Жаңалықтар

«Қашанғы халықты әуреге сала береміз». Депутат халықтың ашу-ызасы көп екенін айтты

«Қашанғы халықты әуреге сала береміз». Депутат халықтың ашу-ызасы көп екенін айтты
Фото: ©El.kz/Арман Мухатов 19.06.2024 12:32 541

Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров елімізде азаматтардың Жоғарғы сотқа шағымы көп екенін айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мәжіліс депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сот жүйесін реформалау және процестік заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда талқылады. Талқылау барысында Ерлан Саиров сот жүйесіне қатысты сауалын қойды.

Бұл заң арқылы кассациялық қараудың алдында алдын ала қарау кезеңін алып тастау ұсынылып отыр. Дәл осы мәселе азаматтардың ашу-ызасын тудыратын. Өйткені Жоғарғы соттан әділеттілік таба алмаған азаматтар Мәжіліске, Президент әкімшілігіне келіп жүгінді. Қазір мұндай азаматтар өте көп. Осы заң қабылдағаннан кейін азаматтардың Жоғарғы сотқа шағымдары тоқтай ма, әлде жалғаса бере ме? Өйткені, шынын айту керек, жеке билік тармағы болса да бүгінгі таңда сот жүйесіне және ең негізгісі Жоғарғы соттың шешімдеріне халықтың ашу-ызасы өте көп. Себебі соттың шешімдері көп жағдайда халыққа түсініксіз болып отыр. Сондықтан біз әділеттілікті орнатымыз ба, әлде бұрынғыдай халықты әуреге сала береміз бе? - деді депутат Мәжіліс отырысында.

Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Үнзила Шапақ заң жобасында алдын ала қарау немесе іріктеу кезеңі алынып тасталғанын түсіндіріп берді.

Жалпы, бұл не үшін істеліп жатыр? Шын мәнінде біз неге азаматтардың наразылығына тап болдық деген сұрақ туындайды. 2016 жылы 5 сатылы сот төрелігінен 3 сатылы сот төрелігіне көшкен кезде кассация айтарлықтай қысқартылған болатын. Мемлекет басшысы атап өткендей, қазір жалпы істің 5 пайызы ғана кассациялық сатыға жетіп отыр. Осы тұрғыда халықтың, азаматтардың көтеріп отырған мәселесі осы, қолжетімділік жоқ. Сондықтан қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін азаматтарға толыққанды кассация сатысын ұсыну мәселесін көтеріп, жаппай кассацияға жіберуді ұсынып отырмыз. Әрі қарай жұмыс тобында мұны қолдап, талқылап жатырмыз. Дегенмен Жоғарғы соттың өкілдері статистикаға сүйене отырып, сіздің айтқан шағымның аз болатыны не болмайтыны туралы сұраққа толыққанды жауап береді деп ойлаймын, - деді Үнзила Шапақ.

Жоғарғы соттың Азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Нұрсерік Шәріпов сот жүйесінде кассация қажет екенін алға тартып, оның оң тұстарын айтып берді.

2016 жылы қабылданып, заңға енгізілген өзгерістер мен қолданыстағы заңдар кассациялық істердің келуін шектейді. Сондай-ақ судьялардың азаматтық істер бойынша мысалы, дара үштікпен қаралған облыстық соттың актілеріне баға беруі үнемі сынға ұшырауда. Оны біз мойындаймыз. 2016 жылғы реформа тиімсіз жерін көрсетті. Соны дұрыстау керек. Жалпы кассация өткен кезде барлық іс алқа және үштікпен, яғни ең кемінде 3 судьямен қаралады. Ешқандай алдын ала тыңдау жоқ, қылмыстық және азаматтық істерден оның бәрін алып тастаймыз. Қазір бізде әкімшілік істерде (бұл норма – ред.) қолданыста бар, - деді Шәріпов.

Ол депутаттың сауалындағы арыз-шағым мәселелеріне де тоқтала кетті.

Мысалы, мен басқарып отырған Жоғарғы соттың Азаматтық істер жөніндегі сот алқасында соңғы 3 жылдың ішінде біз жоқ дегенде 240-270 мың шешім шығарамыз. Бұл тек шешім, басқа істі қоспағанда. Оның арыздану пайызы - облыстық деңгейдегі апелляцияға 10-12 пайыз. Одан аспайды. Сол апелляциядан өткен істер шағымданған кезде бізде шектеу тұр. Сол шектеуді алып тастағанда, кассация толыққанды жұмыс істейді. Енді арыз-шағым мүлдем болмайды, күрт өзгереді деп айта алмаймын. Ондай уәде бере алмаймын, бірақ міндетті түрде төмендейді. Оған анализіміз бар, жоспарлап отырмыз. Естен шығармайтын жағдай, бұл соттың шешімі. Шешім шыққаннан кейін бір жақ ұтылады, бір жақ ұтады. Наразы жақтың өзінің ақиқаты бар. Өзінің шындығы бар. Ол оны дәлелдеп, арыз-шағымын әрі қарай түсіндіре береді. Бізге де, сізге де, әкімшілікке де жаза береді. Сондықтан арыз-шағым жойылады деген әңгімеден аулақпын. Бірақ жағдай күрт өзгеріп, дұрысталады, қолжетімділік сот төрелігіне шынайы деңгейде болады, - деді ол.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға