Қарқаралы ұлттық табиғи паркінің аумағындағы өрт сөндірілді

Қарқаралы ұлттық табиғи паркінің аумағында орын алған өрт 17:05-те оқшауланды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз қызметінің мәліметінше, өртті сөндіру жұмыстарына Экология және табиғи ресурстар министрлігінің 33 қызметкері мен 7 техникасы, оның ішінде «Қазавиорманқорғау» мекемесінің бір тікұшағы және 3 авиадесантты өрт сөндіру станциясы жұмылдырылды. Бұдан бөлек, Төтенше жағдайлар департаментінің 31 маманы мен 7 техникасы және жергілікті атқарушы органдардан 25 адам мен 5 техника тартылған.
Қосымша күш ретінде Қарағанды облысының ТЖД тарапынан 74 қызметкер мен 11 техника жіберілді. Сонымен қатар Семей, Өскемен және Қарағанды қалаларынан «Қазавиақұтқару» акционерлік қоғамының әуе кемелері жұмылдырылып, өрт сөндіру мақсатында екі тікұшақ 6 мәрте су шашу жұмыстарын жүргізді.
Қарқаралы қаласындағы Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің өрт сөндіру бекетінде штаб құрылып, үйлестіру жұмыстары атқарылуда. Өрт сөндіру жұмыстарына Қарқаралы ұлттық табиғи паркінің директор орынбасары Алмас Жұмашев жетекшілік етеді.
Қазіргі уақытта өртті толықтай сөндіру жұмыстары жалғасуда. Өртті толық жою мақсатында барлық қажетті шаралар қабылданып жатыр. Оқиға барысындағы өзгерістер туралы қосымша ақпарат беріліп отырады, - деп жазылған комитеттің хабарламасында.
