Жаңалықтар

Қарулы күштер қатарында жүргендер не үшін әскери салаға келгенін жақсы біледі - аға офицер

Қарулы күштер қатарында жүргендер не үшін әскери салаға келгенін жақсы біледі -  аға офицер
Фото: жеке мұрағат 07.05.2024 13:00 997

7 мамыр - Қазақстан Республикасының Отан қорғаушылар күні. Бұл тәуелсіз еліміздің өзіндік қорғаныс қабілеті бар екенін білдіретін мереке. Осы ретте мереке аясында Қазақстан қарулы күштерінің құрлық әскерлері бас қолбасшысы басқармасы әкімшілігі бөлімінің аға офицері Ербол Әлімжанмен сұхбат құрдық. Кейіпкеріміз El.kz ақпарат агенттігіне әскери саладағы еңбегі, отбасы жайлы айтып берді.

Әскери салаға келуі туралы

Ербол Әлімжан Ақмола облысы, Айыртау ауданындағы Саумалкөл ауылында дүниеге келген. Кейіпкеріміздің әскери салаға келуіне алғаш ықпалын тигізген сынып жетекшісі екен.

Төртінші сыныпта оқып жүрген кезімде менің сынып жетекшім «сенен болашақта жақсы әскери қолбасшы шығады» деп айтатын еді. Алайда нақты осы саланы таңдауыма әкем тікелей әсер етті. Өзі де әскери қызметте жүрген соң 9-сыныпты оқып жүргенімде Щучинск қаласында орналасқан ҚР Қорғаныс министрлігінің Шоқан Уәлиханов атындағы кадет корпусына оқуға түс қолқалай берді. Сөйтіп, оқу орнынан бастапқы әскери білімді де, сержант атағын да алдым, - деді ол.

Аға офицер 2010 жылы оқуын бітірген соң, Аэроұтқыр әскерлерінің қатарында жұмыс істейді. 6 жыл бойы қызмет еткеннен кейін өзінің бағытын өзгертіп, бейтаныс қызмет бағытына, яғни құжаттама бөліміне ауысу туралы шешім қабылдайды.

Ербол қазіргі таңда Қарулы күштерінің әкімшілік бөлімінде жұмыс істейді.

Қарулы күштер қатарында жүргендер не үшін әскери салаға келгенін жақсы біледі -  аға офицер

Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

Кейіпкеріміз өзі таңдаған іс-қағаздармен жұмыс бағытының маңызы зор деп есептейді.

Егер жұмысымды адам ағзасымен салыстыратын болсам, ол жүрек-қан тамырлары жүйесінің қызметін атқарады дер едім. Себебі артылатын жүк те, жауапкершілік те осы қызметкерлердің мойнында. Қағаздармен жұмыс істеу барысында адамның миы белсенді қызмет етеді, - деп жауап берді аға офицер.

«Жастарға сенім артамын»

Ербол Әлімжан әрбір әскери қызметкер тәртіпке бағынуы, физикалық ауыртпашылықты көтере алуы, сөйлеу мәнерін қалыптастыруы, қару-жарақты дұрыс қолдануы, адал еңбек етуі және өз ісінің кәсіби маманы болуы тиіс деген ойда.

Кез келген адамның әрбір істі үйренуге деген мүмкіндігі шексіз деп есептеймін. Әрбір жан өзі қалаған жетістікке жете алады. Қазіргі таңда жастар жан-жақты. Олар ел, жер үшін аянбай еңбек етеді. Сондықтан да әскери қызметкерлер не үшін әскери салаға келгенін, кім үшін Отанын қорғап жүргенін біледі деп ойлаймын, - деді ол.

«Отбасым – басты байлығым»

Ербол Әлімжан әңгіме барысында отбасы жайлы да айта кетті.

Қарулы күштер қатарында жүргендер не үшін әскери салаға келгенін жақсы біледі -  аға офицер

Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

Отбасым – басты байлығым. Әкем, анам, әпкем, жарым және үш балам бар. Әкем Ішкі істер министрлігінің зейнеткері, анам мұғалім. Ата-анам кішкентай кезімнен маған көп көңіл бөлген. Мені жан-жақты қылып өсірді. Соның арқасында спортқа да бардым, шахматты, баянды, фортепианоны ойнауды үйрендім, - деді аға офицер.

Ол сан қырлы болып өскен адам қоғамда кез келген жанмен тіл табыса алады дейді.

Жұбайым екеуміз балаларымыздың жан-жақты болғанын қалаймыз. Адам жаңа дүниелерді көріп, үйренуі керек, - деді ол.

Ерболдың жары да әскери саланың маманы

Адам өміріндегі маңызды шешімдерінің бірі мамандық таңдау болса, екіншісі жар таңдау. Аға офицер аталған екі таңдауды да дұрыс жасағанына сенімді.

Жұбайымның есімі – Бақытгүл. Ол Қарулы күштердің құрлық әскерлері бас қолбасшысы басқармасы қару-жарақ бас басқармасының жауапты орындаушысы болып қызмет етеді. Екеуміздің отбасын құрғанымызға 12 жыл болды, - дейді Ербол Әлімжан.

Кейіпкеріміз Бақытгүлмен Алматы қаласында танысқан.

Бақытгүлмен әскерде бір бөлімде қызмет етіп жүрген кезде таныстық. Бір күні бірге көлге демалуға барған едік. Қайтып бара жатқанда бір жолаушыны жолай апарып тастадық. Ол бізге «үнемі бірге болыңдар» деп жылы лебізін білдірген болатын. Сөйтіп, екі апта өткеннен кейін жұбайым маған «жолаушының айтқан тілегі орындалғанын қалаймын» деді. Осылайша мен жарыма үйленуге ұсыныс жасадым, -  деп есіне алды кейіпкер.

Мерекені қалай өткізеді

Ербол Әлімжан Отан қорғаушылар күнін жыл сайын атап өтеді.

Әрбір мереке қызметкердің жетістігіне қуануға, оның еңбегін елеп, құрмет көрсетуге себеп болары сөзсіз. Мен пайдасыз маман иесі жоқ деп есептеймін. Бұл өмірде әр қызметкердің қоғамға тигізер пайдасы бар. Әсіресе олардың қатарында мемлекеттің қорғанысын, қауіпсіздігін қамтамасыз ететін мамандардың еңбегі зор. Сол себепті Отан қорғаушылар күнін атап өту барысында олардың еңбегін бағалау қажет. Сондай-ақ өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие беруді де ескеру қажет, - дейді аға офицер.

Кейіпкеріміз 7 мамыр күнін отбасымен бірге табиғат аясында өткізуді жоспарлап отыр.

«Әлемді жақсы жаққа қарай өзгерткім келеді»

Аға офицер әскери қызметін атқарып болғаннан кейін ҚР президент әкімшілігі құрылымында жұмыс істегісі келетінін айтып қалды.

Әрдайым үлкен дүниенің бір бөлшегі болуды армандайтынмын. Сондықтан ол мақсатыма жету үшін барынша тырысатын боламын. Сондай-ақ қолымнан келгенше адамдарға жәрдем беріп, әлемді жақсы жаққа қарай өзгерткім келеді. Бұл да менің ең маңызды мақсаттарымның бірі, - деді Ербол Әлімжан.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға