Қапшағай су қоймасына 20 шақырым заңсыз торлар қойылған

Қапшағай су қоймасынан 20 шақырым заңсыз орнатылған торлар алынды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Еліміздің Балық шаруашылығы комитеті Балқаш-Алакөл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының үйлестіруімен Қапшағай су қоймасында «Таза су айдындары» табиғатты қорғау акциясын бастады.
АШМ мәліметінше, аталған акцияның мақсаты – су айдынын заңсыз орнатылған және қолдануға тыйым салынған балық аулау құралдарынан тазарту арқылы балық ресурстарының табиғи уылдырық шашуына және уылдырық шашу орындарына еркін көшуіне қолайлы жағдай жасау.
Акцияға табиғатты қорғау полициясының қызметкерлері, ТЖД, Алматы облысы әкімдігінің мамандары, сондай-ақ балық шаруашылығы субъектілерінің қызметкерлері мен «Алматы қайық шеберлері» тобының еріктілері – барлығы 115 адам қатысты. Іс-шараға 53 су көлігі мен 15 автокөлік тартылды, - делінген мәліметте
Нәтижесінде 20 шақырымнан астам заңсыз орнатылған балық аулау құралдары алынды.
Балқаш-Алакөл бассейніндегі су айдындарында «Таза су айдындары» табиғатты қорғау акциясы биылғы жылдың наурыз айынан маусым айына дейін жалғасады.
