Жаңалықтар

Қаныш Сәтбаев Марсты зерттеуді 80 жыл бұрын қолға алған

Қаныш Сәтбаев Марсты зерттеуді 80 жыл бұрын қолға алған
Фото: архив 20.03.2025 16:21 750

Атақты геолог-ғалым, академик Қаныш Сәтбаев соғыстан кейінгі жылдары Қазақстандағы астрономия мен астрофизиканың дамуына жағдай жасап, Алматыға қоныс аударған ғалымдарға Марсты зерттеуді ұсынған. Бұл туралы зерттеуші Санжар Керімбай Qalam жобасына берген сұхбат барысында айтты, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Зерттеушінің сөзінше, Қаныш Сәтбаев соғыс жылдары Қазақстанға келген астроном, астрофизик ғалымдар Гавриил Тихов пен Василий Фесенковқа ұсыныс айтып, ғылыммен айналысуға және тұрмысқа қажет дүниемен қамтамасыз етіп, осы жерде еңбек етуге көндірген екен. Тіпті Берлиндегі обсерваториядан контрибуция ретінде тәркіленген телескоптарды Мәскеу мен Ленинградта қалдырмай, Алматыға жеткізген.

Обсерваторияны 1945-1946 жылдары Алматыға орнатып қойды. Сөйтіп, екі ғалымға “Адамзаттың назары ерте ме, кеш пе, Марсқа ауады, сондықтан жағдайларыңды жасайын, сендер осы бастан Марсты зерттей беріңдер” деп айтқан. Сонда Қаныш Сәтбаев Жердің бетінде адам көбейеді, ресурс азаяды, ауыз су тапшы болады, адамдар қысылып, тыпыршып, тіршілігін жалғастыру үшін екінші планета іздеуге мәжбүр болады дегенді сол 1945 жылы есептеп отыр ғой, — дейді Санжар Керімбай.

Қаныш Сәтбаев Марсты зерттеуді 80 жыл бұрын қолға алған

Оның айтуынша, Қаныш Сәтбаев ғалымдарға қызыл ғаламшардың табиғатын зерттеп, шөлейтті болса, Жердегі шөлейтті аймақта өсімдік өсіруді, мұз болса, мұзды өңірлерді зерттеуді, яғни оттегін шығару жолдарын игеруді ұсынған екен.

Қаныш Сәтбаевтың осындай еңбегінің және Г.Тихов пен В.Фесенков секілді ғалымдардың арқасында Алматының астрофизика институтының күшейгені сонша, 1960 жылдары АҚШ-тағы NASA (Аэронавтика және ғарыш кеңістігін зерттеу жөніндегі ұлттық басқарма) қазақ ұйымымен санасатын болыпты.

Ғаламдағы бір жұлдызды көріп, оны дәл, нақпа-нақ бар деп сенімді пәтуа беретін болса, Алматының астрофизиктерімен ақылдасатын, солармен бірлесе шешім қабылдайтын жағдайға келді деп айтады. Сәтбаевтың өзін тікелей астрофизик болды деуге болмайды, бірақ белгілі бір дәрежеде хабары бар. Екі астрофизикті көргеннен кейін, соларға барлық жағдайын жасады, — деп зерттеуші ойын бөлісті.

Санжар Керімбай сырттан келген ғалымдардың соғыстан кейін туған еліне оралмай, Қазақстанда қалып, ғылыми жолын ары қарай жалғастыруына Қаныш Сәтбаевтың ғылымға деген махаббаты мен болмысы себепші болғанын атап өтті.

Екі ғалым “Алматыда не бар, соғыс бітті, Алматың — кішкентай қала, біз бұл жерде ғылыммен айналыса алмаймыз, үйімізге, ғалымдардың ортасына, Москвамыз бен Ленинградымызға қайтайық” деп кетіп қалса болады ғой. Бірақ оларды жібермейтін нәрсе — Қаныш Сәтбаевтың ғылымға деген махаббаты және ғалым көрсе, ботадай елжіреп тұратын болмысы. Мұны көргендер "кетемін" деп Қаныштың жүрегін жаралай алмады, — дейді ол.

Бұдан бөлек, әңгіме барысында Санжар Керімбай Қаныш Сәтбаевтың тағдыры, ғылым жолына қалай келгені, Алматыдағы Ғалымдар үйін салуды қолға алғаны, репрессиядан аман қалғаны, Алаш қайраткерлерімен және Дінмұхамед Қонавпен қарым-қатынасы секілді түрлі тақырыпта деректерін бөлісті.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға