Жаңалықтар

Қарағандыда тіркелмеген қарумен аң аулаған азаматтар ұсталды

Қарағандыда тіркелмеген қарумен аң аулаған азаматтар ұсталды
Фото: © Polisia.kz 09.08.2023 13:31 1381

Қарағанды облысында тіркелмеген қарумен суыр аулаған азаматтар ұсталды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

7 тамыз күні таңертеңгілік уақытта Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданының тәртіп сақшылары жол талғамайтын автокөлікті тоқтатқан. Аталған көліктен заңсыз қарумен суыр аулаған үш азамат ұсталды. Көлікте оптикалық көрінісі бар Восток және Соболь мылтықтары, 5,6 калибрлі 32 оқ-дәрі, биноколь, жинамалы пышақ және бес суыр болды. Сонымен қатар көліктегі азаматтардың ешқайсысында аң аулауға болатын рұқсат қағаз жоқ.

Полицейлер ТОЗ-66 қаруының құжаттарын тексерді. Ал екінші жолаушы Соболь мылтығының құжаттарын үйінде көрсетті. Алайда көлікте болған 59 жастағы азаматта оптикалық көрінісі бар Восток мылтығының ешқандай құжаты болмаған. Айта кету керек, 59 жастағы азамат мал ұрлығымен айналысқаны және заңсыз қару сақтағаны үшін бес жылға бас бостандығынан шектеліп, пробациялық бақылауда жүргені анықталды.

Полиция қызметкерлері көлікті тексеру жұмыстары барысында аң аулаумен айналысқандардан бөлшектелген Ғ1 қол гранатасы, мылтық атуға арналған қолдан жасалған станок, мылтықтың қосалқы бөлшектері: тылдық дүмбі, триггер қапсырмалары, ысырма, соққы-триггер механизімінің бөліктері, 8 оқ ататын мылтық бөліктері, АК-74 бакалит магазині, мылтыққа арналған тапанша тұтқалары, 3 пышақ, 8 мм калибрлі Perfecta револьверінің барабаны, оптикалық бекіткіштер, мылтықтарға арналған қақпақтар, белдіктер, қор (қаңқа түрі) жасауға арналған үлгі, 12 мм калибрлі 20-гильза, тапанша дүкені, Perfecta тапаншасы (2017 жылы Ресей Федерациясында ұрланған), тіркелмеген МЦ-2112 тегіс ұңғылы қару тәркіленді.

Аталған дерекке байланысты ҚР ҚК-нің 287-бабы 3-тармағына (Қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру) cәйкес қылмыстық іс қозғалды. Сонымен қатар 59 жастағы азамат пробациялық бақылау ережесін бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылатын болады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға