Жаңалықтар

Қақтығыс болып жатқан Израиль, Иран мен Ливанда қанша қазақстандық тұрып жатыр?

Қақтығыс болып жатқан Израиль, Иран мен Ливанда қанша қазақстандық тұрып жатыр?
Фото: Сыртқы істер министрлігі 02.10.2024 16:13 505

ҚР Сыртқы істер министрлігі Таяу Шығыста болып жатқан қақтығысқа қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

ҚР Сыртқы істер министрлігі Таяу Шығыс өңіріндегі шиеленістің күшеуіне байланысты терең алаңдаушылық білдіреді. Біз барлық қатысушы тараптарды сабырлылық танытып, бейбіт тұрғындардың қазасымен өңірде кең ауқымды соғысқа ұласуы ықтимал жағдайдың одан әрі нашарлауына жол бермеу үшін күш қолданудан бас тартуға шақырамыз. Осыған байланысты келіспеушілікті реттеуді БҰҰ-ның жарғысы және халықаралық құқық қағидаттары шеңберінде тек қана саяси-дипломатиялық жолмен жедел шаралар қабылдаудың маңыздылығын атап өтеміз. Қазақстан халықаралық қауымдастықтың ахуалды тұрақтандыруға, өңірлік қауіпсіздікті сақтауға арналған бастамаларды тұрақты қолдайтынын растайды, - деді СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров.

Ол шетелде Қазақстан Республикасы азаматтарының құқықтары мен мүдделерін қорғау Сыртқы істер министрлігі үшін негізгі басымдықта болатынын атап өтті.

Біз отандастарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлығын жасаймыз. Кез келген жағдайда барлық қолдауды жасаймыз. Өздеріңіз білетін соңғы бірнеше айда Таяу Шығыстағы жағдай айтарлықтай шиеленісті. Осыған байланысты Израиль, Иран және Ливандағы қазақстандық дипломаттар күшейтілген режимде жұмыс істеп келеді. Осы елдердегі қазақстандықтармен байланыс арналары құрылды. Олармен тұрақты байланыс сақталуда және елдегі жағдайдың өзгеруіне байланысты тұрақты ұсыныстар беріледі. Елшіліктеріміз әскери-саяси жағдайдың шиеленісуіне байланысты елден кету қажеттілігін бірнеше рет жариялаған болатын, - деді СІМ өкілі.

Сөзінше, бүгінде консулдық есепте тұрған азаматтардың тізімі тұрақты негізде өзектендіріліп жатыр. Осылайша, бүгінде Израильде консулдық есепте 120, Иранда – 102, Ливанда – 139 Қазақстан азаматы, оның ішінде дипломаттар мен олардың отбасы мүшелері бар. 

Көптеген азаматтардың консулдық есепте тұрмайтынына назар аударғымыз келеді. Осыған байланысты байланыс орнату және Қазақстан азаматтарының тізімін дайындау біраз уақытты алады. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Қазақстанның барлық азаматтарын бұл елдерде консулдық есепте тұруға шақырамыз. Сондай-ақ қазіргі уақытта Израильде, Иранда және Ливанда тұратын Қазақстан азаматтарының аса қажеттілігі болмаса, тұрып жатқан жерлерінен шықпауды, қауіпсіздік шараларын барынша күшейтуді, сақтық пен қырағылық танытуды, жаңалықтарды қадағалауды және биліктің ұсынымдарын орындауды, сондай-ақ Қазақстан СІМ мен аталған елдердегі елшіліктерімен байланыста болуын сұраймыз, - деді ол.

Қазақстан Сыртқы істер министрлігінде және Израиль, Ливан мен Ирандағы шетелдік мекемелерінде жедел желі ашылды. Бұл туралы ақпарат және байланыс нөмірлері Сыртқы істер министрлігінде және елшіліктердің ресми сайтында жарияланады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға