Жаңалықтар

Қарағандыда қаза тапқан кеншілерге ескерткіш орнатылды

Қарағандыда қаза тапқан кеншілерге ескерткіш орнатылды
Фото: Қарағанды облысы әкімдігі 20.08.2024 21:38 515

Қарағандыда Костенко атындағы шахтаның аумағында қаза тапқан кеншілерге арнап орнатылған ескерткіштің ашылу салтанатты өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Кеншілердің туыстары мен әріптестері, билік өкілдері, Qarmet компаниясының басшылығы көз жұмған шахтерлерді еске алып, гүл шоқтарын қоюға жиналды.

Қарағандыда қаза тапқан кеншілерге ескерткіш орнатылды(Фото: Қарағанды облысы әкімдігі)

Костенко шахтасындағы қайғылы оқиға қарағандылықтардың ғана емес, барлық қазақстандықтардың жүрегінде терең із қалдырды. Бұл - орны толмас қайғы. Қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына шын жүректен көңіл айтқым келеді. Сол күндері Мемлекет басшысы жақындарынан айырылған отбасыларды қолдау үшін Қарағандыға жеке өзі келді. Біз әр отбасына қажетті қолдау мен көмек алуы үшін қолдан келгеннің бәрін жасадық. Мемлекет басшысы біздің облысқа соңғы сапары барысында кеншілер үшін еңбек қауіпсіздігі мен лайықты жұмыс жағдайларын қамтамасыз етуге баса назар аудару керектігін тағы да қайталады, – деді Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев. 

Әкімдіктің мәліметіне сүйенсек, мемориал авторы - қарағандылық мүсінші және суретші Игорь Баграмов.

Габбро қара граниттен жасалған ескерткіш белгісі кеншілердің кенжарға кетіп бара жатқанын білдіреді. 

Үш метрге жуық құрылымда 46 қаза тапқан кеншінің есімдері ойылып жазылған. Айналасы абаттандырылған, шатырлары бар орындықтар орнатылған, жарықтандыру бар. Периметрі бойынша 46 жас ағаш егілді.

Еске салсақ, өткен жылдың 28 қазанында 46 кеншінің өмірін қиған апат орын алған болатын.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға