Жаңалықтар

Қандай пәтер сатып алу қауіпті

Қандай пәтер сатып алу қауіпті
Фото: ©Pixabay.com 05.04.2024 08:23 2095

Пәтер қарағанда неге мән беру керек және қандай пәтерден мүлде бас тартқан жөн? Krisha.kz пәтер алатын кезде күмән тудыратын 7 белгіге көңіл аударуға кеңес береді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

1. Құжаттағы мәліметтің сәйкес болмауы

Тұрғын үй нарығында қате жазылған құжаттар кездеседі. Оны заңгер көмегінсіз анықтай аласыз.

Жылжымайтын мүліктің бүкіл құжаты мен иесінің жеке куәлігін мұқият оқып шығыңыз, үй иесінен тек түпнұсқасын сұраңыз, одан бөлек мүлікке қатысты тіркелген құқықтар (ауыртпалық) туралы анықтама талап етіңіз. Барлық деректі асықпай салыстыру керек.

Құжатта қате болса, нотариустың мәміле жасауға құқығы жоқ.
Еш жерінде түзету ізі болмауы да аса маңызды.

2. Салынып жатқан кешендегі пәтерлер

Мұндағы басты қауіп — қызметін адал атқармайтын компанияға тап болу. Нарықта рұқсатсыз ғимарат салып, пәтер сататындар көп. Іргетасы заңсыз қаланған үй сүрілуі не мүлде құрылысы тоқтап қалуы мүмкін. Ал үлескер далада қалады.

Егер құрылыс салушы үлестік қатысу келісімшартының орнына басқа (брондау шарты, алдын ала келісім) құжат рәсімдеуді ұсынса, бір шикілік шығуы ғажап емес. Компанияның құжаты дұрыс болмай, заңсыз нысан саудалауы мүмкін.

Жалғыз дұрыс нұсқа — үлестік қатысу келісімшарты арқылы пәтер алу.

Ақша салар алдында:
— компанияның үлескер тартуға құжаты бар ма, соны анықтап алыңыз. Қажет мәліметті тұрғын үй порталынан табасыз;
— сәулет органдарына хабарласып, кешен заңды салынып жатқанына көз жеткізіңіз;
— құрылыс салушының барлық құжатын тексеріңіз.

3. Сенімхат бойынша сату

Пәтерді иесі емес, оның өкілі сатқан жағдайда бірнеше тәуекелге бел буасыз. Сенімхат жалған, мерзімі өткен не күші жойылған (үй иесі оның күшін кез келген уақытта жоя алады) болуы мүмкін. Онда пәтерден айырылып қалу қаупі жоғары.
Мәміле жасағанда үй иесі өзі келуін талап етіңіз. Ол мүмкін болмаса, үй иесіне хабарласып, сенімхаттың расымен заңды күші бар екенін және мәміле жасауға келісетінін растайтын видео жазып алыңыз. Тәжірибелі заңгер көмегіне жүгініп, құжаттарын тексертіп алған да артық етпейді.

4. Жоспары өзгерген пәтер

Пәтерді қараған кезде техпаспорттағы жоспарына ерекше мән беріңіз. Қандай да бір айырмашылық (есігі басқа жерде, балконы біріккен, арақабырғаны алып тастаған) байқасаңыз, үй иесі оны заңсыз жасағаны анық.

Демек, пәтерді ипотекаға ала алмайсыз және кейін сата алмайсыз. Заңсыз жоспары ауысқан пәтер үшін жаңа иесі жауап беретінін ескерсек, айыппұлды да сіздің мойныңызға іліп қояды.

5. Техникалық қабаттағы пәтер

Мансарда не жертөледе орналасқан пәтер мүлде пәтер емес, техникалық орынжай (қойма, қызметтік бөлме) болып шықса таңғалмаңыз. Оны хабарландыру қарап отырғанда суретінен-ақ тануға мүмкіндік бар. Өйткені терезесі басқаша не мүлде жоқ болады, төбесінде біртүрлі жәшік не құбырлар тұрады.

Құжатта техникалық орынжай деп жазылса, мәміле жасаудан бас тартыңыз. Заң бойынша ол ортақ меншік саналады және үй тұрғындары кез келген уақытта сот арқылы тартып алуға құқылы.

6. Мұраға қалған пәтер

Сатушы пәтерді мұра ретінде алса да сақтық танытқан абзал. Сіз сатып алған соң есепке ілінбей қалған мұрагерлері пайда болуы мүмкін. Содан мүлікке тыйым салып, сот процесі басталады.

Не істеу керек? Біріншіден, нотариусқа барыңыз, ол e-notary бірыңғай базасы арқылы мұрагерлікке қатысты мәліметті тексереді.

Екіншіден, Сот кабинетіне кіріп, сатушының аты-жөнін теріңіз. Кабинеттен сотпен байланысты дау болды ма, ол немен аяқталды, бәрін көруге болады.

Үшіншіден, мүлік қашан мұрагердің қолына өткенін біліңіз. Мерзімі неғұрлым ұзақ болса, басқа мұрагер келеді деген қауіп те азая түседі.

7. Біртүрлі сатушы

Пәтер иесі қарт кісі болса, мәміле оның еркінен тыс жасалайын деп жатуы мүмкін.
Сол себепті Психикалық саулық орталығынан анықтама алуын сұраған дұрыс.
Жалпы үй иесінің оғаш қылығын (мысалы, мас болса) байқасаңыз, анықтама пайдаңызға жарайды.

Тағы қандай жағдайда күмәнданған дұрыс?

сатушы құжаттың түпнұсқасын беруден бас тартып, тек көшірмесін ұсынса;

ауыртпалықтар туралы онлайн-анықтама алғысы келмесе;

нотариуссыз мәміле жасауды талап етсе;

келісімшартқа пәтер бағасын өзі айтқаннан төмен етіп жазуды сұраса.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға