Жаңалықтар

Қарағанды облысында «Айбын» халықаралық әскери-патриоттық жастар жиыны басталды

Қарағанды облысында «Айбын» халықаралық әскери-патриоттық жастар жиыны басталды
Фото: gov.kz 20.06.2023 02:31 1130

«Спасск» оқу орталығында биыл халықаралық мәртебеге ие болған тоғызыншы әскери-патриоттық жастар жиынының салтанатты ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Жас патриоттар жиыны қарсаңында өткен «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» тақырыбындағы Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев балалар мен жасөспірімдер ұйымдарының қызметіне серпін беру қажеттігі туралы айтты. Осы тұрғыда Қорғаныс министрлігі тұрақты түрде өткізіп тұратын халықаралық жастар жиыны бұл жұмыстың белгілі бір нәтижесін көрсетсе керек.

Салтанатты рәсім аясында «Бірлік ордасы» мобильді-көрме экспозициясының тұсаукесері, балалардың «Отан. Әскер. Жас сарбаз» сурет көрмесі, сондай-ақ «Айбын – достық мекені» аллеясына ағаш отырғызу шарасы өтті.

Жиынның ашылу салтанатына Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев, Парламент депутаттары Сергей Ершов, Болат Керімбек, Әлішер Сатвалдиев, Қорғаныс министрінің орынбасарлары генерал-лейтенант Сұлтан Қамалетдинов және генерал-лейтенант Мұхамеджан Таласов, Әзербайжан мен Өзбекстаннан келген шетелдік қонақтар, Қарулы күштердің ардагерлері, еліміздің әскери-патриоттық клубтары мен оқу орындарының тәрбиеленушілері қатысты.

Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-лейтенант Сұлтан Қамалетдинов маңызды іс-шараны аша отырып, жиынды өткізу идеясын қолдаған Әзербайжан мен Өзбекстандық әріптестеріне ризашылығын білдірді. Ол біздің халықтарымыздың арасындағы тарихи тығыз байланыс ғасырлар бойы қалыптасып келе жатқанын атап өтті.

– Біз көптеген тағдырлы сынақтардан бірге өтіп, ата-бабаларымыздың дәстүрлерін, құндылықтары мен мәдени-рухани мұраларын сақтай алдық. Бүгінгі жиын да тарихи достықтың қисынды жалғасы болып табылады, –деп атап өтті.

Өз кезегінде Әзербайжан мен Өзбекстан делегацияларының басшылары сөз сөйлеп, жас патриоттар жиынының маңыздылығына тоқталды.

«Айбын» әнұранының аясында жарыстың туын көтеру құрметіне Жетісу облысы «Жетісу тарландары» әскери-патриоттық клубының капитаны Байғабыл Мейіржан ие болды. Бұл команда «Айбын-2022» жиынның жеңімпазы атанған болатын.

Рәсімнің ресми бөлігі аяқталған соң қатысушылар мен қонақтар үшін «Торуыл» роталық тактикалық тобы бөлімшенің «заңсыз қарулы құрылымды» жоюдағы үйлесімді қимылын көрсетті. Майдандық авиация ұшқыштары жоғары пилотаж фигураларын орындады.

Іс-шара Қазақстан Қарулы күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығы өнерпаздарының күшімен дайындалған концертпен және жиынға қатысушылардың орындауындағы «Айбынды армия» әнімен аяқталды. Алда тартысты жарыстар мен қызықты мәдени-демалыс бағдарламасы бар.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға