Жаңалықтар

Президенттікке үміткерлердің сайлауалды шаралары жалғасуда

Бұл туралы штабтың баспасөз қызметі мәлім болды
Президенттікке үміткерлердің сайлауалды шаралары жалғасуда
Фото: Штабтың баспасөз қызметі 16.11.2022 15:36 1562

Президенттікке кандидат Қарақат Әбден отбасы және демография министрлігін құруды ұсынды. Бұл туралы Түркістан қаласында өткен сайлауалды кездесуде белгілі болды, деп хабарлайды El.kz

Кандидат атап өткендей, қоғамдағы көп мәселелердің түп-тамыры отбасыдан тарайды. Балалардың үлгерімі, тұлға ретінде қалыптасуы, суицид, тұрмыстық зорлық-зомбылық, аналар мен қарияларға қатысты проблемалардың барлығы отбасындағы тәрбиеге барып тіреледі. Қазір отбасы мәселесі түрлі ведомстволардың арасында шашырап жүр. Оның айтуынша, отбасы мәселелерімен әлеуметтік қорғау, ағарту, ғылым және жоғары білім, денсаулық сақтау, ішкі істер министрліктері, әкімдіктер мен өзге де органдар айналысады.

«Отбасы және демография мәселелерімен айналысып жүрген құзыретті ведомстволардың арасында өзара байланыс жоқ. Отбасы институтын бұлайша қолдау мүмкін емес. Отбасы мен отбасы мүшелері бұл министрліктер үшін - индикатор ғана. Мысалы, жұптардың ажырасуы еш трагедия емес, базадағы жазбаның өзгеруі ғана. Меморгандардың ешқайсысы азаматтарға "отбасы", "отбасы мүшесі" деген тұтас ұғыммен қарамайды, жекелеген адам ретінде ғана қарайды. Ал бізге ең алдымен отбасы маңызды. Оның тұтастығы, бақытты болуы маңызды», - деді үндеуінде кандидат. Өз сөзінде Қ.Әбден халық санының өсуі мен берік отбасы – кез келген дамыған елдің ұмтылатын басты мақсаты екендігін жеткізіп, отбасын қолдау және нығайту — елдің табысты дамуының кепілі бола алатынын айтты. 

Кандидат Нұрлан Әуесбаев елордадағы «Жұмбақтас» қонақүйінің конференц-залында сайлаушылармен кездесті.

Іс-шара барысында жиналған қауымға өзінің сайлауалды бағдарламасының басым бағыттары жөнінде баяндап берді.

Нұрлан Әуесбаевтың пікірінше, мемлекет алдында тұрған басты міндет – саяси жүйе реформасы. Қазақстан парламенттік-президенттік басқару үлгісіне өтуі тиіс. Яғни, президент өкілеттігін қайта қарастыру қажет.

Мемлекет басқарудағы басты рөл парламентке тиесілі болуы тиіс. Заң шығарушы бұл органды қайта жасақтау қажет. Бұл мақсаттағы алғашқы қадам Сенатты жоюмен айқындалады. Мәжілісті күшейтпек керек. Бұған қол жеткізу үшін ЖСДП-дан кандидат Мәжіліс депутаттарының санын көбейтуді ұсынады. Сонымен бірге депутаттардың 50%-ы ғана партия тізімдері бойынша сайлануы тиіс. Халық қалаулыларының тең жартысы бір мандаттық округтардан, өзін-өзі сайлаушылардан құралуы қажет. Бұл парламентарийдің электорат алдындағы жауапкершілігін арттырады.

Президенттікке үміткерлердің сайлауалды шаралары жалғасуда

Кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың Республикалық қоғамдық штабының мүшелері Түркістан облысының және Шымкент қаласының тұрғындарымен бірқатар кездесу өткізді.

Мәселен, Түркістанда өңір жұртшылығымен, ақсақалдармен және қоғамдық пікір көшбасшыларымен кездесу өтіп, оған 350-ге жуық адам қатысты. Кандидаттың сайлауалды бағдарламасының өңірлерді дамытуға және ауылдағы әлеуметтік инфрақұрылымды жақсартуға арналған блогына ерекше назар аударылды.

«Алдағы жылдардағы ел болашағын айқындайтын сайлауға бірнеше күн қалды. Оңтүстік өңірдің тұрғындары әрқашан айрықша саяси мәдениетімен ерекшеленді. Олар осы жолы да жоғары азаматтық белсенділік танытып, сайлауға барынша көптеп қатысады деген ойдамын. Бұл – еліміздің табысты дамуы үшін маңызды. Бұл – барша қазақстандықтар үшін маңызды», – деп атап өтті Республикалық қоғамдық штабтың мүшесі Елнұр Бейсенбаев.

Бұдан соң, жергілікті жылыжайлардың бірінің алаңында РҚШ мүшелері шаруалар мен ауыл жастарына сайлауалды бағдарламада көрініс тапқан ауыл шаруашылығының өнімділігін арттыру шараларын түсіндірді.

Осы күні штаб мүшелері салынып жатқан Мұз сарайына барып, құрылысшылармен әңгімелесті. 100-ден астам адам қатысқан кездесу барысында РҚШ мүшелері кандидаттың еңбек адамын қолдау жөніндегі басымдықтарына назар аударды.

Президенттікке үміткерлердің сайлауалды шаралары жалғасуда

 

Кандидат Мейрам Қажыкен Жамбыл политехникалық колледжінің студенттерімен кездесті.

Кездесу сұхбат форматында өтті. Студенттер елдегі және әлемдегі қазіргі жағдай туралы үміткердің пікіріне қызығушылық танытты. Оқушылардың бірі М.Қажыкеннің бес түркі мемлекеті – Қазақстан, Әзірбайжан, Қырғызстан, Өзбекстан және Түркия одағына  көзқарасын сұрады.

"Мен бұл одақты қолдаймын. Қазір әлемде 200 миллионға жуық түрік тұрады. Жақында Самарқандта түркі мемлекеттері ұйымының саммиті өтті. Қатысушылар бұл мәселені көтерді. Мен бір мемлекетке бірігуін емес, түркі халықтарының Одақ болуын қолдаймын. Бірігіп, біз өз тәуелсіздігімізді қорғай аламыз. Қазір Украинада не болып жатқанын бәріміз білеміз. Түркия президенті сыртқы қауіптер туындаған жағдайда оның елі Қазақстанға қолдау көрсететінін айтты", - деді ол.

Республикамыздың қорғаныс жағдайы туралы сұраққа жауап бере отырып, М. Қажыкен қазір Отандық қару-жарақты белсенді өндіруді бастайтын уақыт келгенін атап өтті.

"Біз мықты болуымыз керек. Жаңа әскери доктринаны әзірлеуіміз керек, әскери дрондар сияқты техникамызды шығаруымыз керек. Бұл үшін барлық мүмкіндіктер бар. Бұрын біз Ресейден техника сатып алдық. Бірақ бізге жаңа технологиялар, заманауи қару-жарақ қажет. Бұл ұлттық қауіпсіздіктің маңызды мәселесі. Егер біз мықты болсақ, бізді құрметтейді. Солай ма?" - деп атап өтті кандидат.

Президенттікке үміткерлердің сайлауалды шаралары жалғасуда

Кандидат Жигули Дайрабаев үгіт-насихат жұмыстарын Батыс Қазақстан облысында жалғастыруда. Өңірге арнайы келген кандидат Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде кездесу өткізді. Жиынға универсеттің басшылары мен оқытушуылық құрамы, студенттер, жоо белсенділері қатысты. Кездесу барысында оқу ордасында білім алған мамандардың жұмыспен қамтамасыз етілуі талқыға салынды.

«Иә, расында ауылдық жерлер мен қаланың даму деңгейінде айырмашылық бары жасырын емес. Осыны анық аңғарып, көріп жүрген жастар оқу бітірген бойда алдымен қалада қызметін бастап, сол жерде тұрақтап қалуды көздейді. Бірақ өзіміз айтқандай, ауылдарды дамыту мемлекеттің басты бағыттарының біріне айналып отыр. Осы ретте «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасына өзгерістер енгізу қажет деп санаймын», – деп атап өтті Жигули Дайрабаев.

Кандидат ауылдан шыққан жастар, қайта ауылға оралып, өз туған жерінің дамуына үлес қосуы қажет дейді. Ол үшін оларға барлық жағдай жасалуы тиіс. Ауылдық елді мекендердегі білікті маман тапшылығының орнын толтырудың бірден-бір жолы осы. «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасының аясын кеңейтіп, жұмысты жаңа деңгейде жалғастырған жөн.

«Еліміздегі ауыл шаруашылығы бағытындағы университеттердің түлектері неге мамандық бойынша жұмыс істеуге бармайды? Біріншіден, саладағы жалақының төмендігіне байланысты. Екіншіден, ауылдағы тұрмыстық жағдайдың қиындығы, көптеген ауылдарда қарапайым суық су, интернет жоқ, жолдар өте нашар. Үшіншіден, балаларға арналған дамыту орталықтарының жоқтығы. Сондықтан «Ауыл» партиясы ұсынып отырғандай, ауыл және ауыл шаруашылығы мәселелерін бірлесіп шешу қажет», – деген пікірде Жигули Дайрабаев.

Қандидат Жигули Дайрабаев «Жайық Ет» кәсіпорнына барып, еңбек ұжымымен кездесті. Бүгінде заманауи ет өңдеу кешені 8 мың тонна өнім шығарады. Кәсіпорын өндіріс көлемін арттыруға ниетті. Алайда зауыт басшылығының айтуынша, несие алу бойынша қиындықтар туындап отыр.

Осы ретте Жигули Дайрабаев агробизнес құрғысы және аграрлық саланы нығайтқысы келетіндер үшін пайызсыз несие беретін арнайы агробанк құруды ұсынғанын атап өтті.

Президенттікке үміткерлердің сайлауалды шаралары жалғасуда

 

ҚР Президенттігіне кандидат Салтанат Тұрсынбекова Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығының Павлодар қаласындағы филиалында болды. Мұнда ішімдік пен есірткіге тәуелді азаматтар оңалтудан өтеді.

 «Мені осы мәселені жақсы білетін адам ретінде қабылдағандарыңызды қалаймын.  Өйткені, бұл мәселе менің жақын адамдарымның да өмірінде болды.  Ол кісімен бірге отырып, жылап, кейде ашуланған түндерім де болды. Мен әрқашан жақын адамдарымның, құрбыларымның және барша қазақстандықтардың басында мұндай келеңсіз жағдай ешқашан болмағанын қалайтынмын.  Мен Павлодардағы орталыққа осы себеппен келдім. Әрине, біздің аймақтық штаб зауыттарды, ауруханаларды және т.б. мекемелерді ұсынды. Бірақ мен сіздердің мәселелерңізге бей-жай қарай алмаймын, елдегі есірткі мен ішімдіктің таралуына байланысты ахуалды өзгерткім келеді», – деді ол.

Президенттікке үміткерлердің сайлауалды шаралары жалғасуда

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға