Қаржыландыру үш есе өссе де, сапа төмен: білім беру саласындағы проблемалар анықталды

Жоғары аудиторлық палата орта білім беру саласында жүргізілген мемлекеттік аудиттің нәтижелерін жариялады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Жүргізілген мемлекеттік аудит орта білім беруді дамыту бойынша қабылданып жатқан шаралардың тиімділігін төмендететін бірқатар проблемалық мәселе мен жүйелі кемшіліктерді анықтады. Жоғары аудиторлық палатаның мүшесі Нұрлан Нұржановтың айтуынша, олар стратегиялық жоспарлауға, білім беру сапасын бағалауға, педагогтерді даярлауға және оларды жұмысқа орналастыруға, оларды қайта даярлау сапасына, білім беру процесін әдіснамалық қамтамасыз етуге, сондай-ақ мемлекеттік реттеу мен бақылауға қатысты.
Белгілі болғандай, білім беру саласындағы стратегиялық жоспарлау мемлекеттік бағдарламалар мен тұжырымдамалардың жиі өзгеруімен сипатталады. Стратегиялық құжаттардың үнемі ауысып отыруы бұрынғы бастамалардың аяқсыз қалуына әкеп соғады. Осы себепті білім беру саясатында сабақтастық пен тұрақтылық жоқ.
Отырыс барысында Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов осы мәселеге баса назар аударды.
Оқу-ағарту министрлігі бірінші кезекте қабылданатын құжаттар реформалардың дәйектілігін қамтамасыз етуге тиіс екенін қадағалауы керек. Соңғы жылдары орта білім беруді қаржыландыру 3 еседен астам өскен. Мұндай жағдайда мемлекет қабылданып жатқан шаралардан үлкен нәтиже күтетіні анық, – деді Әлихан Смайылов.
Аудиторлық қорытындыға сәйкес, педагогтерді даярлауға арналған мемлекеттік тапсырысты қалыптастыруда Еңбек министрлігінің болжамдары мен білім беру жүйесінің нақты қажеттіліктері арасында айтарлықтай сәйкессіздіктер анықталды. Бұл – есептеу әдіснамасының кемшіліктері.
Біліктілікті арттыру бөлігінде педагогтерді курстардан кейінгі қолдау мәселесі әлі де проблема болып қалып отыр. Бұл жүйе мұғалімдерге жаңа білімді практикада қолдануға септігін тигізуі тиіс, бірақ іс жүзінде ол тек семинарлармен, жарияланымдармен ғана шектеледі.
Білім беру стандарттары саласындағы реформалар жүйелі жүргізілмейді. Оқу жоспарларындағы жиі өзгерістер шығарылып қойған оқулықтарды қайта қарауға және бюджеттің тиімсіз шығыстарына әкеледі. Соңғы 5 жылда оқулықтарды қайта қарау салдарынан экономикалық шығындар 16 млрд теңгеден асқан. Оқулықтардың сапасын сараптау мен бақылауда кемшіліктер анықталды. 5 жыл ішінде бағалау өлшемшарттары 12 рет өзгерген, бұл орнықты бағалау жүйесінің жоқекенін көрсетеді. Мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді бақылау ақпараттық жүйесі арқылы сараптама тәртібі іске асырылмаған, рәсімдер қағаз жүзінде жүргізіледі, - делінген Жоғары аудиторлық палата мәліметінде.
Жалпы мемлекеттік аудит барысында:
1,1 млрд теңге сомасына қаржылық бұзушылықтар;
62,4 млрд теңгеге қаражат пен ресурстарды тиімсіз жоспарлау;
3,2 млрд теңгені тиімсіз пайдалану анықталды.
