Қарағандыда пәтер тонауды кәсіп еткен қылмыстық топ ұсталды
Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде Қарағанды қалалық полиция басқармасына қарасты Орталық полиция бөлімінің қызметкерлері "Арлан" арнайы мақсаттағы бөлімшесінің қызметкерлерімен бірлесіп, бірнеше пәтер ұрлығымен айналысқан ұрылар тобын ұстады, деп хабарлайды Polisia.kz-ке сілтеме жасап El.kz ақпарат агенттігі.
Арнайы операция барысында 23 пен 36 жас аралығындағы бес адам ұсталды. Тергеу мәліметтеріне сәйкес, күдіктілер өткен жылдың қараша-желтоқсан айларында пәтерлерге терезе торларын бұзып, пластикалық терезелерді күштеп ашу арқылы кіріп, бағалы заттар мен ақша ұрлаған.
Оқиғалардың бірі 11 қарашада болған. Полицияға қала тұрғыны белгісіз біреулер Жамбыл көшесіндегі үйіндегі пәтеріне кіріп, жатын бөлмедегі шкафтан 11 алтын бұйымды ұрлап кеткенін айтып арызданған. Келтірілген шығын көлемі - 1 500 000 теңге.
Осыған ұқсас қылмыс Қарағанды қаласының 60 жастағы тұрғынының Абай көшесіндегі пәтерінде де тіркелді. Қаскөйлер зергерлік бұйымдар мен 7 млн теңге көлеміндегі (5 000 АҚШ доллары және 3 млн теңге) ақшаны қолды қылған. Тергеу барысында күдіктілердің Қарағанды мен Теміртаудағы жеті пәтер ұрлығына қатысы бар екені дәлелденді. Келтірілген жалпы шығын шамамен 15 млн теңгені құраған.
Үш күдікті қамауға алынды. Полицейлер олардың осыған ұқсас басқа да қылмысқа қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр.