Жаңалықтар

Қарағандыда жүгіруге қатысқан жастар 150 қап қоқыс жинады

Қарағандыда жүгіруге қатысқан жастар 150 қап қоқыс жинады
Фото: Қарағанды облысы әкімдігі 20.04.2024 22:50 568

Қарағандыда плоггингке қатысқан 100-ден астам адам Федоров су қоймасының аумағын тазартты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қарағанды облыстық әкімдігінің мәліметінше, жастар жүгіруге қатыса отырып, 150 қап қоқыс жинады.

Бүгін плоггинг леп аталатын тамаша іс-шара өтті. Бір жағынан спортпен шұғылданамыз, ал екінші жағынан өз қаламызға пайда әкелеміз. Бұл өте керемет шара! Біздің тұрғындардан көшелерді таза ұстап, қоқыс тастамауға жауапкершілікпен қарап, табиғатқа ұқыптылық танытуды сұрағым келеді. Өйткені, қаламыздың таза болуы әрқайсымызға байланысты, – деп есептейді экологиялық еріктілер қозғалысының жетекшісі Рахат Райымбеков.

Экоакция «Таза Қазақстан» аясында өтті. Оған Қарағанды Жастар ресурстық орталығының еріктілері, Бейсенов атындағы ҚР ІІМ академиясының қызметкерлері мен курсанттары қатысты. Іс-шара қала әкімдігінің қолдауымен өтті. 

Мұндай экоакциялар алдағы уақытта әлі де жалғасады.

Сондай-ақ бүгін, 20 сәуірде, жастар, еріктілер мен қоғам қайраткерлері ойшыл Абай Құнанбаев ескерткішінің аумағын, ал ҚарУ студенттері Е. А. Бөкетов ескерткішінің аумағын тазалады. 

Қарағанды техникалық университетінің оқытушылары мен студенттері академик Әбілқас Сағыновқа, Қазыбек биге, Қаныш Сәтбаевқа орнатылған ескерткіштерді ретке келтірді.

Депутаттар мен қалалық мәслихат аппаратының өкілдері Жеңіс саябағында және Республика даңғылында тазалық шарасына қатысты.

Әлихан Бөкейхан ауданы прокуратурасының қызметкерлері белгілі кенші Түсіп Күзембаевтің ескерткіші аумағын тазалау және абаттандыру жұмыстарын жүргізді.

Қарағанды облысында «Таза Қазақстан» ауқымды экологиялық акциясы жалғасуда. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға