Жаңалықтар

Қарағанды ​​облысында жылқышы үш күннен соң табылды

Қарағанды ​​облысында жылқышы үш күннен соң табылды
Фото: t.me/POLICE_of_KZ 18.02.2024 01:09 1559

Қарағанды ​​облысында қарда жүретін көлікпен жылқы іздеп кеткен жылқышы табылды, деп хабарлайды EL.kz ақпарат агенттігі.

ҚР ІІМ мәліметінше, 14 ақпанда үш бақташы жоғалған жылқыларды іздеу үшін мал шаруашылығынан шығып кеткен.

Олар қарда жүретін көліктермен шыққан. Сол күні түн батқанша екеуі жұмыс орнына қайтып келсе, ал үшіншісі келесі күннің түнінде де мекенжайына оралмаған. Осы уақытқа дейін оның жанармайы таусылып қалған не болмаса қарлы боранда кері жолды таба алмай қалуы мүмкін болды, - делінген мәліметте.

37 жастағы табыншыны әріптестері мен туыстары өздері іздеп, кейін полицияға хабар берген. Хабар алған сәттен Нұра аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері іздеу жұмыстарына қосылды. Ер адамның толық сипаттамасы бар бағыттама облыстағы барлық полиция бөлімдеріне және жақын маңдағы облыстарға жіберілді.

Кеше полицейлер ер адамды іздеуге Төтенше жағдайлар министрлігінің тікұшағын екі рет аттандырды, бірақ нәтиже болмады. Жаяу іздеулер де нәтиже бермеді. Ал, облыста ауа температурасы минут сайын төмендеп, қарлы боранмен қоса, даладағы аяз күшейе түсті, - делінген.

Ал бүгін жоғалып кеткеніне үш күн болған ауыл тұрғынының табылғандығы туралы учаскелік инспектор Бекзат Шокембаевтан ақпарат келіп түсті. Жоғалған азамат өз ауылынан 120 шақырымға, яғни Қарағанды ​​мен Ұлытау облыстарының шекарасындағы қыстақта болғаны анықталды.

Жағдайы қанағаттанарлық. Қазіргі уақытта оны үйіне жеткізу шаралары жүргізілуде.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға