Президенттікке үміткер Нұрлан Әуесбаев лингвистика емтиханынан өтті
Бұл туралы Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы мәлімдеді
Президенттікке үміткер Нұрлан Әуесбаев лингвистика емтиханынан өтті, деп хабарлайды El.kz.
Лингвистикалық комиссия кандидаттың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін үш бағыт бойынша анықтады: шығарма жазу, қазақ әдебиеті классиктерінің шығармасынан үзінді оқу, кандидаттың таңдаған тақырыбына көпшілік алдында сөз сөйлеуі.
Отырыстың қорытындысын Лингвистикалық комиссияның төрағасы, филология ғылымдарының докторы, профессор Әділ Ахметов баяндады.
Кандидат «Түркістан – ер түріктің бесігі» тақырыбына шығарма жазды. Жазба жұмысы мазмұны, стилі, емлесі, тыныс белгілері бойынша бағаланды. Екінші тапсырма бойынша Жүсіпбек Аймауытұлының «Ақбілек» романынан ауызша үзінді оқыды. Үшінші тапсырма бойынша «Ана тілім – асыл қазынам» тақырыбына ойын ауызша баяндады.
Емтихан қорытындысы бойынша Лингвистикалық комиссия Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат мемлекеттік тілді еркін меңгергендігі туралы ашық дауыспен бірауыздан шешім қабылдады.
