Жаңалықтар

Президентікке үміткерлер сайлаушылармен кездесті

Бұл туралы штабтың баспасөз қызметі мәлім етті
Президентікке үміткерлер сайлаушылармен кездесті
Фото: Штабтың баспасөз қызметі 17.11.2022 12:05 1845

Президенттікке кандидат Қарақат Әбденнің ел өңірлеріндегі сайлауалды сапарлары жалғасуда. Бүгін ол Тараз қаласының сайлаушыларымен кездесті, деп хабарлайды El.kz

Үйде патронаждық қызмет көрсетудің әмбебап жетілдірілген моделі аясында кандидат патронаждық медбикелермен бірге жүкті әйелдердің отбасыларына барды. «Жанұя» емханасының бас медбикесі Сәуле Калетаева атап өткендей, патронаждық қызметтің бұл моделі ана мен бала денсаулығын бақылауға алып, зиянды факторлардың алдын алуды көздейді. Жүкті және босанған әйелдердің үйлерін аралап, әлеуметтік қызмет көрсету – өзінің нәтижелілігін дәлелдеген маңызды бағыт. Сондай-ақ кездесу барысында патронаждық қызметкерлер бұл салада кәсіби мамандардың жетіспеушілігі жайлы сөз қозғады.

Қарақат Әбденнің пікірінше, әлеуметтік маңызы зор патронаждық қызметке қолдау көрсету қажет.

«Ана мен бала денсаулығы – ұлт байлығы. Жүкті әйелдердің денсаулығына зиян келтіретін жағымсыз факторларды болдырмау керек. Статистикаға сүйенсек, жағдайдың қиын екендігін аңғаруға болады. Қазіргі кезде аутизммен ауыратын балалардың саны 20 есе өскен, орфанды және ауыр науқасқа шалдыққан балалар көп. Сондықтан бастапқы кезеңдерден бастап профилактикалық жұмыс жүргізіп, күрделі мәселелердің алдын алу қажет. Осы орайда патронаждық қызметтің маңызы зор, патронаждық қызметкерлердің еңбегі сұранысқа ие. Алайда біздің қоғам патронаждық медбикелерді күтуші немесе қараушы ретінде қабылдайды. Шын мәнінде, патронаждық медбике – жоғары білікті маман және қоғам мен мемлекеттің оларға деген көзқарасы да басқаша болғаны абзал. Патронаждық қызметті қолдау үшін нақты шаралар қабылданып, оның мәртебесін арттыру мақсатында халық арасында ақпараттық-идеологиялық жұмыс жүргізу керек», - деді кандидат.

ҚР Президенттігіне Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы атынан кандидат Нұрлан Әуесбаев Ақмола облысы Шортанды кентінде сайлаушылармен кездесті.

Іс-шара барысында жиналған қауымға өзінің сайлауалды бағдарламасының басым бағыттары жөнінде баяндап берді.

Қажетті инфрақұрылым жоқтығы секілді Қазақстанның бірқатар өңірлеріне тән мәселе Шортандыда да өзекті.

Президентікке үміткерлер сайлаушылармен кездесті

Нұрлан Әуесбаевтың пікірінше, жағдайды түзету үшін жергілікті өзін-өзі басқаруды күшейту керек. ЖСДП-дан кандидат барлық деңгейлі депутаттарды бір мандаттық округтардан ғана сайлау қажет деп есептейді. Сол кезде ғана халық қалаулылары сайлауалды уәделерінде тұрып, жауапкершілікті сезінетін болады.

Билікте де өзгерістер орын алуы қажет. Қазақстан парламенттік-президенттік басқару үлгісіне өтуі тиіс. Бұл дегеніміз, президенттің өкілеттіктері толықтай қайта қарастырылады.

Мемлекетті басқарудағы басты рөл парламентке тиесілі болуы керек. Заң шығарушы органды қайта жасақтау қажет. Депутаттардың 50%-ы партия тізімдері бойынша сайлануы қажет. Халық қалаулыларының тең жартысы бір мандаттық округтардан құралуы тиіс.

Президенттікке кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың Республикалық қоғамдық штабының мүшелері Алматы тұрғындарымен бірқатар кездесу өткізді.

Алматы қаласында өткен сайлаушылармен кездесуде Республикалық қоғамдық штабтың басшысы Ерлан Қошанов сайлау науқаны басталғаннан бері еліміздің барлық өңірінде 20 мыңнан астам үгіт-насихат іс-шарасы өткенін атап өтті.

«Қасым-Жомарт Тоқаевтың жақтастары қалалардың, аудандардың және шалғайдағы елді мекендердің тұрғындарымен кездесіп, кандидаттың сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарын түсіндірді. Жалпы, бір айға жетпейтін уақыт ішінде өткен үгіт-насихат шараларына 2 миллионнан астам қазақстандық қатысты», - деді Ерлан Қошанов.

Алматыда Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жатақханаларының бірінде студенттермен өткен кездесу барысында штаб мүшелері кандидаттың жастар саясатын жетілдіру жөніндегі басымдықтарына назар аударды.

Бұдан соң Қасым-Жомарт Тоқаевтың жақтастары саясаттанушылармен және сарапшылармен сайлауалды бағдарламаның саяси өзгерістерге, мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыруға және азаматтардың құқықтарын қорғауға арналған бөлімін талқылады.

Осы күні шағын және орта бизнес өкілдерімен кездесу өтіп, оның барысында РҚШ мүшелері кандидаттың кәсіпкерлікті қолдау және дамыту жөніндегі ұсынып отырған бастамалары туралы айтып берді. 

Зиялы қауыммен кездесуде РҚШ мүшелері кандидаттың тарихи мұраны сақтау, мәдениетті қолдау және отандық өнерді дамыту бойынша ұсынған шараларын талқылады.

Бүгін Петропавлда ҚР Президенттігіне кандидат Салтанат Тұрсынбекова Сәбит Мұқанов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында жергілікті халықпен кездесу өткізді. Онда ол Қазақстандағы әйелдер кәсіпкерлігін дамыту туралы айтты.

Үміткер мемлекеттік органдардың деректері мен зерттеулеріне сілтеме жасай отырып, статистиканы жариялады.

Президентікке үміткерлер сайлаушылармен кездесті

Әйелдер кәсіпкерлігі ШОБ секторындағы жұмыс орындарының 31,4%-ын қамтамасыз етеді. 2020 жылғы мәліметтерге сәйкес, Қазақстанда әйелдер басқаратын кәсіпорындардың үлесі 28,3 пайызды құрады. Олардың көпшілігі шағын және орта бизнес өкілдері, олар осы сектордағы жұмыс орындарының 31,4%-ын және елдің жалпы ішкі өнімінің шамамен 14,6%-ын қамтамасыз етеді.

Құқық қорғаушы шағын бизнес пен жеке кәсіпкерлерді салықтан толығымен босатуды ұсынатынын айтты.

«Кәсіпкерлердің аяққа тұруына мүмкіндік беруіміз керек. Олар орта деңгейге өткенде, жеңілдетілген салық салу қазірдің өзінде бар. Қызмет саласына байланысты жеңілдікті режим. Ал ірі бизнеске, әсіресе ойын бизнесіне, керісінше, салықты арттыруы керек», - деп атап өтті ол.

Сондай-ақ, жиналғандар кандидаттан сайлауалды бағдарламасы туралы сұрады. Атап айтқанда, әйелдердің зейнет жасын төмендету, сот реформасы және экономикадағы өзгерістер туралы сөз болды.

ҚР Президенттігіне Кандидат Мейрам Қажыкен Шымкенттегі Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінде болды. Мұнда ЖОО студенттерімен және оқытушыларымен кездесу өткізді.

Білім алушылар кандидатқа шынайы қызығушылық танытып, сұрақтар қойыа, белсенділік танытты. Олар білім беру, мәдениетті дамыту, саясат пен қатар экономика мен ұлттық қауіпсіздік тақырыптарын да көтерді.

М. Қажыкен оңтүстік облыстардың әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін, сондай-ақ елдің қорғаныс қабілетін арттыру үшін әскери және азаматтық техника өндірісі жолға қойылған қуатты әскери-өнеркәсіптік кешен құру қажет екенін атап өтті.

Президентікке үміткерлер сайлаушылармен кездесті

"Тараз бен Шымкент арасында Түлкібас кенті бар. Онда сіз үлкен технологиялық кластер жасай аласыз. Біз қазір халықаралық жағдайдың қандай екенін көреміз: Ресей мен Украина арасындағы соғыс, оңтүстіктегі көршілер бәрі тыныш емес. Біз өз тыныштығымызды қорғай білуіміз керек. Қаруымызды жасайтын уақыты келді. Мұны Түлкібаста жасауға болады. Ол үшін өндіріс дамуы керек. Тараз бен Шымкентте химиялық, темірбетон және металл өнімдерін өндіретін кәсіпорындар бар. Кластердің арқасында жұмыс орындары табылады. Егер сіз жақсы заманауи кластерді аша алсаңыз, онда қару-жарақ заманауи болады. Меің ойымша – болашақта осындай өндірісті құру керек", - деді кандидат.

М.Қажыкен айтуынша, бұл кластерде,  химия, биология, физика, инженерия пәндерін оқитын студенттер жұмыс істей алар еді. Өйткені бұл бағыттардың барлығы өнеркәсіптік-технологиялық кластердің ашылуы мен жұмыс істеуі үшін қажет.

Үмміткер жиында жас ұрпаққа, олардың күшіне және қалыптасқан әлемді өзгертуге деген сенімін білдірді.

"Жастар барлық уақытта ересектерден ерекшеленді. Сіз бізден өзгешесіз. Сізде ашық көзқарас бар, сізде қорқыныш жоқ. Бұл жолдан таймаңыз. Әлемге ашық болыңыз, жасырынбаңыз. Болашақта сіз де жастарды оқытып, оларға білім мен тәжірибе бересіз", - деп қосты ол.

Үміткер өзінің саяси бағдарламасында жастарға үлкен басымдық жасайды. Оның айтуынша, қазір жастар үшін қоғамның  барлық салаларында қажетті жағдайлар жасау қажет.

"Мен Президент болған кездегі міндетім-сіздерге есік ашу, мүмкіндіктер беру. Жастарды алдау мүмкін емес, Мен оған студенттермен кездескен сайын ккөзім жетеді. Сондықтан мен оларға шындықты айтамын", - деді М.Қажыкен.

Ол сондай-ақ тұрғын үймен қамтамасыз ету, жалақыны, зейнетақыны, әлеуметтік төлемдерді арттыру, медицина сапасын жақсарту мәселелерін де айналып өтпеді.

Студенттер үміткерден президенттіктің бірінші күнінде не істегісі келетінін сұрады. "Әрине, мен кәсіподақ мәселелерін шешемін. Олар мені алға тартты, мен олардың сенімін ақтауым керек. Бұл тұрғыда менің міндетім – барлық тараптардың-еңбекшілердің, жұмыс берушілердің және мемлекеттің мүдделерін сақтай отырып, тең құқықтармен әлеуметтік әріптестік институтын құру", - деді Мейрам Қажыкен.

Бүгін «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы төрағасының орынбасары,  Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат Жигули Дайрабаевтың сенімді өкілі Николай Арсютин Солтүстік Қазақстан облысының Қызылжар ауданы Чапаево елдімекенінде орналасқан  «Қызылжар сүт» ЖШС кәсіпорнына барып, еңбек ұжымымен кездесті. Кездесу барысында кандидаттың сауалды бағдарламасының негізгі бағыттары баяндалып, партияның жұмысы туралы егжей-тегжейлі айтылды.

Жигули Дайрабаев өзінің бағдарламасында Қазақстан шикізаты бай мемлекет бола тұра, өз халқын қолжетімді отынмен және энергетикалық ресурстармен қамтамасыз ете алмай отырғандығын атап өтті. Осы ретте көпшілікпен кездескен Николай Арсютин бағдарламада ауыл шаруашылығы саласын дамытуға ерекше ден қойылғандығына тоқталды.

««Ауыл» партиясы ауылдық елді мекендерді жаңғырту жөніндегі ұзақ мерзімді ұлттық стратегияны заң деңгейінде қабылдауды  ұсынып отыр. Әсіресе, ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің мәртебесін арттыру өте маңызды. Қала тұрғындарын коммерциялық үстеме бағасыз азық-түлік тауарларымен қамтамасыз ету үшін мегаполистерде, моноқалаларда, облыс және аудан орталықтарында тұтыну қоғамдары мен кооперативтер желісін құру және дамыту жоспарланған», деді Николай Арсютин.

Президентікке үміткерлер сайлаушылармен кездесті

Өз кезегінде кәсіпорын қызметкерлері кандидаттың бастамаларын тыңдап, аталмыш жобалар жүзеге асса саладағы қордаланған мәселелер шешім табарына сенім білдірді.

Өндіріс ошағынан кейін партия өкілдері Петропавл қаласындағы Сәбит Мұқанов атындағы кітапханада сайлаушылармен кездесу өткізді. Жиында кандидаттың алдағы уақытқа жоспарлары, «Ауыл» партиясының жобалары төңірегінде әңгіме қозғалып, жұртшылықтың сұрақтарына жауап берілді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға