Жаңалықтар

Қарағандыда бір күнде 150 адам көктайғақтан зардап шекті

Қарағандыда бір күнде 150 адам көктайғақтан зардап шекті
Фото: ©El.kz/Арман МҰХАТОВ 05.12.2023 20:18 877

Қарағанды облысында көктайғақ салдарынан соңғы тәулікте зардап шеккендер саны екі есе артты. Қала травматологтары халықты көшеде абай болуға және қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі Кazinform тілшісіне сілтеме жасап. 

Дәрігерлердің айтуынша, өткен тәулікте дене жарақатымен келіп түскен науқастар саны артқан. 3 желтоқсанда 76 пациент өңірдің жарақат пунктіне жүгінсе, 4 желтоқсанда пациенттердің саны 2 есе артқан.

4 желтоқсан күні Қарағанды облысының медициналық ұйымдарына 150 адам жүгінді. Бұл ретте стационарлық емдеуге жатқызылған пациенттер санының артуы да байқалады. Бірақ мұнда жол-көлік оқиғасынан түрлі жарақаты бар пациенттер де, алкогольден уланған, тұрмыстық жарақаты бар пациенттер де болды. Сондай-ақ, көшеде жарақат алған, тайып кеткен немесе көктайғақта құлап жарақаттанған науқастар да көбейді, - дейді Қарағанды облысының травматология қызметі ахуал орталығының басшысы Ерік Шонбаев.

Дәрігерлер көктайғақ кезінде көшеде жүріп-тұрудың қарапайым ережелерін сақтау керектігін тағы бір рет еске салды.

Тұрғындарға арналған ұсынысымыз жылдан жылға өзгеріссіз қалады. Қыс түскелі абай болған жөн. Табаны тайғақ емес аяқ киім, жақсы протекторы бар тайғақ емес етік таңдау керек. Сондай-ақ аяғыңыздың астына, қайда бара жатқаныңызға қарап жүріңіздер. Себебі бұл өте маңызды. Жаяу жүргіншілерге келетін болсақ, арнайы өткелден өтіп бара жатқанда көліктің толық тоқтағанына көз жеткізген соң ғана жолдан өтіңіздер. Өйткені көктайғақ кезінде көліктегі тежеу жолы айтарлықтай артады. Және бұл 2 немесе 3 метр емес. Ол ондаған метрді құрайды. Орташа алғанда 60 км/сағ жылдамдықпен келе жатқан көліктің тежеу жолы көктайғақ кезінде 30 метрге дейін жетуі мүмкін. Ал құлаққап пен капюшон киген жаяу жүргіншілер жан-жағына қарамай, жолға жүгіріп шыққанда жүргізушілер көлігіне ие бола алмай қалады. Нәтижесінде өзі зардап шегеді және осылайша жүргізушіні де тығырыққа тірейді. Жүргізушілерден жолда мұқият болуды, жарыспауды өтінеміз, - деді Ерік Шонбаев.

Соңғы тәулікте облыста 48 жол апаты болды, онда 11 адам зардап шеккен. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға