Жаңалықтар

Қалалық құрылыс кодексін әзірлеу үшін жұмыс тобы құрылды

Бұл туралы ИИДМ баспасөз қызметі мәлім етті
Қалалық құрылыс кодексін әзірлеу үшін жұмыс тобы құрылды
Фото: gov.kz 18.11.2022 19:04 839

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінде «Ашық сағат алаңында» Құрылыс істері және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық комитетінің өкілдері ZOOM арқылы бизнес қауымдастықпен пікір алмасты, деп хабарлайды El.kz

Құрылыс істері және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық комитеті төрағасының орынбасары Бақытжан Жүнісбеков агломерацияларды дамыту мәселелеріне байланысты Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілгенін айтты. Тұтастай алғанда, «Агломерацияларды дамыту туралы» Заң агломерацияларды дамыту саласындағы қоғамдық қатынастарды реттеп, елімізде агломерацияларды қалыптастыру және олардың жұмыс істеуіне құқықтық әрі ұйымдастырушылық жағдайларды жасауға бағытталыпты.

Сондай-ақ ол қазір Қалалық құрылысы кодексі әзірленіп жатқанын, оның ішінде қоғамдық тыңдаулар өткізу қағидалары қарастырылатынын жеткізді. Естеріңізге салсақ, Мемлекет басшысы Үкіметке қала құрылысы кодексін дайындап, қабылдауды тапсырған болатын. Осы арқылы әр қаладағы жер учаскелерінің функционалды интерактивті карталары мен коммуналдық желілердің сұлбасы жасалады. Осыған байланысты жер кадастрында өнеркәсіптік мақсаттағы учаскелердің карталары көлік және коммуналдық инфрақұрылымның өзекті сұлбаларымен толықтырылады. Бұл орайда құрамына ғылыми институттар мен бизнес қауымдастық өкілдерінен тұратын жұмыс тобы құрылатынын айта кеткен жөн.

Онлайн кездесуде қатысушылар сәулет және қала құрылысының өзекті мәселелерін көтерді. Айталық, Қазақстан құрылысшылары қауымдастығы мен Қазақстан жобалаушыларының республикалық одағының өкілдері қалалық құрылысы жобасы шеңберінде қоғамдық тыңдаулар өткізуге қатысты сұрақты қойды.

Өз кезегінде Сәулет, қала құрылысы және қалалық құрылысы кадастры басқармасының бас маманы Құлан Құлышев қазір қалалардағы құрылыстың тығыздығына байланысты құрылыс жүргізуді ұйымдастырудың ережелеріне өзгерістер енгізілгенін жеткізді.

Айта кету керек, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінде қалаларды кешенді салу стандарты әзірленді. Жобаны әзірлеу Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында халықаралық тәжірибені ескере отырып, халықтың өмір сүру сапасын арттыру мақсатында қолға алынды. Спикерлердің айтуынша, құрылы тығыздығы мен нысандардың бейберекет салу мәселесі таяу арада ұмытылады. Бұл қолға алынған шаралар халық үшін барлық әлеуметтік маңызды нысанды ескере отыра жайлы құрылысты жоспарлауға мүмкіндік береді деп болжануда.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға