Қарулы күштер Ұлттық спорт күнін атап өтті
Әскердегі спорт жеке құрамның жауынгерлік дайындығының ажырамас бөлігіне айналған. Наурыз мейрамы аясындағы Ұлттық спорт күнін әскери қызметшілер ұйымдасқан түрде атап өтті, деп хабарлайды EL.kz ақпарат агенттігі.
Қорғаны министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, Өскемен гарнизонындағы 27943 әскери бөлімінің әскери қызметшілері ұлттық спорттың ежелгі түрі – садақ атудан сайысқа түсті.
Әскери адамдар үшін қолға қару алып, нысана көздеу қиынға соқпасы анық. Ұлттық спорт күні өскемендік Отан қорғаушылары атыс қаруын садаққа алмастырып, бақ сынады.
Садақ ату – ежелден қанымызда бар өнер. Спорттың бұл түрі денсаулыққа өте пайдалы. Бірінші кезекте бұл адам бойындағы тиянақтылық, қырағылық, сабырлылық секілді қасиеттерді дамытады. Ал күнделікті бабында жүретін әскери қызметшілерге садақ ату сынағы қиындық туғыза қойған жоқ, – деді әскери бөлім командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары подполковник Азамат Жұмағазиев.
Жарыс нәтижесі бойынша жүлделі 1-орынды бөлімше командирі кіші сержант Сырым Советов иеленді. 2-орынды шабуылдау ротасының санитарлық нұсқаушысы сержант Салтанат Омарова иеленсе, 3-орын батальон командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары майор Бауыржан Купековке бұйырды.
Бұқаралық спорт жарыстары Әуе қорғанысы күштерінің 10216, 64207, 19132, 29990, 78460 әскери бөлімдерінде де ұйымдастырылды. Мерекелік бағдарламаға сәйкес әскерилер қазақша күрес, қол күресі, арқан тарту, тоғызқұмалақ, аударыспақ, асық ату, ләңгі тебу, гір тасын көтеруден күш сынасты.
Спорттың бес түрінен жарыс өткен 78460 әскери бөлімінде гір тасын көтеруден жеке есепте бірінші орынды мерзімді қызмет сарбазы Серік Мырзам иеленді. Ләңгі тебуден қатардағы жауынгер Нұралы Әбубәкіров үздік нәтиже көрсетті. Асық атуда сарбаз Айдар Нұртілеуге тең келер ешкім болған жоқ.
Алматы гарнизонында Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының базасында қазақша күрестен жарыс өтті. Боз кілемге Әуе қорғанысы күштерінің әскери бөлімдері мен әскери жоғары оқу орындарының ең мықты деген 60 балуаны шығып, төрт салмақ дәрежесінде өнер көрсетті.
«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының тау қорықшылары полкінің әскери қызметшілері оқу-жауынгерлік қызметі барысында тау өткелдерін еңсеру, күзет пен барлау, торуылдар мен шабуыл сынды іс-шараларды пысықтайды. Әскери жүктерді тасымалдауда, қиын жерде қозғалуда және басқа да оқу-жауынгерлік міндеттерді шешуде олардың сенімді серігі – жауынгерлік аттар.
Ұлттық спорт күні «Теріс Ащыбұлақ» полигоны ипподромға айналды.
Біз еліміздің Қарулы күштеріндегі бірден-бір тау қорықшысы бөлімшесіміз. Сондықтан ат спорты жарыстары жауынгерлік дайындық процесіне сәйкес келеді, – деп атап өтті 91678 әскери бөлімі командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасарының міндетін уақытша атқарушы аға лейтенант Бақдәулет Аманжол.
Ат құлағында ойнаған әскери қызметшілер көрерменді таң қалдыра білді. Оларды спортқа деген ынта-жігер мен жауынгерлік рух ерекшелеп тұрды.
Барша қазақстандықтарды Наурыз мерекесімен құттықтаймын. Бейбітшілік, бақыт, жақсылық тілеймін, – деді Қарағанды облысынан шақырылған мерзімді қызмет сарбазы Бексұлтан Дүрбетұлы. – Өз тарапымыздан бейбітшілік пен қауіпсіздік үшін әскери борышты адал орындауға уәде береміз.
Ақтау қаласындағы әскери-теңіз базасында әскери қызметшілердің балалары арасында ұлттық спорт ойындарынан жарыстар өтті.
– Біз балаларды ата-бабаларымыздың салт-дәстүрлерімен таныстыруға тырыстық. Ойындар мен жарыстар – балаларды спортқа баулудың, қазақ халқының рухани мұрасын құрметтеуге тәрбиелеудің тамаша тәсілі, – деді 29011 әскери бөлімі әскери қызметшілердің отбасы мүшелерімен жұмыс жөніндегі қызмет бастығы Жанар Сейтпеева.
Іс-шараға қатысушылар асық ату, ләңгі тебу, тоғызқұмалақ жарыстарында өз күштерін сынап қана қоймай, олардың тарихына қатысты сұрақтарға жауап берді. Жарыс қорытындысы бойынша барлық ойыншыларға дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталды.