Қанипа Бітібаеваның 80 жылдығында 500-ге жуық педагог бас қосты

Еліміздің көрнекті педагогы Қанипа Бітібаеваның 80 жылдығына арналған халықаралық конференция өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Өскемен қаласында ҚР Оқу-ағарту министрлігі мен Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен «Қанипа Бітібаеваның педагогикалық мұрасы және қазақ тілі мен әдебиетінің өзекті мәселелері» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Ауқымды шараға 500-ге жуық ғалым, педагог, ұстаздың әріптестері мен шәкірттері қатысты. Конференцияда Қанипа Омарғалиқызының тәжірибесі мен еңбектерінің заманауи педагогикадағы маңыздылығы баяндалды.
Пленарлық отырыста сөз алған Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев конференцияның ұстаз еңбегіне көрсетілген зор құрметтің айқын белгісі екенін атап өтті.
Қанипа Омарғалиқызы – әдебиетті оқытудың ұлттық үлгісін қалыптастырған педагог. Оның еңбегін ұлықтау – өткенге тағзым ғана емес – келешекке жол салу. Бүгінгі ұстаз – болашақтың сәулетшісі. Сондықтан әр баланың жүрегіне үміт дәнін себу, рухани бай, ұлттық сана-сезімі жоғары тұлға тәрбиелеу – басты міндетіміз, - деді министр.
Қазіргі таңда Қанипа Бітібаева атындағы 17 ғылыми-әдістемелік зертхана еліміздің түкпір-түкпірінде жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар жыл сайын педагогикалық оқулар, оқушылар мен колледж студенттері арасында қазақ тілі мен әдебиетінен республикалық олимпиадалар өткізіліп келеді.
Конференция барысында Ғани Бейсембаев Қанипа Бітібаева ұзақ жылдар еңбек еткен Өскемендегі Жамбыл атындағы мектеп-интернатына жаңа модификациядағы оқу зертханасын жабдықтауға арналған сертификат табыстады.
Сондай-ақ Қ.Бітібаева атындағы зертхана жетекшілерінің жұмысына министрліктің алғысын жеткізді.
