Жаңалықтар

Психотерапевт: 5-7 жастағы жеткіншекке гаджет беру героин берумен бірдей

Психотерапевт: 5-7 жастағы жеткіншекке гаджет беру героин берумен бірдей
Фото: Тимур Мұстафаев 26.04.2024 15:00 839

Осы аптаның басында Мәжіліс депутаттары ойын бизнесі, лотереялар және лотерея қызметі туралы заң жобасы мен оған ілеспе түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады. Бұл құжат лудоманиямен, яғни құмар ойынға тәуелділікпен күресуге бағытталған. Ал дәрігерлер бұл дертпен қалай күреседі? El.kz осы төңіректегі сұрақтарды психотерапевт Тимур Мұстафаевқа қойған еді. Ол психотерапияның ойынқұмарлықтан басқа да көптеген жаман әдеттерден (маскүнемдік, нашақорлық, тамаққа тәуелділік және тағы басқа) арылуға көмектесе алатынын айтты.  

El.kz: Адам лудоман, ойынқұмар болып тумайтын шығар. Мұндай жаман әдет қайдан, қалай пайда болады?

Тимур Мұстафаев: Лудоманияға икемділік, бейімділік деген бар. Бұл жерде атасы, әкесі немесе бір ағайыны кезінде карта ойнаған болуы міндетті емес. Басқа да әсер ететін жайттар бар. Әулетінде болған күннің өзінде олар ақша тікпей, жәй ойнаған шығар. Ал біздің заманымызда бұл ойынқұмарлыққа айналды. Уақыт өзгеріп жатыр. Адамдардың ақша тігіп ойнауы жаппай етек алды. Кеңес кезінде көбіне ақша тігіп ойнамайтын.

El.kz: Сонда Кеңес үкіметі кезінде лудомания болмады ма?

Тимур Мұстафаев: Болды. Жасырын орындарда ойнады. Пәтеріне дейін ұтқызып жібергендер болды. Басында, әрине, ақшаға ойнады ғой. Мен «ақша тікпейді» деп қарапайым отбасыларды айтып отырмын. Олар жәй карта ойнаған. Соған ғана қызықты.

Ал лудомания 100-200 жылдан бері бар. Одан да әріге кетуі мүмкін. Бірақ бұның біз үшін маңызы жоқ. Бәс тігу АҚШ-та пайда болған. Содан бері әлемге жайылды. Ойын бизнесі бар. Ойын мафиясы бар. Олар осы саланы иеленіп, қыруар пайда отыр. Бұған кейбір елдерде, мысалы, Оңтүстік Корея мен Түркияда тыйым салынған.

Ойынқұмарлық қазір неге кең тарап кетті? Бүгінгі заманда гаджеттер, яғни смартфондар, планшеттер, компьютерлер, жалпы жаңа технологиялар пайда болды. Бұлар ойынқұмарлықты одан сайын өршітіп отыр.

Жалпы, әулетінде ойнаған адам болуынан басқа да жайттар әсер етуі мүмкін дедім ғой. Жоғарыда мен айтқан бейімділікке үлкендер тек ойынға тәуелділігі жағынан ғана ықпал етпейді. Мысалы, егер атасының, әке-шешесінің немесе бір ағайындарының алкогольге тәуелділігі болған болса, баласы немесе немересі ойынға тәуелді болып шығуы мүмкін. Өйткені үлкендердің салынып ішкені балаға жиіркеніш тудырады да, ол құмарын басудың басқа жолын іздейді. Кейде онысы іздемей-ақ табылып жатады. Яғни оған ата-анасы смартфон сыйлайды. Сонымен ол телефонмен ойнауды бастайды. Атасы не әкесі сияқты ішпейді, бірақ сондай құмарлықтың бір түріне аңсары ауады. Сөйтіп, атасы не әкесі сияқты осы құмарлықтың азабын тартады. Яғни бір тәуелділік екіншісіне өтеді. Есірткіге қатысты да солай болады.

Смартфон шыққалы бері түрлі ойындардың қосымшалары пайда болды. Адамды ойынқұмарлыққа тартатын көптеген сайт бар. Бұл да бір ішімдік, бұл да бір есірткі. Бұл, әрине, химиялық зат емес, бірақ жұрт ойыннан да ләззат алады ғой. Шарап ішкендей боласыз.

Енді бұдан емделу үлкен түйткіл тудырып отыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, ойынқұмарлардың 5 пайызы ғана құлан таза айығып кете алады. Кейде 10 пайыз да болуы мүмкін. Емдегенде, адамды 2-3 жыл бойы бақылап отыру қажет. Ал бізде емшіге және тағы басқаларға бір рет қана барып шығуды әдетке айналдырған. Одан 2-3 жыл қойып кетуі мүмкін. Бірақ сосын қайтадан басталады. Бұл дұрыс емделмегендіктен.

El.kz: Дұрыс емделудің жолы қандай?

Тимур Мұстафаев:  Мен өзім алдымен кеңес беремін. Сосын амбулаториялық ем жасаймын. Яғни пациент социумнан, отбасы мен жұмысынан қол үзбейді. Және бұл үшін ол әлі де санасы дұрыс, тәуелділіктің екінші, үшінші сатысынан аспаған болуы керек.

Бірақ дерті асқынған, өздігінен емделгісі келмейтін, жиі өтірік айтатын адамдар ұшырасып жатады. Ол тіпті алаяқтық жолға түсіп кеткен. Қулық жасап тұрғаны, емделуге құлқы жоқ екені байқалады. Ол ұрлық жасап үйренген. Өйткені қарызға белшеден батып отыр. Бұл – клиникалық жағдай. Ондай адам клиникада жатып емделуі керек. Әрине, соған ниеті болса. Отбасынан, жақындарынан безіп, дәрігерге мүлдем қаралғысы келмейтіндер кездеседі. Амбулаториялық әдіспен де, клиникалық әдіспен де емделгісі жоқ. Өкінішке қарай, мұндай жағдай өте көп.

El.kz: Олар неге емделгісі келмейді?   

Тимур Мұстафаев:  Өйткені ойынқұмарлық психикалық ауытқудан болады. Оның ойыны осылып, қарызы көбейген сайын күйзелісі де арта түседі. Мұндай асқынған күйзелісті емдеу кейде мүмкін болмай кетеді. Отбасынан береке қашады. Осының салдарынан суицидке барып жатады. Әсіресе, жасөспірімдер, жап-жас қыз-жігіттердің жүрегі жараланғыш. Олар ойынқұмарлықтан құтыла алмай қалады. Бірақ ата-анасы мен жақындарын азапқа салып қойғанын ойлайды. Соларды аяйды. Сөйтіп, түйткілді шешудің жолы суицид деп есептейді. Бірақ бұл – қате қадам. Адам үмітін үзбеуге тиіс. Ниетіңді түзеп, өз-өзіңді қолыңа ал. Сонда сен жеңбейтін дерт болмайды.

Ойынға тәуелділігі асқынған енді біреулер, жоғарыда айтқанымдай, аялаяқтықпен, ұрлықпен айналысып кетеді. Содан полицияның қолына түседі. Ұрлық жасаған, жалпы қылмыс жолына түскен адамның өстіп түрмеден бір-ақ шығатыны мәлім. Бұлар да соңғы сатыға жеткендер. 

Ал бұның алдын алуды мектептен бастау керек еді. Балаға неге бастауыш сыныптан смартфон, планшет, компьютер беріп қояды? Бұл жерде бірден ақша тігіп ойнау міндетті емес. Олар жәй компьютерлік ойыннан бастайды. Ондай балалар өте ақылды, сондай білгір. Тіпті шет елде оқыған болуы мүмкін. Яғни бұлар өте жақсы білімі бола тұра, тәуелділікке ұшырайды. Өйткені оларды әке-шешесі қадағаламайды. Қолына смартфон беріп қоя салады. Содан бір күні бала теңге тігіп ойнауға көшеді. Ақша тіпті оңай жолмен келе бастайды. Олар соған қызығып, лотореяға, букмекерге барады. Сондықтан ата-ана баланы ондайға 3, 5, 7, 8 жастан бастап дағдыландырмаудың жолын ойлауы керек. 16 жасқа дейін ми өте қарқынды дамиды. Ал соған дейін бала смартфон сияқтыларға дағдыланып алса, қиын болады. 5-7 жастағы жеткіншекке гаджет беру героин берумен бірдей.

El.kz: Сіз гаджеттерді айтып отырсыз. Бірақ олар жоқ кезде де ойынқұмарлар болды ғой...

Тимур Мұстафаев: Иә, болды.

El.kz: Ал олар неден бастады?

Тимур Мұстафаев: Олар картадан бастады. Кейін кей жерлерде рулеткалар болды. 90-жылдардың аяғы мен 2000 жылдардың басы еді бұл. Бірақ ата-аналар бұны қалыпты жағдай деп ойлады. Өйткені олар ақша тігу деген ойынқұмарлыққа, лудоманияға айналып кететінін білген жоқ. Сөйтіп, олар балаларының ойнауына рұқсат берді. Бұған өте жеңіл қарады. Бірақ 10-15 жыл өткеннен кейін ол ойынға деген тәуелділікке айналды. Компьютерге тәуелділік пайда болды.

Бір қызға бірінші сыныпта компьютер сыйлаған ғой. Ал алтыншы сыныпта оқу жылы басталғанда ол әлгі техникасын көрсетіп: «менің бар дүнием осының ішінде» деген. Бұл күні балалар мектепте болуы керек қой. Ал қыздың сабаққа барғысы жоқ. «Компьютердің алдынан шықпаймын, білімді содан аламын» дейді. Яғни ол екі әлемді шатастырып алған. Мына біз өмір сүріп отырған шынайы әлемнен қиял әлеміне өтіп кеткен. Тек интернеттің ішінде отырып, интернет-дүкендерге, басқа да қызықтарға кіріп, ойындарға да кіріп, үйде отырғысы келеді. Неге? Өйткені онда енді психикалық ауытқу бар. Оның қоғаммен байланысы үзілді.

Ал бала үнемі қоғаммен байланыста болуы керек. Өйткені әр адам басқа адаммен араласқанда ғана дамиды. Ең алдымен қоғаммен байланысу керек. Сонда миы дамиды. Ми табиғатпен етене болса, бір нәрсемен әуестенсе дамиды. Егер бала жүгіруге, музыкаға, биге, суда жүзуге, велосипед тебуге және тағы басқаларға әуес болса, миға мол ақпарат келіп түседі. Кейде тыныш жатып та, көп мәліметке қол жеткізуге болады. Ал егер осындай ми қатты дамып жатқан кезде бала тек қана компьютерге әуестенсе, бұл жақсылыққа апармайды. Әрине, миына ғаламтордан көп мағлұмат келуі мүмкін. Бірақ ол соған тереңдей алмайды, ақпаратты талдау қабілеті дамымайды, бәріне үстірт қарайды. Аяғында ойынға тәуелді болып қалады. Лудомания – тез өршитін дерт. Адамды бір жылда танымай қалуың мүмкін. Бұл ата-ананың қателігінен де болады. Олар баласының ойынқұмар екенін кеш біледі. Ол ойнаймын деп айтпайды ғой. Олар ақша жоғалғанын білгенде, содан шындық ашылғанда, баласын бірден маманға емдетуге алып келмейді. Бір жолға кешіреді. Қарызын жаба салады. Сол кезде уәде беріп, жарты жыл немесе бір жол ойнамай қоюы мүмкін. Бірақ одан кейін тағы бастайды. Тағы кешірім сұрайды. Тағы қарызы қайтарылады. Тағы, тағы... сөйтіп, қайталана береді.  

El.kz: Неге олай болады?       

Тимур Мұстафаев: Өйткені ата-ана басқаға басын ауыртпай, қарызын өтеп бере салғанды жөн көреді. Жаңа айтқанымдай, баласын емдетуге апармайды. Ал негізі, бір байқағаннан емдетуге қам жасау керек. Егер адам бір рет ойнаса, оның сөзіне, уәдесіне сенбеу қажет. Өйткені ойынқұмарлық қайтып оралады. Бұл есірткі дедік. Есірткіден де құтылу оңай емес қой. Ол әлгі «қиял әлеміне» еніп кетті.

Мұндай ұл-қыздардың басқалардан айырмашылығы – оларда құмарпаздық бар. Бұл басқалардікі сияқты жәй құмарпаздық емес. Бұл – патологиялық құмарпаздық. Ойынқұмарлық, лудомания деген не десеңіз, бұл – бақылауға келмейтін, құмар ойынға деген патологиялық әуестік.

El.kz: Өзіңіз адамдарды лудоманиядан емдейсіз. Қанша адамды емдедіңіз?

Тимур Мұстафаев: Нақты санын айта алмаймын. Бірақ көп адамды емдедім. Көп адам болғанда, өзі тәуелділіктен арылғысы келетіндерге, ақыл-кеңесімді тыңдап, айтқанымды орындайтындарға шипа дарытамын. Ем бір жыл бойы жасалады. Пациент болғандар арасында менімен әлі күнге дейін хабарласып тұратындар бар.

El.kz: Олар толық емделді ме?

Тимур Мұстафаев: Толық емделді. Бірақ емдеу курстарынан түгел өтпегендер толық айыға алған жоқ. Кейбірі бірінші курсты өтеді де, екінші курста отбасы қолдамай, басқа да себептермен келмей қояды. Олар – көбіне жақындарының мәжбүрлеуімен келетіндер. Негізі, солар жанашырлық танытпаса, адамның лудоманиядан, басқа да жаман әдетке тәуелділіктен арылуы қиын.

Дегенмен, барлық отбасы бірдей емес қой. Бәрі бірдей үнемі бақылап, қолдап отыра алмайды. Жалпы, ойынқұмарды емдеу дәрігерге ғана байланысты емес. Дәрігер күні-түні оның қасында болмайды. Ойынқұмардың өзіне де, оның отбасына да, басқа жанашыр жақындарына да арналған кеңестерім бар. Жақындары лудоманды тым болмағанда бір жыл бойы қадағалап отыруы керек. Жалғыз қалдырмауға тырысқан жөн. Сондай кезде ем қонады. Бірақ, өкінішке қарай, көбіне дерт меңдеп алған адамдар келеді. Төртінші сатыға өтіп кеткен. Мұндайда адам өзі қанша қалап тұрса да ойынды қойып кетуі қиын. Әлгінде айтқанымдай, оның миы екі әлемді шатастырып алған. Ондай адамға емді қалай жасайсыз? Басын скальпельмен қайтіп кесесіз? Миын ауыстыра аласыз ба? Жоқ, ештеңе істей алмайсыз. Шатастырды ма, бітті.

Психотерапияның көптеген әдісі бар. Мен бірнешеуін қолданамын. Соның бірінші кезектегісі – когнитивті-мінез-құлықты (когнитивно-поведенческая) терапия. Онда интеллектін, ойлау жүйесін, өмірге деген көзқарасын өзгертеміз. Бұл дегеніңіз – мимен жұмыс, қате ойлауға қарсы жұмыс. Емнің аты айтып тұрғандай, мінез-құлық та өзгереді. Осылай жақсы әдеттерді бойға дарыту үшін кемінде бір жыл уақыт керек. Оған пациент те икемделуге тиіс.

Жалпы, мимен ойнауға болмайды. Егер адам қандай да бір ойынды ойнаса, мысалы, кейіпкер ойынындағы (ролевая игра) біреу болып ойнаса, соның кейпіне бар ынтасымен кіріп алады. «Бұл менмін» дейді. Өзі соған қатты сенеді. Одан психикасы бұзыла бастайды. Бұл өте қауіпті.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы көптеген бейнеойындарды АХЖ қатарына жатқызды. Бұл – аурулардың халықаралық жіктемесі. Мұны жер бетінде бүкіл дерттің тізімі десе де болады. Көрдіңіз бе, бейнеойындар солардың қатарында тұр.

El.kz: Демек, емді алғашқы түйткіл туған кезде бастау керек қой? Тігетін ақшасы таусылып, алғаш қарыз алған кезден мән беріп...

Тимур Мұстафаев: Иә. Өкінішке қарай, біз осы жағынан қиындыққа тап боламыз. Өйткені ата-анасы немесе туыстары адамның құмар ойын ойнайтынын өте кеш біледі. Білген күнде де басында «қойып кетеді ғой» деген оймен аса назар аудара бермейді.   Сондықтан бұл жерде о бастан қадағалап, мән беріп отыру керек. Мысалы, мектепте балаңыз кімдермен жүр, кіммен не ойнап жүр, қайда барып жүр? Соның бәрін білген абзал.

Бірақ көбіне отбасында әлгіндей келеңсіз жағдай болып қалады. Жақынына дұрыс қарамайды. Жанына жалау болар сөз айтпайды. Бәрі жұмысбасты болып кеткен. Айтқандай, шектен шыққан жұмысбастылық та – бір тәуелділік. Оны да психотерапиямен емдеуге болады. Маскүнемдік пен нашақорлықтан арылудың да жолы – осы.  

Алайда бұл жерде біз ешкімді кінәламаймыз. Біз тек ақпарат береміз. Психотерапия дегеніміз, былайша айтқанда, ақпарат қой. Ақпарат кез келген тәуелділіктен емдейді. 

El.kz: Бұл бір пайдалы ақпарат болды деп ойлаймыз. Сұхбат бергеніңізге көп рахмет!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға