Жаңалықтар

Қандай мейіргерлер науқастарды қабылдап, диагноз қоя алады? Сарапшылар пікір білдірді

Қандай мейіргерлер науқастарды қабылдап, диагноз қоя алады? Сарапшылар пікір білдірді
Фото: pixabay.com 15.07.2024 18:10 718

Денсаулық сақтау министрлігі елімізде енді мейіргерлер науқасты өз бетінше қабылдап, диагноз қоя алатынын мәлімдеді. Бұл сәйкесінше дәрігерлердің жүктемесін азайтып, науқастардың уақытын үнемдеуге мүмкіндік береді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Атап өткен жөн, бұл жүйе тек «Мейіргер ісі» мамандығы бойынша жоғары білімі бар қызметкерлерге қатысты.

Бұрыңғы Денсаулық сақтау вице-министрі Ерік Байжүнісов жаңашылдықты денсаулық сақтау саласын дамытудағы оң үрдіс деп есептейді. Жоғары білімді мейіргерлер пациентке тек мейіргерлік диагноз ғана емес, сонымен қатар заманауи стандарттарға сәйкес барлық қажет құжаттаманы дұрыс толтыруға міндетті.

Сөзінше, бүгінде медицина саласында 300 мыңға жуық маман жұмыс істейді. Олардың басым көпшілігі – мейіргерлер. Қазіргі медицина саласында көрсетіліп жатқан қызметтің 60-70 пайызы мейіргерлердің қолында.

Медициналық қызметтің сапасы мен саны, қолжетімділігі, аурухана мен емханалардың ішіндегі барлық микроклиматты қалыптастыратын – мейіргерлер. Сондықтан олардың медициналық қауымдастықтағы рөлі орасан зор. Өкінішке қарай бізде мейіргер дәрігердің қол астында жұмыс істейтін көмекшісі ретінде ғана қарау түсінігі пайда болған. Сондықтан олардың деңгейі төмендеп кетті деп айтуға болады. Ол әрине дұрыс емес. Мейіргер – жеке маман. Мысалы, шет елдерде мейіргерлердің арасында ғылыми докторлар, профессорлар, тіпті дәрігерлерге білім беретін мамандар бар, - дейді сарапшы-маман.

Ерік Байжүнісов Қазақстан халықаралық жүйеге сай жұмыс істеу үшін бұл норманы 10 жылдан астам уақыт бұрын енгізгенін атап өтті.

10 жылдан астам уақыт бұрын еліміздегі жоғары оқу орындарында арнайы жоғары білімді мейіргерлерді дайындау курстары болды. Бүгінде 5200-ден астам мейіргер оқу бітіріп, жұмыс істеп жатыр. Олардың емханаларда қазір атқарып жатқан функциональды қызметтері басқаларға қарағанда көбірек. Қазірдің өзінде науқастардың еңбекке жарамсыздық қағазын беру, медициналық тексеруге жолдау қағаздарын мейіргерлер жүргізіп жатыр. Шалғай орналасқан ауылдарда дәрігер болмағандықтан мейіргерлер өз қызметін тиімді атқарып жатыр. Бірақ өкінішке қарай олардың жұмысы құқықтық тұрғыда қарағанда ешқандай құқыларды қорғайтын, ресмилендіретін ешқандай нормативтік бұйрықтар болмаған. Сондықтан олар өздерінің білгенінше жұмыс істеп келді. Олардың жұмысының тиімділігі, сапасы тексерілгеннен кейін бүгінгідей жүйе жасалды, - деді ол.

Сарапшының айтуынша, қазір қоғамды ызаландыратын проблема – дәрігерлердің қағазбастылығы. Бұл наразылықты шешудің бірден бір жолы – осы жүйеге көшу. 

Бұл жүйенің аясында медицина саласында жұмыс істеп жатқан 160 мың мейіргердің барлығына мұндай құқық берілмейді. Біріншіден, жоғары білімі бар мейіргерлерге, екіншіден қазіргі істеп жатқан мейіргерлердің арасында тәжірибесі мол, білімі жеткілікті, деңгейі жоғары мейіргерлер ғана осы жүйеге ауыса алады. Жүйеге ауысу үшін  мейіргерлер арнайы тестілеуден өтеді. Мейіргердің жалақысы көтеріледі, қызметтегі жауапкершілігі артады, әр науқасқа деген көзқарасы өзгереді. Сондықтан көп талқылай бермей, мейіргерлерді осы жұмысты жүргізуге құқық беру керек, - деді Ерік Байжүнісов.

Енді жеке қабылдау жүргізетін мейірбикелер бакалавриат білімімен қоса, жыл сайын мейіргер ісі саласында біліктілігін арттыру курстарынан өтеді. Бұл аурудың алдын алып, халықтың денсаулығын нығайтуға мүмкіндік береді.

Медицина саласының сарапшысы Әсел Жанабекқызы елімізде білікті де білімді мейіргерлердің көп екенін атап өтті.

Елімізде білікті де, білімді мейіргерлер бар. Олардың біліктілігін пайдалануымыз керек. Есесіне білімін молайтып, тәжірибесін де арттыратын болады. Біз қазір мейіргерлерге жұмыс істеуге мүмкіндік бермей отырмыз. Оларды қағазбасты етіп қойдық. Сондықтан бұлай жалғаса бермес үшін біліктілікті арттыру маңызды, - дейді маман.

Әсел Жанабекқызы мейіргердің біліктілігіне күдікпен қарайтындарға да тоқтала кетті.

Мейіргерлер дәрігерлік диагноз қоймайды. Олар мейіргерлік диагноз ғана қоя алады. Мейіргердің басты мақсаты – науқасқа күтім жасау. Мейіргерлер науқастың физикалық жай-күйіне, ахуалына баға беріп, күрделілігін ескере отырып дәрігерді шақыра алады. Ал науқастың жағдайы қалыпты болса дәрігерді артық мазалай бермейді. Себебі, дәрігердің қабылдауына жазылатын науқастардың көбісі аурудың алдын алу бойынша ем шараға келеді. Осылайша, дәрігердің қабылдауына науқастар тізіліп тұрады. Ал негізінде оларды мейіргерлер қабылдап ем-дом жүргізе алады. Егер науқастар мейіргердің біліктілігіне сенбей дәрігердің қабылдауына жазыламын десе, онда апталап тіпті айлап кезек күтуіне тура келеді. Ал бұндай тиімсіздік тумас үшін науқас келесі күні-ақ мейіргердің қарауына жазылғаны құба-құп болады. Осылайша, науқастың да, дәрігердің де, мейіргердің де уақыты тиімді жұмсалады, - дейді маман.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға