Жаңалықтар

Қаныштанушы Медеу Сәрсеке өмірден озды

Қаныштанушы Медеу Сәрсеке өмірден озды
Фото: adebiportal.kz 20.03.2024 23:05 2386

Қазақ әдебиеті қара жамылды. Саналы ғұмырын Қаныш Сәтбаевты танытуға арнаған белді жазушы Медеу Сәрсеке өмірден өтті, деп хабарлайды EL.kz ақпарат агенттігі.

Бұл туралы сенатор Нұртөре Жүсіп мәлімдеді. Заңғар жазушы, «Құрмет» орденінің, «Еңбектегі ерлігі үшін» медалінің иесі Медеу Сәрсеке 88 жаста болатын. 

Қайран Медеу аға! Қалам ұстаған қолыңыз қаншама мүйізгектенсе де Қанышты, Ермұқанды, Евнейді қопара зерттеп, мың-мыңдаған дерек пен дәйекті ақыл сүзгісінен өткізіп, осынау ұлы тұлғаларға өлмес ескерткіш тұрғызған қажырлы еңбегіңізді қазақ қоғамы жөндеп бағалай да алмады-ау!..

«Көктегі күнге, жердегі халқыма мейірім қанбады», - деген Ақселеу ағаның мұң-зарына сіздей асылдың арман-аңсары да қою реңк бергендей!.. – деп жазды ол.

Ел арасында «Қанышты Қаныш қылған Медеу, Медеуді Медеу жасаған Қаныш» деген сөз бар. Себебі жазушы Қаныш Сәтпаевты тыңғылықты зерттеуге 60 жылын арнап, атақты ғалымды әлемнің 112 еліне танытқан.

Медеу Сәрсеке – «Ғажайып сәуле» (1959), «Көрінбестің көлеңкесі» (1960), «Жетінші толқын» (1964), «От және атом» (1965) сынды повестердің авторы. Өндіріс адамдары жайлы «Жеті жылдықтың жігіттері» очерктер кітабы (1961), «Қаз қайтқанда» (1968), «Айшықты мезет» (1969) деректі повестері жарияланды.

«Сәтбаев», «Ебіней Бөкетов» (2005) атты деректі ғұмырнамаларын (1980, 1989), «Шығыс хикаясы» пьесасын (1971), «Жаңғырық» (1979), «Көмбе» (1985) романдарын жазды.

Медеу Сәрсеке ШҚО-ға қарасты бұрынғы Абыралы ауданының Қайнар кентінде 1936 жылғы 2 қаңтарда туған.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға