Қарағандыда 6 баланы асырап алған отбасы туралы сұмдық дерек шықты

Қарағанды қаласында жетімдер үйінен алты баланы асырап алған отбасына қатысты деректер қоғамда үлкен резонанс тудырды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Тергеу деректеріне сәйкес, балалар ата-ана мейірімін емес, керісінше, жүйелі түрде қорлық пен зорлық көрген. Қазіргі уақытта отбасының үш мүшесіне ҚР Қылмыстық кодексінің «Азаптау» бабы бойынша ресми айып тағылып, сот процесі жүріп жатыр.
Прокурор ұсынған мәліметтер бұл істің шектен шыққан қатыгездікке толы екенін көрсетеді. Балалар үнемі аш жүрген, жүйелі түрде ұрып-соғуға ұшыраған. Тіпті бір баланың мүгедек болып қалғаны анықталған. Тағы бір ауыр дерек – оларды түнде иттің үйшігіне қамап, малдың қиын тамаққа араластырып бергені туралы ақпарат. Медициналық тексеру нәтижесінде балалардың денесінен көгерген, ұрылған іздер табылған. Ең кішкентайының басынан жарақат анықталғаны белгілі болды.
Қазіргі таңда балалардың үшеуі туған әжесінің қамқорлығына берілсе, қалған үшеуі қайтадан балалар үйіне жіберілді.
