Қаржы пирамидасының басшысы зейнеткерлерді алдап 286 млн теңге алған
ҚМА Астана қаласы бойынша департаменті «Happy Life KZ» қаржы пирамидасының әрекетін тоқтатты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Агенттік дерегінше, күдікті 2016 жылдан 2024 жылға дейін биологиялық белсенді қоспаларды сатамын деген желеумен салымшыларды тартып, оларға әр жаңа қатысушы үшін 10%-дан 300%-ға дейін табыс уәде еткен.
Салым сомасы маркетингтік стратегияға байланысты 7 500-ден 2 миллион теңгеге дейін өзгеріп отырған. Тартылған қаражаттың жалпы сомасы 286 миллион теңгеден асқан. Нәтижесінде күдікті қаржылық пирамидаға 35 адамды тартқан, - делінген мәліметте.
Ал зардап шеккендердің барлығы – зейнеткерлер. Олар өз жинақтарының басқа салымшылар арасында ақша бөлу схемасының бір бөлігіне айналатынын сезбеген.
Қаржылық тергеу жүргізу барысында күдікті заңсыз жолмен алынған қаражатқа элиталық тұрғын үй кешенінен 36 миллион теңге тұратын пәтер сатып алғаны анықталды, - деп қосты ҚМА.
Соттың санкциясымен аталған пәтерге тыйым салынды.
Сот күдіктіге «ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлқы туралы қолхат» түріндегі бұлтартпау шарасын таңдады.
Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда.