Жаңалықтар

Қапшағай жағалауына 20 мыңнан астам қарағай көшеті отырғызылды

Қапшағай жағалауына 20 мыңнан астам қарағай көшеті отырғызылды
Фото: Алматы облысының әкімдігі 23.03.2025 06:29 614

22 наурызда Қапшағай су қоймасының жағалауына 22 000 қарағай көшеті отырғызылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қазақстанда экожүйені қалпына келтіру және аумақтарды көгалдандыру жұмыстары белсенді түрде жүргізілуде. Осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі – 2025 жылғы 22 наурызда өткен ауқымды экологиялық акция. Жеке инвестициялар есебінен жүзеге асырылған жоба өңірдегі экологиялық жағдайды жақсартуға, табиғи тепе-теңдікті қалпына келтіруге, ауа сапасын арттыруға және биоалуантүрлілікті сақтауға бағытталған. Көшеттер алғашқы сорғы станциясы маңында отырғызылды, болашақта бұл аумақта нағыз қарағайлы орман пайда болады.

Іс-шараға 200-ге жуық ерікті қатысты, олардың қатарында бизнес өкілдері, қоғамдық ұйымдар және жергілікті тұрғындар бар. Барлығы ортақ мақсат – өңірдің табиғи қорғаны бола алатын жасанды орман алқабын құру үшін жұмылды.

Бұл бастама халықаралық климаттық күн тәртібіне және БҰҰ-ның Қоршаған орта жөніндегі бағдарламасына (UNEP) толық сәйкес келеді. Қарағайлы орманның қалыптасуы жасыл инфрақұрылымды дамытуға үлес қосып, азаматтық қоғам, бизнес және мемлекет арасындағы экологиялық мәселелерді шешудегі тиімді ынтымақтастықтың жарқын үлгісі болмақ.

Қапшағай қарағайлы орманы – бұл жай ғана орман емес, болашақ ұрпаққа қамқорлықтың белгісі және қоршаған ортаны жақсарту үшін бірлескен күш-жігердің айқын көрінісі.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға