Жаңалықтар

Прокуратура Маңғыстаудағы «МАЭК» кәсіпорыны басшылығына  заң бұзушылықтарды жоюды міндеттеді

Прокуратура Маңғыстаудағы «МАЭК» кәсіпорыны басшылығына  заң бұзушылықтарды жоюды міндеттеді
Фото: maek.kz 28.06.2023 17:22 684

Маңғыстау облыстық прокуратурасы «МАЭК» кәсіпорынында соңғы 6 жылда орын алған  заң бұзушылықтарды жоюды міндеттеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.  

Маңғыстау облыстық прокуратурасының «МАЭК» ЖШС-не  2016-2022 жылдарға арналған жоспарлы кешенді тексеру жұмыстарының қорытындысы бойынша жиын өткен болатын. 

Кеңеске Маңғыстау облысының прокуроры, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің департамент басшысы, экономикалық тергеу департаментінің басшысы және басқа да мемлекеттік ұйымдардың өкілдері қатысты.

Жиында Маңғыстау облысының прокуроры Руфат Құттықов кәсіпорынның 6 жылдағы жұмыс нәтижелері тексерілгенін, кешенді тексеру объективті түрде өткендігін атап өтті. Анықталған заң бұзушылықтардың себебі-қаржыландырудың төмен мөлшерде болуы және жоспарлау барысындағы қателіктер. Сонымен қатар, басшылық тарапынан жіберілген кемшіліктер мен бақылау шараларының жеткіліксіздігі және заң бұзушылықтардың көп бөлігі уақытында шешімі табылмаған.

Кешенді тексеру жұмыстары уақытылы жүргізілді. Кәсіпорынды жаңғырту алдында энергокомбинаттың осал тұстарын анықтап, күшейтетін тұстарына назар аудару керек, - деп атап өтті Руфат Құттықов.

Өз кезегінде еңбек ұжымы мен бөлімше басшылары өндіріске назар аударып, технологиялық бұзушылықтарды жоюға бар күшін салатынын айтты.  Облыс прокуроры кешенді тексеріс кезінде метрология, атом және энергетика, өнеркәсіптік қауіпсіздік, ТЖ және СЭС саласында 400-ге жуық бұзушылықтар анықталғанын жеткізді. Қадағалау органының басшысы қылмыстық құқық бұзушылықтар бойынша тиісті процестік шешімдер қабылданатынын, барлық кінәлі тұлғалар жауапқа тартылатынын айтып, сөзін қорытындылады. 

Тексеру аяқталғаннан кейін Маңғыстау облысының прокуратурасы барлық бұзушылықтарды жою бойынша іс-шаралар жоспарын әзірледі. «МАЭК» кәсіпорны халық үшін аса маңызды стратегиялық нысан екенін тағы да атап өткім келеді. Қадағалау органы тарапынан болған тексеру, комбинатты жаңғыртуға оң серпін беретініне сенімдімін. Бұл мәселеге Үкімет тарапынан үлкен көңіл бөлінуде, - деді «МАЭК» ЖШС бас директоры Жасұлан Сүйіншалиев. 

Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев облысты дамытудағы басым бағыттардың бірі өңірді сумен жабдықтау және инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту екенін атады. 

Мемлекет басшысы бұған дейін көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру, жылу, су электр энергиясын үздіксіз беру және «МАЭК» кәсіпорынының қуатын күшейтуге ерекше назар аударуды тапсырған болатын. Біз қазір осы бағытта Үкіметтің қолдауын көріп отырмыз. Кәсіпорын басшылығы барлық атқарылып жатқан жұмыс міндеттемелерінің белгіленген мерзімде орындалуын бақылауды күшейтуі қажет. Қазіргі таңда ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстарын іске асыру, сондай-ақ «МАЭК» жаңғырту жоспары бар. Біз осы жоспарға сәйкес әрекет етеміз. Біздің мақсатымыз айқын-көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру, - деп сөзін қорытындылады өңір басшысы Нұрлан Ноғаев.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға