Жаңалықтар

Президенттің айтқанымен келісемін - депутат

Сенат депутаты Серікбай Тұрымов Президент және Парламент сайлауы туралы пікір білдірді
Президенттің айтқанымен келісемін - депутат
Фото: kz.telegram-store.com 01.09.2022 13:55 2925

Күзде Президент сайлауы, келесі жылдың бірінші жарты жылдығында Парламент сайлауы өтеді. Оған қатысты Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенат депутаты Серікбай Тұрымов пікір білдірді, деп хабарлайды El.kz

«Бүгін мемлекет басшысы сайлау туралы өз аузынан ашық түрде айтты. Биыл күзде Президент сайлауы, келесі жылдың бірінші жарты жылдығында Парламент сайлауы өтеді. Бұны дұрыс шешім деп есептеймін. Қазір мемлекеттегі әлеуметтік, экономикалық жағдайларды жақсарту үшін Президенттің айтқанымен келісемін. Коституциямызға сәйкес белгілі бір жасқа келген, осы елдің азаматы болып, кандидатқа түсуге мүмкіндігі бар», - деді Серікбай Тұрымов.

Енді Президент мандатының ұзақтығы 7 жыл болады. Еске сала кетсек, кезекті Президент сайлауы 2024 жылы, Парламент сайлауы 2025 жылы өтуі тиіс еді. Енді оның мерзімі қысқартылады. 

«Сонымен, биыл Президент сайлауы, келесі жылы Мәжіліс және мәслихат депутаттарының сайлауы өтеді. Содан кейін Үкімет құрамы жасақталады. Соның нәтижесінде 2023 жылдың ортасында Президент, Парламент, Үкімет сияқты негізгі саяси институттардың бәрі қайта жаңғырып, жаңарады», - деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жолдауында.

Кәмелеттік жасқа толмаған балаларға Ұлттық қордан қаржы аударылады. Әр балаға 18 жасқа толғанға дейін ұлттық қордың жыл сайынғы инвестиция табысының 50%-ы оның есепшотына аударылып отыратын болады. Бұған қатысты Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты Айдос Сарым пікір білдірді.

«Ұлттық қорға түскен табысы кәмелетке толмаған балаларға түседі. Оны ата-анасы немесе өзі 18 жасқа толғанға дейін шығарып ала алмайды. Бұл экономикаға ғана емес орта, шағын бизнесті қаржыландыруға мүмкіндік береді. Келесі жылы дүниеге келетін балаларды алатын болсақ, жыл сайын оған ақша түсіп тұрады. Ол өзінің білім алатын немесе тұрғын үй несиесін төлеуге мүмкіндік алады», - деді Айдос Сарым. 

Балаларға берілетін бұл қаражат оның үлкен өмірге қадам басуына арқау болмақ.  

Еске салсақ, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жолдауында «Балалар жылының аясында «Ұлттық қор – балаларға» атты мүлде жаңа бағдарламаны жүзеге асыру өте маңызды деп санаймын. Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызын балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аударуды ұсынамын», - деген еді.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға