Қарағандылық құтқарушылар тобы Түркиядан оралды
Қарағандыда Түркиядан келген құтқарушылар тобы кездесті, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі. Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Жойқын жер сілкінісінің салдарын жоюға 15 қарағандылық – ТЖД және Апаттар медицинасы орталығының қызметкерлері қатысты. Апат аймағында олар 8 ақпаннан бастап жұмыс істеді.
Түркияның үш өңірінде іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізу басталғаннан бері Қазақстан ТЖМ құтқарушыларының күшімен жеті адам құтқарылды, 88 қаза тапқан адамның денесі, оның ішінде 10 баланың денесі үйінділер астынан шығарылды. Құтқарушылар қолмен, сондай-ақ инженерлік техниканы, авариялық-құтқару жабдықтарын, шанц аспаптарын тарта отырып, 250 мың текше метрден астам үйінділерді бөлшектеді.
Түркия тұрғындары қазақстандық құтқарушыларға көмегі мен кәсібилігі үшін бірнеше рет алғыс білдірді.