Жаңалықтар

Прокаттағы қазақ тіліндегі фильмдердің үлесі 30%-ға артады

Прокаттағы қазақ тіліндегі фильмдердің үлесі 30%-ға артады
Фото: gov.kz 08.06.2023 08:21 631

Елімізде 2023-2029 жылдарға арналған мәдени саясаттың тұжырымдамасы қабылданды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Құжатты Мәдениет және спорт министрлігі әзірлеген болатын. Тұжырымдамадағы негізгі іс-шаралар қазақстандық авторларға басымдық беруге және отандық өнімнің үлесін арттыруға бағытталған.

«Мәселен, 2030 жылға қарай еліміздегі театрларда сахналанатын қазақстандық авторлардың қойылымдарының санын 600-ге дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Ол үшін жаңа есімдер мен шығармалардың санын көбейту мақсатында түрлі байқаулар мен фестивальдер ұйымдастырылады»,-деді ҚР МСМ Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары Күміс Сейітова.

Министрлік 2030 жылға қарай жалпы кинопрокаттағы отандық фильмдердің, оның ішінде анимациялық фильмдердің үлесін 35%-ға дейін ұлғайту мақсатын қойып отыр. Бұл ретте прокаттағы қазақ тіліндегі фильмдердің үлесін 30%-ға дейін жеткізу көзделген.

Сондай-ақ, ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мәдени мұра тізіміндегі қазақстандық тарихи нысандарының санын 16 бірлікке дейін (бүгінгі таңда аталған тізімде 10 нысан), материалдық емес мұралардың санын 20 бірлікке дейін (бүгінгі таңда 14) ұлғайтуды жоспарлап отыр.

Тұжырымдамада қарастырылған тағы бір үлкен мақсат 2030 жылға қарай музейлер мен кітапханаларға келушілер санын 20%-ға ұлғайту. Бүгінгі таңда музейлер мен кітапхана қорларын цифрлы форматқа көшіру, жаңа жәдігерлер және әдебиеттермен толықтыру, кітапханаларды коворкинг орталықтар үлгісіндегі көпфункционалды нысандарға айналдыру бағытында жұмыс атқарылып жатыр.

«2023-2029 жылдарға арналған мәдени саясаттың тұжырымдамасында негізгі 8 мақсатты индикатор мен 41 іс-шара енгізілді. Бұл жұмыстарды Мәдениет және спорт министрлігі мен жергілікті атқарушы органдарға бағынысты 8 мыңға жуық мәдениет ұйымдарының қызметкерлері шығармашылық бірлестіктермен бірге іске асыратын болады»,- деді Күміс Сейітова.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға