Жаңалықтар

Қарағанды тұрғыны әкімге қарсы сотты жеңіп шықты

Қарағанды тұрғыны әкімге қарсы сотты жеңіп шықты
Фото: pixabay.com 03.09.2024 11:50 392

Қарағанды тұрғыны сотқа қала әкіміне қатысты әкімшілік талап қоюмен жүгініп, басқа азаматқа жеке тұрғын үй салу үшін жер учаскесіне жекеменшік құқығын беру туралы әкімдіктің қаулысын заңсыз деп тануды сұраған, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Талап қоюшының пікірінше, даулы жер учаскесі жер заңнамасын бұза отырып берілген. Бұл оның өтініші бойынша Жер ресурстарын басқару департаменті жүргізген тексеру барысында анықталған. Аталмыш жер учаскесінде оның инженерлік коммуникациялары орналасқан, сондай-ақ үйден көшеге шығатын жол жабылған, осылайша әкімнің қаулысы оның құқығы мен заңды мүддесін бұзған.

Сот жергілікті атқарушы орган даулы жер учаскесін берген кезде жер заңнамасының талаптарын бұзғанын анықтады. Осылайша, әкімдік қаулысымен Д.-ның жер учаскесі мемлекет меншігіне алынып, оның орнына 0,1 гектар аумақтағы жеке тұрғын үй салу үшін даулы жер учаскесіне жекеменшік құқығы берілген. Даулы жер учаскесі талап қоюшының жер учаскесінің алдында орналасқан, осылайша көшеге шығатын жолды жауып тұр. Сонымен қатар, осы учаскеде оның коммуникациялары бар. Бұдан бөлек, қаланың сәулет және қала құрылысы бөлімі талап қоюшыға жеке тұрғын үйдің жобалау және құрылысын жүргізуге арналған сәулет-жоспарлау тапсырмасын бекіткен, – делінген іс материалында.

Эскиздік жоба келісіліп, оған сәйкес талап қоюшының көлік жолы жоғарыда аталған көше арқылы қарастырылған. Осылайша, қаулы әкімшілік органның кейінгі әрекеттерімен келіспей, талап қоюшыны өзіне тиесілі жер учаскесі мен ғимаратқа кіретін жолдан айырып отыр.

Осы жағдайларды ескере отырып, сот Қарағанды қаласы әкімдігінің қаулысын заңсыз деп тану және оны жою туралы талап қоюшының талаптарын негізді деп тапты.

Сот шешімі заңды күшіне енді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға