Қазіргі таңда қант диабетін емдеуде бірқатар революциялық өзгерістер болғанымен, бұл ауру әлі де қоғам үшін қауіпті болып саналады. El.kz ақпараттық агенттігі қант диабеті туралы зерттеп, кімдердің тәуекел тобына кіретінін анықтауға тырысты.
1891 жылдың 14 қарашасында Канаданың Онтарио провинциясында Фредерик Бантинг дүниеге келді. Ол бірнеше жылдан кейін инсулинді ашып, адамзат тарихындағы маңызды жаңалықтардың біріне себепкер болады. Бантинг пен оның ассистенті Джон Маклеод бұл гормонның қасиеттерін зерттеп, әлемдегі ең кең таралған аурулардың бірі қант диабетіне қарсы күреске үлкен үлес қосты.
Қант диабетінің түрлері қандай?
Қант диабеті – организмде инсулин гормонының жеткіліксіз немесе дұрыс пайдаланылмауына байланысты пайда болатын созылмалы ауру. Инсулин – глюкоза молекулаларын жасушаларға тасымалдап, оларды қуатпен қамтамасыз ететін гормон.
Қант диабеті үш түрге бөлінеді:
- 1-типтегі диабет – ұйқы безі инсулинді жеткілікті мөлшерде өндірмейді. Сирек кездеседі. Көбінесе балалық немесе жасөспірімдік шақта пайда болады. Себебі белгісіз, алдын алу шаралары әзірше жоқ.
- 2-типтегі диабет – организм инсулинді тиімді пайдалана алмайды. Бұл қан құрамындағы қанттың көбеюіне әкеледі. Жас ұлғайған сайын біртіндеп дамиды. Ең кең таралған түрі. Себептері белгілі, алдын алу мүмкіндігі бар.
- Гестациялық қант диабеті – жүктілік кезінде қан құрамындағы қанттың көбеюі. Ана мен баланың кейіннен 2-типтегі диабетке шалдығу қаупін арттырады.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сенсек, 2005 жылдан 2020 жылға дейін елімізде қант диабетіне шалдыққандар саны 3,5 есе артқан. Қазіргі таңда елде 400 мыңдай адам бұл аурумен өмір сүруде. Олардың 90%-ы 2-типтегі диабетпен ауырады.
Қант диабетінің пайда болу себептері қандай?
2-типтегі диабет – көбінесе өмір салтына байланысты пайда болатын ауру. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) деректеріне сәйкес, 1980 жылдан 2014 жылға дейін әлемде диабетпен ауыратын адамдар саны 108 миллионнан 422 миллионға дейін өскен. Табыс деңгейі төмен және орташа елдерде бұл өсім тезірек байқалады.
Қауіпті арттыратын негізгі факторлар:
- артық салмақ немесе семіздік;
- физикалық белсенділіктің аздығы;
- жасы үлкен адамдар;
- бірінші дәрежелі туыстарда диабеттің болуы;
- бұрын гестациялық диабетпен ауырғандар;
- жүрек-қан тамырлары ауруларының болуы.
Тегін онлайн-тестілеу
2024 жылы Қазақстанда қант диабетінің тәуекелдерін тегін бағалайтын онлайн-сервис іске қосылды. Бұл тест odiabete.kz сайтында қолжетімді және бірнеше минут қана алады. Авторизация талап етілмейді.
Тест адамның жасы, бойы, салмағы, тамақтану және физикалық белсенділік деңгейін ескере отырып, 2-типтегі диабетке шалдығу тәуекелін бағалайды. Орташа тәуекел байқалғандар жыл сайын дәрігерге қаралуы керек. Ал жоғары тәуекел тобына кіретін адамдар дереу медициналық кеңес алуы қажет.
Бұл тест дәрігерге қаралудың орнын баспайды, сондай-ақ диагноз қою үшін пайдаланылмайды.
Алаңдататын белгілер қандай?
Диабет белгілері біртіндеп дамиды және адамдар көбінесе олардың пайда болғанын кеш байқайды. Бұл жағдай аурудың асқынуына әкелуі мүмкін.
Назар аударуға тұрарлық белгілер:
- қатты шөлдеу;
- жиі зәр шығару;
- көру қабілетінің нашарлауы;
- тез шаршау;
- себепсіз салмақ жоғалту.
Осы белгілердің кемінде біреуі байқалса, дереу дәрігерге көріну қажет.
Шекаралық жағдай
Қант диабетіне дейін жиі инсулинге төзімділік (инсулинорезистенттілік) дамиды. Бұл - жасушалар инсулинге сезімтал болмайтын жағдай. Мұндайда глюкоза қан құрамында қалып, ұйқы безі инсулинді одан да көп мөлшерде шығаруға мәжбүр болады.
Осы жағдайды анықтау үшін глюкозаға төзімділік тесті қолданылады.
Ескере кеткен жөн, физикалық белсенділіктің төмендігі әрі артық салмақ инсулинге төзімділікті тезірек дамытады. Уақытында өмір салтын өзгертпесеңіз, бұл жағдай 2-типтегі диабетке әкелуі мүмкін.
Диагностика әдістері
Қант диабеті арнайы қан талдаулары арқылы анықталады. Маңызды көрсеткіштер:
- глюкоза деңгейі;
- гликирленген гемоглобин деңгейі (HbA1c).
Талдау алдында 12–14 сағат бойы тамақ ішпеу қажет. Диагноз дәрігердің кешенді қабылдауынан кейін ғана қойылады. Қандағы қантты нақты анықтау үшін талдаулар кем дегенде екі рет жасалады.
Қазақстанда қант диабетін емдеу шаралары
Қант диабеті – Қазақстандағы әлеуметтік маңызы бар аурулардың тізіміне кіреді. Ол тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) шеңберінде емделеді. Бұл – еліміздегі әр азамат, медициналық сақтандыру мәртебесіне қарамастан, қажет медициналық қызмет пен дәрі-дәрмекпен тегін қамтамасыз етіледі деген сөз.
Көмек алу үшін тұрғылықты жердегі емханаға тіркеліп, диспансерлік есепке тұру қажет.
Диабетпен ауыратын ересектер келесі тегін препараттар мен құралдарды ала алады:
- қандағы глюкозаны анықтайтын тест-полоскалар;
- зәрдегі кетон денелерін анықтайтын тест-полоскалар;
- шприц-қаламға арналған инелер;
- бір реттік инсулин шприцтері;
- әртүрлі инсулин түрлері;
- дулаглутид, ликсисенатид және лираглутид (инъекция);
- канаглифлозин, эмпаглифлозин және дапаглифлозин (таблетка түрінде).
Инсулин жайлы мифтер
Көпшілік арасында диабетпен ауыратындардың барлығы инсулин егеді деген жансақ түсінік бар. Шын мәнінде, 1-типтегі диабеті бар адамдар ғана инсулинге толықтай тәуелді (олар жалпы санның шамамен 5%-ын құрайды).
Көп жағдайда диабетті өмір салтын өзгерту, дұрыс тамақтану және таблетка түріндегі дәрілер арқылы бақылауға болады.
Қант диабеті – соқырлықтың, бүйрек жеткіліксіздігінің, инфаркт, инсульт пен аяқ-қол ампутациясының негізгі себептерінің бірі. Ал мұның бәрін дер кезінде ем бастау арқылы алдын алуға болады.
Алдын алу шаралары
Қант диабетінің алдын алуда басты рөлді өмір салтын өзгерту атқарады. Аурудың дамуын болдырмау үшін:
- дене салмағын қалыпты деңгейде ұстау (Дененің масса индексі 18,5–25 аралығында);
- күніне кемінде 30 минут орташа физикалық белсенділікпен айналысу;
- темекіден бас тарту;
- қант пен қаныққан майларды тұтынуды азайту;
- күн сайын көкөніс жеу қажет.
