Қанат Рамазан: Көрермен тарихи кино мен терең драмаларға сусап отыр
Жылда қазақтың бір фильмі елде үлкен резонанс тудыратын болды. Былтыр «Міржақып. Оян, қазақ» шулатса, биыл «Нұрикамал» дүбірге қосылды. Екіншісі қазір әйелдер тарапынан қатты сынға ұшырады. Олар фильмнің, әсіресе, мазмұнына наразы. Кинотуынды авторлары бұл хейтке қалай төтеп беріп жатыр? Олардың фильмді шығарудағы мақсаты не? El.kz тілшісі осы және өзге де сауалдар төңірегінде «Нұрикамал» фильмінің сценарий авторы, “Ramzes film company” шығармашылық бірлестігінің жетекшісі Қанат Рамазанмен әңгімелескен еді.
El.kz: Бірден айтайын, «Нұрикамал» фильмі маған ұнады. Киногер, тіпті киносыншы болмасақ та, талай жыл телевизияда істегендіктен бұл саланың өнімдеріне кәсіби көзбен қарауға тырысатынымыз бар. Аталған туынды нағыз мамандардың шеберлігін көрсетіп-ақ тұр. Сапалы туынды болған. Бірақ менің сұрақтарым сыни пікірлерге қатысты. Фильм идеясына, мағынасына байланысты наразылыққа ұшырады. Ә дегенде «бұл күйеуіне екінші әйел алып беруді насихаттау», түптеп келгенде, «әйел затын тұқыртып, еркектерді құтырту» деген мағынадағы пікірлер қылаң берді. Бұған сенің уәжің қандай?
Қанат Рамазан: Осы фильм экранға шыққаннан кейін екі күн өткен соң болуы керек, көрермендер тарапынан наразы пікірлер қарша жауды. Қызық болды өзі. Таңертең ұйқыдан тұрсам, Instagram хатқа толып қалған. Дайрект жарылайын деп тұр. Ашып қарасам, мыңның үстінде хат келіпті. Бәрін әйелдер жазған. Олар маған бірден дүрсе қоя беріп, шабуылға шығып жатыр екен. Хаттардың дені наразылыққа толы. Біреу: «Бұл фильмге күйеуіммен бірге барсам, ол бұзылып кетпей ме?» депті. Енді біреу «Бәленің бәрін бастаған сенсің» деп қойып қалған. Тағы бір әйел, тура сіз айтқандай, «Енді еркектердің бәрі құтыратын болды. Олар мына киноны көріп алғаннан кейін Нұрикамалды іздейді ғой» деп жазыпты. Осындай сарында өте көп хат келді. Арасында: «Бұл – әннің тарихы. Оны түсіне білу керек. Сонша жаман дүниені насихаттап жатқан жоқ» деген сияқты пікірдегі хаттар да бар. Сол кезде барып жұрттың осы фильм төңірегінде айтыса бастағанын түсіндім. Бұдан ары қарай да қызу пікірталас болатынын анық ұқтым. Әрі оны қалыпты нәрсе деп қабылдадым. Себебі фильмнің өзінің тарихы сондай. Үлкен резонанс тудыруға дайын тұрған хикая.
Сыни пікірлер «Нұрикамал» кинотеатрда көрсетіліп жатқан уақыттың барлығында айтылып келеді. Көріп шыққан адамдар міндетті түрде талқылайды. Көрмегендер көруден қорқып, талқылап жатыр. Тіпті бұл фильмді әйелдерге өмір сүруді үйрететін, ақыл айтқыш коучтар да әңгіме қылуда. Роза коуч бастаған әйелдер қауымы, феминизмді ту қылып көтеріп жүрген қыз-келіншектер ғой. Бұл кісілер оның төңірегінде біраз талдау жасады. Олар кинотеатрларға барып, сол жерде көрермендерді жинап алып: «Тұрдықылыштың істегені дұрыс па?» немесе «Ханбибінің әрекеті бұрыс па?» деген сияқты сұрақтар бойынша талқылау шарасын өткізді. Қоғамның тарапынан болған осындай сыни көзқарастар не болмаса қызығушылықтар «Нұрикамал» фильмінің дұрыс ниетпен жасалғанын, оны жарыққа шығарушылардың ойға алған мақсатына жеткенін білдіреді деп есептеймін.
Сол толассыз келіп жатқан хаттардан кейін біраз адаммен сөйлестім. Жалпы, жасқа бөліп қарайтын болсақ, TikTok-тағы буын өкілдерінің көбі бұл фильмді түсіне алмады. Осы жастар үшін өзіңнің әйелің бола тұрып, бөтен біреуден муза іздеу, басқа келіншектен сұлулық көру деген ақылға симайтын нәрсе. Себебі олардың көбі әлі отау құрмаған немесе тұрмысқа шықпаған. Ал біреулері енді ғана күйеуге шыққан немесе үйленген. Олар үшін Ханбибінің әрекеті де түсініксіз. Өйткені бұлар өмірдің шындығын романтикамен өлшеп жүрген буын болғандықтан, мына жағдайды қабылдай алмадыі. Ал енді орта жастағылар фильмді қалыпты түрде қабылдады. Себебі олардың барлығының отбасы бар, бала өсіріп отыр. Дәл осы киноның желісіндей болмаса да, соларға сәл ұқсас жағдайды басынан өткерген не болмаса жалпы өмірдің мәнін, бұрылыс-қиылыстарын, қарам-қайшы тұстарын түсінетін адамдар ғой. Отау құрғаннан бастап 10-15 жыл бірге тұрып, өмірдің ыстық-суығын бірге көрген ерлі-зайыптылар болсын, үйленіп ажырасқандар немесе өзінің бақытын іздеп жүргендер болсын, олардың көбі бұл фильмді түсінді.
«Нұрикамалдың» категориясы 12+. Яғни жас талғамайды. 12 жастан асқан балалардан бастап қарттарға дейін бірге отырып көре алады. Соған сай қырық және алпыс жас аралығындағы, сондай-ақ жетпіс жасқа дейінгі көрермендеріміз көп болды. Өйткені олар осындай фильмге көптен бері сусап жүрді. Елімізде түсірілген фильмдердің 80 пайыздан астамы арзан күлкіден құралған комедия болғандықтан, оның ішінде боқтық сөздер кездесетіндіктен әрі үлкен кісілер мен жастар бірге отырып көре алмайтындай элементтер ұшырасатындықтан, қарттар кинотеатрға келуден шет қалып жатты. Ал осы жолы олар кинотеатрға лек-легімен ағылды. Үйіндегі үлкен кісілерді қайда апарып демалдыруды, оларға не көрсетуді білмей отырған ағайынның бәріне жақсы болды. Олар туысқандарын бірден кинотеатрға апаруды жөн көрді. Ал фильмді көріп шыққан егде жастағы адамдардың ой-пікірі өте жақсы. Өз басым солардың арасынан кино онша емес екен немесе идеологиялық қателіктерге бой алдырды деген сияқты сөздер естіген жоқпын. Барлығы «Нұрикамалды» тек мақтап шықты. Өмірден көрген-түйгені мол адамдар болғандықтан, фильмді жан-дүниесімен түсінді. Оған ғажап әннің тарихы деп қарады. Қазақ тарихында нақты бір махаббат хикаясы бар 100 ән болса, солардың арасында «Нұрикамалдың» ойып тұрып орын алатынын аңғара білді.
Расында да дәл қазір осы бағыттағы фильмдер жоқтың қасы. Сондықтан тек комедия ғана емес, драма жанрындағы туындылардың да көрерменге керек екенін байқауға болады.
Жалпы біз кино саласында корей үлгісімен жүріп келе жатқан елміз. Оларда да ең басында дәл біздегідей комедиялық бағыттағы фильмдер қатты қызығушылық тудырды. Сосын келе-келе драмеди жанры пайда болды. Бұл – драма мен комедияның қосындысы. Одан кейін дорамаға (көп жағдайда романтикалық сериалдар) көшті. Қазір еліміздегі қыз-келіншектер, жалпы киносүйер қауым соны өте жақсы көреді. Дәл осындай деңгейдегі өз ұлтымыздың менталитетіне сәйкес келетін драмалық фильмдерді кинотеатрға арнап, нәзік бір махаббат хикаясымен жасайтын болсақ, жетістікке жетеміз деп ойлаймын. Жалпы, қазақы романтика қашан да біздің көрерменнің жүрегіне жол таба алады. Құдай қаласа, бізде де үлкен драмалық фильмдердің дәурені келе жатыр.
Біз кино шығаратын болғаннан кейін әлемде жасалып жатқан фильмдер мен сериалдардың бағытын, әлдебір тенденцияларын үнемі бақылап отырамыз. Тақырып таңдау алдында арнайы топ талдау жасайды. Себебі ертең өнімімізді көрерменге сатуымыз керек. Оған ақша салып отырған адам пайда табу қажет дегеннен кейін біз кино төңірегінде болып жатқан бүкіл жағдайды жіктеп, өзімізше талдап отырамыз. Соған әбден машықтанғанбыз.
Қазір әлемде «Аватар», «Өрмекші адам», «Жұлдызды соғыстар» сияқты суперқаһармандар туралы фильмдер көп жасалады. Әрі солар арқылы киногерлер мол табыс табады. Бұлардан кейін кассаны толтыратын жанр – драма. Осының әсері шығар, елімізде соңғы жылдардағы зерттеу бойынша, комедиялық фильмдердің үлес салмағы 40 пайыз болып азайған. Бізге жалпылама 90 пайыз сияқты көрінеді ғой. Бірақ нақты зерттеулер бойынша таза комедияның үлес салмағы әлгіндей екен. Ал 30 пайызға жуығында комедия мен драма аралас. Бұл Қазақстандағы кино нарығының, жалпы көрерменнің комедиядан сәл жалыққанын аңғартады. Қазір хоррор жанрына, яғни қорқынышты фильмдерге де қызығушылық бар. Ол салған ақшаны ақтайтын жанрлардың қатарына жатады. Сондықтан бізде алдағы уақыттарда драма, триллер, хоррор сияқтылар көптеп түсіріле бастайды.
Енді «Нұрикамалға» қайта оралсақ, бұл туынды қазақ әйелдерінің жүрегінің түкпірінде тығылып тұрған бір дертті көрсетті. Бүлкілдеп қайнап жатқан жабулы қазанның қақпағын ашты. Және соның ішінде әйелдердің психологиясы деген үлкен бір дүние ашылды деп санаймын.
Жан-жақтан барлығы жабылып, хейт жасап жатқаннан кейін қыз-келіншектер «Нұрикамалдан» неге сонша шошыды деген заңды сұрақ туады. Көбі күйеуім осы фильмге барса бұзылып кете ме деп ойлады. Онда ер адамның әйелінің көзіне шөп салуы насихатталады деген сияқты нәрселер көп айтылды. Менің ойымша, бұның барлығы Қазақстан әйелдерінің әлсіздігін көрсетеді. Бұл жағдай күйеуімнен айырылып қаламын ба деп қорқатын, өздеріне сенімсіз жандардың қоғамда өте көп екенін аңғартты. Тіпті ондай нәрсені ойлаудың өзінен шошитын әйелдердің көп екенін байқадық.
Ал менің айтарым, егер күйеуіңіз біз сөз етіп отырған киноны көріп, сол арқылы бұзылып кетеді не болмаса басқа біреуге кетіп қалады деп ойласаңыз, демек, отбасыңызда о бастан бірдеңе дұрыс емес. Яғни үй ішіңізде дұрыс қарым-қатынас қалыптаспаған.
El.kz: Фильмнің идеясы өзіңдікі екен. О баста мынадай «біртүрлі» махаббат хикаясын көрермендер қалай қабылдайды деген ой болмады ма?
Қанат Рамазан: Бұл фильмнің идеясы біз Қызылжарда «Мағжан. Мен жастарға сенемін» сериалын түсіріп жүргенде келген еді. Сол кезде кинотеатрға арнап драмалық туынды шығару керек, соған қандай тақырып алсам екен деп ойланып жүрдім. Ал «Нұрикамал» әнінің тарихын білетінмін. Сол кезден «Оны көрерменге қалай ұсынса болады?» деген мәселені іштей қорыта бастадым. Сондықтан оған біртүрлі оқиға, біртүрлі фильм деп қараған жоқпын. Мен бұны бір керемет, қазақтың бәрі білетін хит әннің тарихы деп қана қарадым. Және менің түсінігімде ол жерде бір көзге шөп салушылықты насихаттау не болмаса бір жігіттің көлденең жүрісін көрсету сияқты жайттар жоқ. Бұл – таза шығармашылық отбасының басынан өткен жағдай. Бірақ жұрттың бәрі шығармашылық отбасы болмағандықтан, әрине, бұл көрерменге осылай әсер етіп, резонанс тудыратынын сездік. Алайда дәл мынадай дәрежеде болады деп ойлаған жоқпыз.
Мен бұл фильмді ішімде екі-үш жылдай сақтап жүріп, орайы келген кезде киноға қаржы бөлетін жігіттер тауып, режиссермен ақылдасып, осы идеяны ұсынып, бір жарым айдың ішінде сценариін жазып шықтым. Сосын осы жобаны жүзеге асыруға кірісіп кеттік. Және бір айдың ішінде түсіріп, көрерменге ұсындық. Жалпы киноның жасалуына бес айдай уақыт кетті. Қазір ойлап қарасаңыз, жәй бір 15 күннен кейін ұмытылып кететін киноға да қаржы бөліп, соны әлдеқандай қылып, жарнамасын жасап шығарып жатқандар бар. Ал біз, біріншіден, «Нұрикамал» арқылы әннің тарихын түсіндірдік. Екіншіден, сол замандағы жағдайды көрерменнің көз алдына келтірдік. Үшіншіден, 15 күнде ұмытылып қалатын фильм жасаған жоқпыз. Керісінше, 15 жыл өтсе де, қайталап қойса болатын, көрерменді жалықтырмайтын, әдемі эстетикалық ләззат сыйлайтын жоба жасадық деп ойлаймыз.
El.kz: Тағы бір сын фильмнің сюжеті шын өмірмен жанаспайды дегенге саяды. Осы оқиғаны жұртқа жария еткен ақын Ханбибі Есенқарақызының өзі күйеуі Нұрикамалдың қолынан ұстап көрмегенін айтыпты. Бірақ фильмде олардың бір-біріне ынтызарлықпен қарайтын жерлері бар. Білемін, бұл көркем туынды ғой дерсің. Тартымды драматургия болуы керек. Десе де көркемдік шешім неге нақ осылай болды деген сұрақ туындап тұр...
Қанат Рамазан: Бұл – өте нәзік лирика. Шынайы өмірде Тұрдықылыш Нұрикамалдың қолынан да ұстамағаны рас. Біздің фильмде де ол Нұрикамалдың қолынан ұстамайды. Оған өте қатты жақындамайды да. Тек көзқарастар арқылы, нәзік лирика мен терең сезім арқылы ғана бердік. Ал фильмде олай емес екен, фильмде былай екен деген сияқты шығарып алып жүрген оқиғалардың барлығы қазақтың қыз-келіншектерінің ішкі қорқынышы деп ойлаймын. Бұл туындыны кинотеатрдан барып көрген адамдардың, қыз-келіншектердің ойлары өзгеріп шығып жатқанын көрдік. Олар: «Бұл мынадай фильм екен. Негізі, ол көзге шөп салуды насихаттамайды ғой» деген сияқты ойларын айтты. Содан бәрі TikTok-тағы, әртүрлі әлеуметтік желідегі наразы пікірлерге еріп, өздерінің сәл қателесіп жүргенін түсінді.
Сосын режиссерлық шешім деген болады. Режиссерлық шешімнің алдында сценаристік шешім деген бар. Біз жалпы жоспарлаған кезде соның барлығын қараймыз ғой. Сценарист ретіндегі менің мақсатым не? Былайша айтқанда, мен тапсырыспен жұмыс істейтін адаммын. Осы «Нұрикамал» фильмін ұсынғаннан кейін тапсырыс беруші «Бұл фильм маған табыс әкеле ме, әкелмей ме?» деген сұрақты бірінші орынға қойды. Себебі ол осы киноға қаржы салып отыр. Сондықтан бізге нақты талаптарын қояды. «Мен осыншама қаржы табуым керек. Осыншама ақша саламын. Сондықтан, жігіттер, жұмылып жұмыс істейік» дейді. Одан кейін сценарист ретінде мен бұл фильмді көрерменге өткізе білуім керек. Соның түрлі жолдарын қарастырдым. Кореялық үлгіге салып, драматургиясын тым қатты шиеленістіріп жіберсем, көрерменге ұнамайды-ау деп ойладым. Ақыр аяғында нағыз қазақтың менталитетіне салып, Ханбибіні қарапайым қазақ әйелінің образына келтірдім. Ал Нұрикамалды өте сұлу, қараған еркектің көзі тоятын, шығармашылық адамына муза бола алатын деңгейдегі, бірақ өте тәрбиелі, бекзат болмысты әйелдің образына ыңғайладым. Нұрикамал Сейітжанова өмірде де дәл сондай болғанын зерттеп білдік. Сондықтан махаббат хикаясын нағыз қазақ отбасының басынан өтіп жатқан жағдай ретінде суреттедік. Сондай-ақ сценарийде көрерменнің қай жерде күлетінін, қай жерде жылайтынын, қай жерде қатты ашуланатынын белгілеп алуым керек. Кейіпкерлерді қай жерде жек көріп кетуге, қай жерде жақсы көріп қалуға тиіс екеніне дейін біліп отыруым қажет. Осының барлығы хронометраждың аясындағы нақты таймингпен құрылады. Бізге бар-жоғы бір жарым сағаттық хронометраж берілген. Мен сол бір жарым сағаттың ішінде көрерменді көгілдір экраннан, кинотеатрдан іші пысып кетпейтіндей жағдайда ұстап отыра алатын сценарий жазуым керек. Ал егер ол әлсіз болып шықса, ешқандай режиссер де, продюсер де сені құтқара алмайды. Сондықтан о баста сценариі дұрыс жазылған фильм ғана ары қарай көрерменнің жүрегіне жол табады. Осы тұрғыдан алғанда, мен әбден өзімнің жүрегімнен өткізіп, жылайтын жерінде өзім жылап, күлетін жерінде өзім күліп алғаннан кейін ішкі түйсігім «әй, сен күшті дүние жасап шықтың» дегенде барып, тапсырыс берушілерге өткіземін. «Нұрикамал» бұл тұрғыда талапқа сай болып шықты деп ойлаймын.
Тартымды драматургия болуы керек дегенге келсек, өз басым шетелдік мамандардың кітаптарын көп оқимын. Ресейде Татьяна Салахиева-Талалдың «Психология в кино» дегені сияқты мықты-мықты кітаптар бар. Мен солардың барлығын оқыдым. Бірақ орыстың сценарий жазуға үйрететін кітаптары Голливудтың сондай ктіптарынан әлдеқайда қалып қойған. Бүкіл сценарий жазудың әліппесін үйрететін атақты үш кітап бар. Оларды әбден зерттеп, бүге-шігесіне дейін оқып алып, сол бойынша жұмыс істеймін. Сондықтан америкалық драматургия жасауға тырысамын. Роберт Маккидің «История на миллион» кітабы, Блэйк Снайдердің «Спасите котика» кітабы бар. Осыларға қарап жақсы сценарийді жазуға болады.
Жалпы, «Нұрикамал» фильмі көрермендер арасында неге қатты резонанс тудырды?» деген сұрақтың жауабы оның сценариінде жатыр. Себебі бұл өтімді болды. Көрерменді бір қызумен барынша ұстап отыруға тырысқан және соны режиссер әдемілеп түсіре білген туынды болып шықты деп ойлаймын.
El.kz: Айтқандай, композитор күйеуі Тұрдықылыш Ізтаевтың «Нұрикамал» әніне керемет сөз жазып берген Ханбибі Есенқарақызына сценарий көрсетілмепті. Бірақ «осындай фильм түсіргелі жатырмыз» деп алдынан өтіпсіңдер. Сол кезде Ханбибі апамыз мұндай талап қоймады ма? Әлде «сценарийді көрмейсіз» деп бірден айттыңдар ма?
Қанат Рамазан: Иә, продюсер, режиссер, сценарист – үшеуіміз Ханбибі апаға барып, алдынан өттік. «Мен Қанат Рамазан деген қазақпын. Тарихи жанрдағы сериалдар мен фильмдердің сценариін жазып жүрмін» дедім. Ол кісі біледі екен. «Мұқағали. Бұл ғасырдан емеспін», «Мағжан. Мен жастарға сенемін» сериалдарын көріпті. «Сондай деңгейде еңбек еткен жігіт болсаң, сен жаман дүние жасамауың керек» деп келісімін берді. Бұл кісінің өз өмірі ғой. Сондықтан алдынан өттік, батасын алдық. Үйінде қонақ болдық. Шәйін іштік.
Ол кісі Шымкентте тұрады, біз Алматыдамыз. Сондықтан сценарий жазылып жатқан кезде қайта-қайта ұшып барып келуге мүмкіндік болған жоқ.. Апа да «сценарийлеріңді көрсетіңдер» деп қолқа сала қоймады. Егер ол кісі талап етсе, біз міндетті түрде сценарийді апарып көрсетер едік. Ол кісі менің шеберлігіме, осы ерекше махаббат хикаясын жақсы жаза алатыныма шәк келтірген жоқ деп ойлаймын. Оның үстіне егер біз сценарий жазылғаннан кейін Ханбибі апаға апарып көрсететін болсақ, ол кісі бұны қабылдамай қоюы мүмкін еді. Себебі қағаздағы сценарийді оқыған кезде одан әсер ала алмауы мүмкін. Оны тек режиссер қолына алып, актер ойнап, өмірге барынша ұқсатқанда, болып жатқан оқиғалармен астастырғанда барып, оны қабылдауға болады. Ал құр сөз жүрекке де тиіп қалуы мүмкін. Сондықтан апамыздың сценарийді көрмегені де дұрыс болған сияқты.
Ханбибі апамыз фильмді жақсы қабылдады. Ол кісі Шымкентте болған алдын ала жабық көрсетілімге келді. Фильмді көрсетер алдында ападан қатты жүрексіндім. Өйткені ақын адам, кесіп сөйлейтіні бар. Сондықтан қасына бардым да: «Хан апа, қазір кино басталады. Маған қандай ескерту айтсаңыз да, фильм біткеннен кейін айтыңызшы» дедім. Ол кісі менің кішкене жүресініп тұрғанымды түсінді. Ақын адам ғой. «Сен қорықпа» деді. Сосын «жарайды» деп мен кетіп қалдым. Кино біткеннен кейін өзі бірден ортаға шықты. Жақсы тілек, жақсы пікір айтты. Өзі өмірде адуынды, ер азаматқа бергісіз мықты әйел ғой Хан апамыз. Бірақ біздің кинодағы Ханбибіміз сәл отбасына жақынырақ, лирикаға жақынырақ, нәзіктеу әйел болып көрінді. Біз әдейі солай бердік. Бірақ Ханбибі апа сол образдың ішінен өзінің бейнесін көре алды. Батасын берді.
Ал енді әлеуметтік желіде шыққан түрлі сұхбаттардағы: «Ханбибі апа өйтіп айтты», «Ханбибі апа бүйтіп айтты» «Киноны түсірушілермен ақылдаспаған» деген сияқты әңгімелердің бәрі – бос сөз. Себебі нақты қалай болғанын біз бен Ханбибі апа ғана біледі. Ал басқаша жазып жатқан адамдар өздерінің басылымына ма, өздеріне ме, хайп жасап отыр деп түсінемін.
Фильм шықты. Көп көрерменге ұнады. Қоғамда үлкен резонанс тудырды. Болған оқиғаны көрсеттік. Қоғамда жабулы жатқан жараның бетін аштық. Көрермен қатты талқылады. Одан артық бізге ештеңе керегі жоқ. Себебі фильмді көргеннен кейін бірге көрген адаммен талқыламасаң, бірнеше күн сенің ойыңда жүрмесе, ол кино емес. Сен барып көрдің, қарқылдап күлдің, шықтың. Бес минуттан кейін бір жерде шәй ішіп отырсың. Сол кезде кино есіңде қалмаса, демек, ол жәй ғана сенің назарыңды біраз уақытқа басқа жаққа аударған дүние болып шығады. Ал нағыз фильм көрерменнің есінде қалуға тиіс.
El.kz: Журналист Өмірзақ Ақжігіт ағамыз әлеуметтік желіде тіпті фильмнің аты «Ханбибі» болуы керек еді, сөйтіп ақын апамыздың композитор күйеуі Тұрдықылыш Ізтаевтың талай теріс қылығын кешірген жайттарды көрсету керек еді деп жазыпты. Бұған сен не дейсің?
Қанат Рамазан: Өмірзақ ағамыздың әлеуметтік желідегі мақаласы өте жақсы екен. Бәрін зерттеп, зерделеп жазған. Негізі, фильмнің аты «Ханбибі» болуы керек еді деген әңгіме көп айтылды. Бірақ бізде маркетингтік әдіс деген бар. Соған салып қарағанда, «Нұрикамал» әнін білмейтін қазақ кемде-кем. Сондықтан біз фильмді сол әннің атымен атасақ, көп көрермен келетінін білдік. Бұл кино саласынан хабары жоқ адамның өзіне белгілі нәрсе деп санаймын. Сондықтан біздің орнымызда басқа адамдар болса да, фильмнің атын «Нұрикамал» деп қояр еді. Себебі кино ол бизнес. Салған ақша қайтарылуы керек.
Ал жалпы оқиғасы Ханбибі апамыздікі. Мен ол кісінің өмірін жақсы білемін. Сондықтан Нұрикамалдың арғы жағында болған оқиғалардан да хабарым бар. Оның басынан өткен жағдайлар қарама-қайшылыққа толы. Бір қоғамның айнасы болатындай, үлкен проблемалардың бетін ашатындай, жалпы әйел затының мықтылығын дәлелдейтіндей жағдайлар Ханбибі апаның басынан өте көп өткен. Болашақта солар «Ханбибі» деген атпен түсірілетін басқа бір фильмнің желісіне айналуы мүмкін.
El.kz: Киносценарий жазып жүргеніңе он жылдан асыпты. Қазақтың ұлы тұлғаларын фильм және сериалдар арқылы түгендеп жүрсің. Бұл тақырыпта қалам тербеу оңай емес. Сыншы көп болады. Жалпы, өзің сыни пікірлерге қалай қарайсың?
Қанат Рамазан: Мен сыни пікірлерге өте жақсы қараймын. Киноның ішкі жағдайын білетін адам сынап жатса, оған ешқашан да қарсы болған емеспін. Керісінше, барлығын тыңдаймын. Ал енді диванда жатып алып жазған сынды қабылдау қиын. Кейде соған қатты ашуланасың. Мысалы, ол киноның қандай қиындықпен түсірілгенін өзім жақсы білемін. Оқиға халықтың санасына жетуі үшін, өзіміздің миссиямызды атқару үшін тарихи фильмдерді жасаған кездері кейде бір қорлықтарға шыдауға тура келеді. Себебі соның басында тұрған адамдардың түсінбей тұрған жерін бұрып жіберіп, өзімізді кемсітіп отырып, бірақ қазақ үшін жасалып жатқан нәрсе ғой деп, сол идеологияны алға шығару мақсатында өзіміз талай артқа шегініс жасаймыз. Кейде өзіміздің психологиялық ахуалымызға зиянды жұмыс істейміз. Сол нәрсені түсінбей, диванда отырып алып қатты сынап жатқандарға күйінетінім бар. Бірақ жүрегіміздің түкпіріндегі елге керек нәрсені жасап жатырмыз деген ой сабырға жетелейді.
Көбіне жазушылар сынап жатады. Жазушылар одағында 800 бе, 900 бе мүше бар. Бірақ халыққа беріп жатқан шығармаларының өтімділігі жағынан алатын болсақ, сценаристер жазушылардан әлдеқайда көп еңбек етіп жатыр деп ойлаймын. Себебі біздің жазған дүниеміз фильмге айналады. Оны халық көреді. Сосын пікірталас болады. Белгілі бір дәрежеде қоғамдық сананың өзгеруіне тікелей әсер ететін құрал – фильм. Ал әлгі жүздеген жазушы қазір қоғамның санасына қатты әсер ете алып жатқан жоқ.
Біз, киногерлер, осы бір тарихи сәтте қателеспеуіміз керек. Тарихқа қажет дүниелерді жасауға тиіспіз. Ешкімнен қорықпауға тиіспіз және ұлтқа керек дүниелерді астарлап болсын, фильмнің ішіне кіргізе отырып, кіммен күрессең де күресе отырып, өзіміздің азаматтық ұстанымымызбен, миссиямызбен жүруіміз қажет.
Осы тұрғыдан алғанда, мен сынды өте жақсы қабылдаймын. Сынсыз болмайды. Адамзат баласы жаралғанда сын болған. Әлі бар. Ол ары қарай да бола береді. Бірақ бір кішкентай ғана өтінішім, бір фильм түсірілсе, соны кино саласына жақын адамдар ғана сынаса екен. Себебі кейде мүлдем басқа бағытта сынап, өз беттерімен оқиға құрап алып, айтып жататындар бар. Ал кинодан хабары бар, осы саланы зерттеген адамдар болса, ол бірден көрініп тұрады. Олардың сынын қуана-қуана қабылдайсың. Және өзіңнің дәптеріңе түртіп қоясың.
El.kz: Бірақ әлеуметтік желіде сын көбейіп кетсе, қазір қолынан жазу келетіндердің бәрі киносыншы болып кетті деп ренжиміз. Ал мақтап жатса, оны әлеуметтік желіде бөлісеміз. Мұны қалай түсінуге болады?
Қанат Рамазан: Жоқ, біз сынап жатса да, әлеуметтік желіде бөлісе береміз. Онда тұрған ештеңе жоқ. Жоғарыда айтқанымыздай, осы «Нұрикамалдың» төңірегінде қаншама сын болды ғой. Соның бәрін бөлісіп жатырмыз. Осы фильмге арналған арнайы парақшадан бастап, режиссердің, продюсердің, менің парақшаларымда біз сыни пікірлерді де салып отырдық. Себебі, кәсіби сыншы болмаса да, әр адамның пікір білдіруге құқығы бар. Қазір мен оның сынап жазғанын өз парақшама салмасам, ол кісі «мен сынап едім, мынау мүлдем жоламай қойды» деп айтады ғой. Бұл – азамат ретінде мені төмендететін нәрсе. Сондықтан өз басым сыни пікірлерді де шамам келгенше парақшама салып отырамын.
El.kz: Менің киногерлерге, киносыншыларға қоятын дәстүрлі сұрағым бар. Қазір фильмдер мен сериалдарда орысша араластырып сөйлеу, боғауыз сөздерді еш қысылмай айту әдетке айналып кеткен жоқ па? Өзің тіл тазалығын сақтауға мән бересің бе? Кейбіреулер өмірдегі жағдайды сол күйінде береміз деп ақталып жатады. Ал меніңше, көркем фильмнің тілі де көркем әрі таза болуы керек...
Қанат Рамазан: Осы орысшаны араластырып сөйлеу не болмаса боғауыз сөздер қосы қазақ киносының басындағы қазіргі ең негізгі мәселе болып тұр. Бұл жағдайға әртүрлі ракурстан келіп қарауға болады. Жоғарыда айтқанымдай, кино деген қазір бизнес. Мысалы, сіз кәсіпкерсіз. 100 миллион теңге ақшаңыз бар. Оны киноға салғыңыз келеді. Сөйтіп, үстінен 100 миллион теңге тапсам дейсіз. Сондықтан сіз жақсы сценаристі, түсіру тобын іздейсіз. «Қандай кинолар жақсы ақша тауып еді?» деп өзіңізше талдау жасайсыз. Сосын «Таптым-ау сені» деген сияқты ішінде боқтық сөз толып жүрген фильмдер жақсы табыс тапқанын білесіз. Содан кейін сізге «менің де фильмімнің ішінде міндетті түрде анайы сөздер болуы керек» деген ой келеді. Сценаристі шақырып алып: «Осындай болсын. Өмірдің шынайы қалпын көрсетейік. Оны қалай істесең де өз еркіңде» деп, қолына толық карт-бланш бересіз. Міне, осы жерде сценаристің ақыл-ойы, оның өмірге деген көзқарасы, жалпы моральдық ұстанымдары көрінеді. Егер оған бәрібір болса, ол боқтықтың неше түрін қосып жазып шығады және жеке адамның ақшасына түсірілген, мемлекет араласпайтындай фильм болғаннан кейін оны режиссер тура солай түсіреді, актер тура солай ойнайды, сосын ол көрерменге тура солай жол тартады. Бірақ бұл жерде біреуді кінәлауға болмайды. Кинода болып жатқан анайы сөздер адамның өзінің жеке тәрбиесіне байланысты.
Енді орыс тілін араластыруға келсек. Қазір орысша фильмдер өтпейді. Біз сондай заманға келдік. Осыдан 7-8 жыл бұрын орысша фильмдер, қазақшаға қарағанда, көп касса жинайтын. Қазір олай емес. Бүгінде қазақша фильмдер кассаны молынан толтыра алады. Қазақша болғанда қалай? Фильмнің 70-80 пайызы қазақ тілінде болады да, арасына 20-30 пайыз орысша сөз кіреді. Енді қоғамға сәйкестендіріп жасайды ғой. Маркетинг, талдау топтары жұмыс істейді. Сөйтіп, оның ішінде міндетті түрде боқтауы болады, көрерменге қатты әсер ететін тұстары болады. Аздаған драмасы, аздаған комедиясы, аздаған қорқынышты жерлері болады. Және сондай фильмдер көрерменге өтіп жатыр. Бұл шындық. Одан айналып өте алмайсыз. Бұл жерде бәріне нарық үстемдігін жүргізеді. Мысалы, «Нұрикамалда» да орысша сөздер болды. Кейбір қазақтың бай, шұрайлы, мағыналы сөзін төбесіне тәжі кигізіп апарып отырғызып қолданатын жерлерде мен бір арзан, болмайтын сөздерді жаздым. Себебі көрермен ана сөзді түсінетінін білемін. Біз бәріміз киноны үлкен нарық, бизнес деп есептейміз. Сондықтан көрерменге сұраған нәрсесін береміз. Өнімімізді солай сатамыз. Көрермен соны қабылдайды, соған ақшасын төлейді.
Бірақ мынадай нәрсені айтқым келеді. Қазір кино қатты өзгеріп келе жатыр. Соған сай көрерменнің талғамы да өзгеруде. Бүгінде олар тарихи кино мен терең драмаларға сусап отыр. Және қазақтың тұнық, саф, шұрайлы тіліне сусап жүр. Біз енді осы жағдайға келіп қалдық. Сондықтан бұл тұрғыда аттандап, байбалам сала берудің қажеті жоқ деп ойлаймын. Дәл қазір көрерменің психологиясы осыған дайын тұр. Енді сюжеті керемет тартымды, қазақтың әдемі тілімен жазылған бір мықты фильмді көрерменнің алдына қою керек. Сосын ол өтіп кеткен жағдайда жалпы сол бағытқа қарай басқа киногерлердің де мойын бұруына ықпал етеді. Мысалы, «Нұрикамалдан» кейін драма жанрында кино түсіргісі келетін бірнеше топ жұмыстарын бастағалы жатыр дегенді естіп отырмыз. Сеңді сең қозғайды. Жақсы бағыттағы фильмдерді біз осылай жасай беретін болсақ, бәрі қозғалады. Нарық қозғалатын болса, көрермен де қозғалады. Бұлар – бір-бірімен байланысты нәрсе. Сөйтіп, алдағы төрт-бес жылда қазақ киносы толық қазақшаланады. Оған дау жоқ. Себебі қазір касса жинап беріп жатқан фильмдердің көбі қазақша.
Сосын боғауыз сөзден де адам шаршайды. Комедиядан да жалығады. Осылайша уақыты келген кезде көрермен тап-таза дүниені сұрайды. Сол кезде небір жақсы режиссерлер, жақсы сценаристер халықтың сұраған өнімін береді деп ойлаймын. Сол кезде барлығы түзеледі. Жалпы, қазақ киносының болашағы жарқын.