Жаңалықтар

Қанат Исламға қастандық жасалғаны айтылды

Қанат Исламға қастандық жасалғаны айтылды
Фото: instagram.com/islamkanatqazaq 06.06.2023 15:15 2333

Қытайдан тарихи отанына оралған боксшы, Бейжің Олимпиадасының қола жүлдегері Қанат Исламға қастандық жасалмақ болған. Бұл туралы оның досы Дархан Мұхтарбекұлы «Алғашқы» бағдарламасында айтып берді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қанат екеуіміз 2019 жылдың басында Алматыда ортақ таныстарымыз арқылы тіл табыстық. Екеуміз араласып жүргенде Қанаттың бокс мансабының болашағы бұлыңғыр екені байқалды. Жақсы дос болып, араласып жүрген соң, оған қалай пайдамды тигіземін деп ойладым. Бір күні елімізде команда құрып, Қанаттың мансабын әрі қарай елде жалғастыру туралы жақсы ой келді. Екеуміз осы жөнінде сөйлесіп, бірауыздан келісіп, елде жарыс өткізетін болып шештік, - дейді досы.

Оның айтуынша, жарысты ұйымдастыру барысында көптеген адам кедергі жасаған.

Тіпті еліміздегі танымал тұлғаның өкілі келіп, Қанат екеуімізбен сөйлесіп, осы жарысты ұйымдастырмау жөнінде қоқан-лоқы көрсеткендер болды. Батырымыздың суына у қосып, Қанатқа қастандық жасалды. Екінші бокс кешін ұйымдастыру барысында Қанатқа жасалған қастандық біз үшін ауыр жағдай болды, - дейді Дархан Мұхтарбекұлы.

Ал боксшының өзі  бұл жағдайдың кейін талдау барысында анықтағанын айтады.

Өзім сылтау айтқанды ұнатпаймын. Бірақ қан тапсырған соң, анализден шықты барлығы. Мен жекпе-жек кезінде қарсыласымды бір ұрған соң, оның теңселіп кеткенін байқадым. Оны видеодан да көре аласыздар. Ал кейін оған соққы жасайын десем, денем сезілмейді. Содан артқа шегініп, қорғануға мәжбүр болдым, - дейді Қанат Ислам.

Бағдарлама жүргізушісі Аман Тасыған Қанат Ислам қастандық жасағандар кім екенін нақтыламақ болған. 

Біз қазіргі президент Тоқаев сайлауға түсетін кезде Жақсылық Үшкемпіров ағамызбен бірге тұрып қолдадық. Себебі халық сенім білдіріп жатыр. Жаңа бір серпінді көргісі келіп тұр. Сол жұмысқа шынайы кірістік.Оның алдында маған біреу телефон соғып, Нұрсұлтан Назарбаевтың немересінің атын айтты.Нұрсұлтан Назарбаевтың маған сеніп отырған қаншама адам бар. Соның бәрін тастай салып, басқа жаққа кетіп қалсам, Qazaq Promotions не істейді сонда? Рақмет деп қана шығарып салдық. Екінші жарысқа дайындалғанда сондай ұсыныстар түсе бастады. Өзіміздің жұмысты Америкаға барып жалғастыруға тура келді. Кейін қан тапсырып, анализ нәтижесінен шықты ғой, - дейді боксшы.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға