңсе құрылған сәтен бастап, ақпан-наурыз айларында қоғамдық қабылдауда қаңтар айындағы оқиғада ұсталған және қайтыс болған азаматтарға қатысты 130-дан астам проблемалық мәселе қаралған.

«Соның негізінде Тараз қаласы маңындағы 12 елдімекен тұрғындарымен кездесу ұйымдастырылды. Қоғам белсенділері прокуратура органдары басқаратын ведомствоаралық тергеу комиссиясымен тығыз байланыс орнатып, ұсталған азаматтардың ата-аналарымен туыстарына түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде қамауда отырған 13 адамның бұлтартпау шарасы бойынша үй қамаққа ауысуы бойынша қоғамдық қабылдау кеңсесінің мүшелері кепілгерлікті өз мойындарына алды. Жұмыс барысында қабылдауда болған кейбір тұрғындардың отбасылық ауыр жағдайын ескере отырып, жергілікті атқарушы органдар мен кәсіпкерлер тарапынан метариалдық көмек көрсетілді», - дейді «Қоғамдық қабылдау» кеңсесінің төрағасы Қасымхан Төлендиев.

Қанды қаңтар кезінде қоғамдық қабылдауға көбінде тергеу изоляторында отырған күдіктілердің ата-аналары, жақын туыстары келген.

«Қамауда отырған 69 адамның арасында кәмелетке толмаған 7 жасөспірім болды. Олар «Қаңтар оқиғасына» бейбіт шеруге қатысып, кейін арандатушыларға еріп, әкімдікке, полиция департаментінің, бөлімдерінің ғимараттарын талқандауға, өртеуге, полиция көліктерін өртеуге, банкке, кәсіпкерлердің орындарына зиянын, зақым келтіргендері үшін, қару-жарақты заңсыз иемдену, тонау деректері бойынша ұсталғандар. Ата-аналарының айтуынша, олардың балалары қызық көріп өртенген жерлерді, ғимараттарды телефонға түсіргені үшін ұсталған», - деді «Қоғамдық қабылдау» кеңсесінің төрағасы.

Алайда сол күні қоғамдық қабылдауға келген 19 баланың ата-аналары біраз шағымданып, балаларын қорқытып, күштеп қол қойдырғанын айтқан екен.

Қасіретті қаңтарда арандап қалғандар көп болды – Қасымхан Төлендиев

«Мемлекеттен бөлінген адвокаттар істеріне бейжай қарап жұмыстарын сылбыр, жауапсыз атқарады. Сондықтан қанша қиналып жүрсек те, ақылы (200-350 мыңға) қорғаушыларды жалдадық. Олардың да кейбіреуі келісімшарттың көшірмесін бермей, жауапсыздық танытуда» деп қынжылды. Қабылдауға келген ата-аналардың көбісі ауыр материалдық-тұрмыстық жағдайда екендерін жеткізіп, қоғамнан көмек сұрады. Тіпті, балаларына тамақ апаруға, көлік жалдауға шамаларының жоқтығын жеткізді. Көбісі көпбалалы, жалғызбасты, отбасында мүмкіндігі шектеулі, ауру жандар болды. Осы жағдайды зерделеп, қоғамдық қабылдау жүргізген Нұрлан Қанатовтың ұсынысын қолдап, топ мүшесі, белгілі меценат Меруерт Лештаева көмекке мұқтаж жандарға тікелей ақшалай көмек көрсете бастады», - деді Қасымхан Естемесұлы.

Сондай-ақ, «Қаңтар-Тараз» қоғамдық комиссиясының жетекшісі, қоғам белсендісі Нұрлан Қанатов, адам құқығын қорғаушы Әсия Қалиева «Қасіретті қаңтар» оқиғасы бойынша сотқа дейінгі тергеуге алынып қамалған 41 азаматтың ата-анасына, туыстарына заңгерлік кеңес берген. Нәтижесінде жазбаша кемілдемелік жауапкершілік негізінде төрт кәмелетке толмаған изолятордан үйлеріне босатылды.

«14 ақпанда менімен бірге адам құқығын қорғаушы Әсия Қалиева , қоғам белсендісі Нұрлан Қанатов барып, тергеу изоляторында сотқа дейін қамауда отырған 6 жа жас күдіктімен кездесіп жағдайын білдік. Оқиғаға байланысты бәрі өкініп, білместіктен арандап қалғандарын айтты.   Жастар осыдан үлкен өмірлік сабақ алғанын айтып, қылмыстық баптарын жеңілдетуін сұрады. Олар отырған изоляторда ешқандай азаптау, ұрып-соғу болмаған екен. Яғни, бейбіт шеруге шыққанымен бүлікке қатысы жоқ, алданып, арандап қалған жастардың қатты жазаланып кетпеуіне жәрдемдестік», - деді ол.

Қоғам белсендісінің айтуынша, бұл оқиғадан соң әрбір қазақстандық бейбітшілік пен достық, қоғамдық келісім, өзара құрмет пен шынайы патриотизмді, жалпыадамзаттық құндылықтарды тәрбиелеу қаншалықты қымбат екенін түсінді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға