Жаңалықтар

Қаңтар айында ауа райы қандай болады

Қаңтарда қарқынды Атлантикалық және Оңтүстік циклондардың әсерімен құбылмалы күн райы күтіледі
Қаңтар айында ауа райы қандай болады
Фото: takprosto.cc 31.12.2022 14:09 2814

«Қазгидромет» РМК қаңтар айына ауа райы болжамын ұсынды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қаңтардың бірінші онкүндігінде Қазақстанда қарқынды Атлантикалық және Оңтүстік циклондардың әсерімен құбылмалы күн райы күтіледі. Республиканың солтүстік жартысында мол қар жауып, бұрқасын болжанады. Оңтүстік бөлігінде – жауын-шашын (жаңбыр, жылбысқы қар), оңтүстік және шығыс аудандарда қатты жауын-шашын жаууы ықтимал. Республиканың оңтүстік-батыс жартысында тұман және көктайғақ күтіледі. Елдің басым бөлігінде желдің күші 15-20 м/с, екпіні 23-28 м/с құрайды.

Республиканың басым бөлігінде ауа температурасы түнде -15-25 градустан -3-12 градусқа дейін, күндіз -7-15 градустан 0-8 градусқа дейін; еліміздің оңтүстігінде және оңтүстік-шығысында түнде -5-15 грудастан +2° градусқа дейін, күндіз 0,-8 градустан +1+8 градусқа дейін ауытқиды.

Еліміздің батыс аудандарында ауа температурасы түнде -5+5° градустан -15-25 градусқа дейін, күндіз -3+8 градустан -10-20 градусқа дейін төмендейтіні күтіледі.

Бірінші онкүндіктің соңында Қазақстанның басым бөлігінде солтүстік-батыс антициклоннын әсерінен ауа температурасы түнде -20-30 градусқа, ал күндіз -10-18 градусқа дейін, республикамыздың оңтүстік-батыс, оңтүстік және оңтүстік-шығысында түнде -10-20 градусқа, күндіз -5-15 градусқа дейін төмендейді.

Консультативті болжамға сәйкес 2023 жылдың қаңтар айының екінші және үшінші онкүндігінде Қазақстанның басым аумағында күн райы жиі өзгереді: аяздың беті қайтып, қарлы боран, бұрқасын және екпінді жел күтіледі.

Оңтүстік циклондардың әсерінен қарқынды жылу толқындары байқалады, бұл кезде ауа температурасы еліміздің солтүстік жартысында күндіз -5+2 градусқа, оңтүстік жартысында және оңтүстік-батысында күндіз +2+12 градусқа дейін жоғарылайды.

Ал солтүстік-батыс антициклоннын енуіне байланысты карқынды суық толқындар болжанады, бұл кезде ауа температурасы республикамыздың солтүстік жартысында және орталығында түнде -25-35 градусқа, күндіз -15-25 градусқа дейін, оңтүстік жартысында және оңтүстік-батысында түнде -12-22 градусқа, күндіз -3-15 градусқа дейін төмендейді.

«Бір айға арналған болжам консультативтік ретінде пайдаланылуы керек. Ол кейіннен синоптикалық жағдайдың өзгеруіне қарай түзетіледі және онкүндік пен 2-3 күндік ауа райы болжамдарымен нақтыланады», - деді Қазгидрометтен.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға