Жаңалықтар

Қанат Бозымбаев Атырау мен Ақтөбе облыстарындағы ауылдардың су тасқыны жағдайымен танысты

Қанат Бозымбаев  Атырау мен Ақтөбе облыстарындағы  ауылдардың су тасқыны жағдайымен танысты
Фото: primeminister.kz 27.03.2025 19:03 422

Вице-премьер Қанат Бозымбаев жұмыс сапары барысында Атырау мен Ақтөбе облыстарындағы су тасқыны жағдайымен танысты. Үкімет басшысының орынбасары алдымен Жылыой ауданы мен Құлсары қаласының су тасқынына дайындығын тексерді, деп хабарлайды primeminister.kz-ке сілтеме жасап El.kz ақпарат агенттігі. 

Жылыой ауданы қауіпті аймақта орналасқан және жыл сайын көктемде су тасқынына ұшырайды. Су тасқыны қаупінің негізгі себебі – ұзындығы 212 шақырымға созылған Жем өзені. Өзен жағалауы мен Құлсары қаласы арасында жалпы ұзындығы 65 шақырым қорғаныс бөгеттері салынып жатыр. Құрылыс жұмыстарына 136 арнайы техника жұмылдырылған. Қазіргі таңда су негізінен тереңдетілген Жем өзені арқылы өтуде. Құлсары қаласында күнделікті бақылау жүргізілуде. Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов ағымдағы жағдай туралы баяндап, қалада ахуал тұрақты екенін мәлімдеді.

Құлсарыдан бөлек, су басу қаупі бар аймаққа екі ауылдық округ: Жем және Қараарна кіреді. Қанат Бозымбаев Тұрғызба және Шоқпартоғай ауылдарындағы жағалауды бекіту жұмыстарымен танысып, Жем өзенінің жағалауы мен Құрсай каналын нығайту жұмыстары жүріп жатқан аумақты аралады. Сондай-ақ жалпы ұзындығы 95 шақырымды (Жем – 48,9 км, Күрсай – 46,1 км) қамтитын түбін тереңдету жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі уақытта Жем өзенінің түбін тереңдету толық аяқталды.

Жылыой ауданында барлығы 255 арнайы техника жұмылдырылған. Бөгеттерде жағдайды тәулік бойы бақылау үшін кезекшілік бекеттері ұйымдастырылды. Сонымен қатар ауданға Маңғыстау облыстық ТЖД-дан, Қорғаныс министрлігінің Атырау және Ақтөбе облыстарындағы әскери бөлімдері және Атырау облыстық полиция департаментінен қосымша күштер мен техника жіберілді.

Қанат Бозымбаев Ақтөбе облысы Байғанин ауданының Миялы ауылы мен Ойыл ауданындағы жағдаймен де танысты. Мұнда ерекше бақылауда тұрған Ойыл өзенінде тазалау және тереңдету жұмыстары жалғасуда.

Вице-премьер Атырау облысы, Қызылқоға ауданының Миялы ауылына барып, Сағыз ауылындағы жағалауды бекіту жұмыстарын бақылады. Қызылқоға ауданы арқылы Ноғайты, Ойыл және Сағыз өзендері өтеді, олар көктемгі су тасқыны кезінде үлкен қауіп төндіреді. Қорғаныс шаралары аясында 54 шақырым бөгет нығайтылып, 8 шақырым өзен арналары тазартылып, тереңдетілді.

Облыс әкімдігіне аймақтағы төтенше жағдайдың алдын алу және жою бойынша барлық жоспарланған шараны аяқтау, су тасқыны қаупі толық жойылғанша, тәулік бойы жұмыс істеуді жалғастыру және тұрғындарды күн сайын ағымдағы жағдайдан хабардар етіп отыру тапсырылды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға