Жаңалықтар

Қанат Бозымбаевқа ШҚО-дағы су тасқыны жағдайын бақылау жүйесі таныстырылды

Қанат Бозымбаевқа ШҚО-дағы су тасқыны жағдайын бақылау жүйесі таныстырылды
Фото: ШҚО әкімдігі 26.04.2025 19:27 175

Премьер-министр орынбасары Қанат Бозымбаев Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында өңірдегі су тасқыны жағдайы нақты  уақыт режимінде бақыланатын ШҚО Ахуалдық орталығының жұмысымен танысты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Үкімет басшысының орынбасарына су тасқыны жағдайын бақылау жүйесі таныстырылды. Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша 2024 жылы Ахуалдық орталық базасында Шығыс Қазақстан облысындағы су тасқыны жағдайын бақылау жүйесі әзірленген.

Бұл жүйе  гидробекеттерден, спутниктерден, метеоқызметтер мен инженерлік қызметтерден алынған мәліметтерді біріктіретін заманауи табиғи тәуекелдерді басқару құралы. Жүйе су деңгейін, мұз жағдайын және су тасқыны қаупі бар аумақтарды үздіксіз бақылап, жағдайдың дамуын болжау үшін нейрожелі алгоритмдерін қолданады. Ақпараттың интерактивті карталар, графиктер мен кестелер түрінде көзбен көру арқылы қауіптерге жедел әрекет етіп, халық пен инфрақұрылымды қорғау үшін бағыттауға негізделген басқару шешімдерін қабылдауға мүмкіндік береді, – деп атап өтті облыстық цифрландыру және архивтер басқармасының басшысы Қайрат Бимагамбетов.

Оның айтуынша, жасалған цифрлық жүйе табиғи қатерлерді басқаруда IoT технологияларын дамыту жолындағы маңызды қадам болып табылады және су тасқыны қаупіне кешенді, жедел әрі дәл әрекет етуді қамтамасыз етеді.
Жүйеде алдын алу шаралары да жеке модуль ретінде көрсетілген: арналарды, арықтарды, көпірлерді тазалау және тереңдету, су бұру арналарының құрылысы, қар шығару, жарылыс және инженерлік жұмыстар жүргізу арқылы жағалауларды нығайту мен дренаж жасау.

Модуль 49 гидробекетті қамтиды, олардың мәліметтері күн сайын «Қазгидрометтен» алынып, қауіп деңгейі түспен белгіленген шкала түрінде бейнеленеді.

Вице-премьер «Қазгидромет» РМК мен облыс әкімдігіне жүргізілген бөгет салу жұмыстарына сәйкес гидробекеттердің шекті деңгейлерін қайта калибрлеу және түзету тапсырмасын берді. Сондай-ақ барлық тиісті қызметтерге мамыр-маусым айларында болуы мүмкін үшінші су тасқыны толқынына белсенді дайындық жүргізу тапсырылды.

Әкімдіктің ақпаратына сүйенсек, кеңес барысында су тасқыны кезеңінің өту барысы мен орман өрттерінің алдын алу мәселелері де қаралды. Қанат Бозымбаев облыстың табиғи қатерлерге дайындығын жақсы деңгейде деп бағалап, су тасқыны мен өртке қарсы қорғаныс жұмыстарын жүйелі түрде жалғастыруды тапсырды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға