Жаңалықтар

«Қар үстіне асфальт төсейді». Елімізде жол мәселесі қалай шешіліп жүр

«Қар үстіне асфальт төсейді». Елімізде жол мәселесі қалай шешіліп жүр
Фото: ашық дереккөзден 15.02.2023 13:00 1577

Қар еріп, көктем басталса еліміздің әр өңірінде  жол мәселесінің бітпес жыры басталады. Әр көктем сайын жергілікті тұрғындар билікке базынасын айтып, жол салып беруді өтініп, тіпті наразалыққа шықса да мәселенің тек оннан бір пайызы шешімін табады.

Өткен жылы «Қыстың қамын жазда ойла» дегенді керісінше істеп жүрген түркістандық жол жөндеушілер желтоқсан, қаңтар айларында қар мен судың үстіне жұп-жұқа асфальт төсеп, тұрғындардың наразылығын тудырған еді.

Тұрғындар  жол жөндеушілердің бұл әрекетін видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге жүктеп: «Түркістан облысы Ордабасы ауданы Шұбарсу елді мекенінде қардың үстіне асфальт төселіп жатыр. Қыстың күні судың үстіне төселген асфальттың да сапасына күмәнмен қарауға болады. Себебі, асфальт өте жұқа төселіп жатыр. Ол көктемде жүруге жараса болғаны», – деп пікір білдірді.  

Ең бір өкініштісі, жаз бойы жамап-жасқаған, ала-құла төселген асфальт жолдар көктемде еріген қар суымен бірге еріп кетіп жатады. Бұл дегеніңіз мемлекеттің қыруар қаржысы далаға кетті деген сөз.   

Мәселен осы айдың басында Түркістан облысындағы Бәйдібек, Ордабасы, Сауран ауданы мен Монтайтас ауылындағы аулалар мен көшелерді және облыстық маңызы бар 11 автомобиль жолының 23 учаскесінде су шайып кетті. Салдарынан жүргіншілер және автомобильдерге арналған жолдар жарамсыз болып қалды. 

Мұндай жол мәселесіне байланысты Тараз қаласының тұрғындары да өз шағымдарын жиі көтеріп жүр. Мәселен Тараз қаласының Кирпичный кентінде 27 жылдан бері жол салынбаған екен. Тұрғындардың айтуынша, кенттің бірде бір көшесінде әлі күнге дейін асфальт жоқ.

«Кирпичный кентіне көшіп келгеніме 27 жыл болды. Содан бері көшелерге жарық орнатылмады, асфальт төселмеді. Бұл мәселе бойынша әкімдікке бірнеше рет шағымдандық. Олар да жыл сайын құрғақ уәдесімен шығарып салады. Қашанға дейін бұлай жалғаса беретіні де белгісіз», - дейді тараздық тұрғындар.

Әлеуметтік желіде жол мәселесін сөзбен сынап та, әзіл аралас шыңдықпен батырып та айтып, жазып жүргендер бар. Жақында әлеуметтік желілердің бірінде Шымкент қаласы Қаратау ауданы Қайнарбұлақ ауылының мектеп оқушысы өңірдегі жол сапасын көрсетіп, тым болмаса мектепке дейін жол салып беруді өтініп видео жолдады. Бүгінгідей дамыған ХХІ ғасырда батпақ кешіп сабаққа бару баланың да жанына батады.

Мұндай жағдай шалғай жатқан ауылдарда ғана емес, елорда маңындағы елді мекендерде де кездеседі. Қаңтар айының басында Ақмола облысы Целиноград ауданы Приречное кеңтінің әкімі Мейірхат Жанділдин өңірде әлі күнге дейін жол мәселесі өзекті екенін айтқан болатын.

«Көп ауылдарда жол жоқ, қатынау өте қиын. Әсіресе, көктем, күз айларында батпақ болады. Дегенмен, біздің ауылда бұл мәселе жоқ. Жол көптеген ауылдық жерлер үшін үлкен мәселе болғаннан кейін айтпай кетпеуге болмайды», - деді ол. Бұл туралы пікірін «Ауыл» ХДПП орталық аппаратының ұйымдастыруымен өткен республикалық онлайн-конференцияда айтқан еді.

Тіпті, елорданың Алматы ауданында 74 көшеде асфальт төселмегені белгілі болды. Бұл туралы Алматы ауданының әкімі Мақсат Саматұлының өзі де айтты.

Әкімінің айтуынша, аудандағы 344 көшенің 270 көшесінде ғана асфальт бар. Қалған 74 көшеде асфальт жоқ, бірақ жол жүруге ыңғайлы етіп жасалған.

«Былтыр жалпы ұзындығы 15 шақырымды құрайтын 25 көшеге жөндеу жүргізілді. Оның ішінде инженерлік желілермен қоса алғанда 19 көшеге күрделі жөндеу жүргізілді», - деді Мақсат Саматұлы.

Өткен жылы елордада жалпы ұзындығы 58,2 шақырымды құрайтын 110 көшеге жөндеу жұмыстары жасалған. Оның ішіндегі 54-і орталық көшелерге және қаланың тұрғын алаптарындағы 56 көше жөнделді.  

Өткен жылы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі еліміздегі ең нашар және жақсы жолдары бар өңірлерді атаған болатын. Онда Маңғыстау, Жамбыл және Алматы облыстары жақсы, ал Батыс Қазақстан, Ақтөбе және Атырау облыстары сапасы жағынан көңіл көншітпейтінін айтқан еді.

Еліміздегі тас жолдардың жалпы ұзындығы 96 мың шақырымды құрайды. Оның 25 мың шақырымы республикалық маңызы бар жолдар, ал 71 мың шақырымы облыстық және аудандық маңызы бар жолдар. Бұл тізімнен бөлек ақылы жолдың да мәселесі бар.  Ол туралы бұған дейін де жазған болатынбыз.

2023 жылы 7,3 мың республикалық маңызы бар жолға жөндеу жұмыстарын жасау жоспарланған.    

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға