Жаңалықтар

Президентікке үміткерлер сайлаушылармен кездесті

Бұл туралы штабтың баспасөз қызметі мәлімдеді
Президентікке үміткерлер сайлаушылармен кездесті
Фото: Штабтың баспасөз қызметі 08.11.2022 16:11 2217

Президенттікке үміткерлер сайлаушылармен кездесу өткізді, деп хабарлайды El.kz.

 ҚР Президенттігіне Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы атынан кандидат Нұрлан Әуесбаев Орал қаласындағы Гагарин атындағы кинотеатрда сайлаушылармен кездесу өткізді.

Іс-шара барысында кандидат жиналған қауымға өзінің сайлауалды бағдарламасының негізгі қаулылары жөнінде айтып берді.

Жекелей алғанда, кандидат сыртқы саясат мәселелеріне келгенде Қазақстан әскери блоктарға қатыспайтын, қолдамайтын мемлекет ретінде берік позициясын сақтауы керек деп есептейді. Бұл бүгінгі күні орын алып отырған геосаяси жағдайда өте өзекті.

Әуесбаевтың пікірінше, басқа мемлекеттер біздің есебімізден байып, адал бәсекелестік шарттарын бұзып, өз өндірушілерінің қызығушылықтарын қорғайтын жағдайларда қатаң ойын ережелерін орнату керек.

Кандидаттың пайымдауынша, стратегиялық салаларда Қазақстан протекционизм позициясын ұстану қажет.

Тоқаевтың республикалық қоғамдық штабы Солтүстік Қазақстанның шаруаларымен кездесті.
 
Президенттікке кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың Республикалық қоғамдық штабының мүшелері Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындарымен бірқатар кездесу өткізді.
 
Штаб мүшелері «Петерфельд Агро» өндіріс базасында солтүстікқазақстандық шаруалармен және ауылшаруашылық тауарларын өндірушілермен кездесті. Іс-шара барысында кандидаттың сайлау алдындағы бағдарламасында көрсетілген алдағы жеті жылда ауыл шаруашылығын дамытуға арналған шаралар талқыланды.
 
«Соңғы үш жарым жылда Қазақстан ауыр сын-қатерлермен бетпе-бет келді. Пандемия, қасіретті қаңтар оқиғасы, бүгінгі геосаяси ахуал еліміздің дамуына өз салдарын тигізді. Соған қарамастан біз Тәуелсіздігімізді сақтап, мемлекеттілігімізді нығайтып, бірлігімізді арттыра түстік. Қазіргі таңда еліміз жаңа Әділетті Қазақстан құру жолындағы тарихи кезеңге қадам басып отыр», – деді Республикалық қоғамдық штаб делегациясының басшысы Мәулен Әшімбаев.


 
Сондай-ақ РҚШ мүшелері Бескөл ауылында жұртшылықпен кездесіп, өңірлердің инфрақұрылымын дамыту жөніндегі сайлау алдындағы бастамаларды талқылады.
 
Петропавл қаласындағы Kozybayev University университетінде өткен жастармен кездесуде Штаб мүшелері еліміздің барлық жас азаматын өз қабілетін толық жүзеге асыруы үшін әлеуметтік-экономикалық тең мүмкіндіктермен қамтамасыз етуге қатысты сайлау алдындағы бастамаға назар аударды.
 
Сонымен қатар Тоқаевтың жақтастары С.Мұқанов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада жергілікті сарапшылармен кездесті. Кездесуде кандидаттың азаматтардың құқықтарын қорғауға, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға және мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыруға қатысты басымдықтары талқыланды.
 
Одан бөлек, қағаз өнімдерін өндіретін «Raduga KDR» компаниясының және «Alageum Electric» электротехникалық зауытының ұжымдарымен кездесулер өтті. Бұл іс-шараларда Штаб мүшелері сайлау алдындағы бағдарламада айтылған қауіпсіз еңбек ортасын құру және еңбек заңнамасын ырықтандыру мәселелерін түсіндірді.

Президенттікке кандидат Салтанат Тұрсынбекова Қазақстанның өңірлерін аралап, халықпен кездесуін жалғастыруда. Бұл жолы ол Қостанай қаласындағы №4 емхана ұжымымен кездесу өткізді.

Емхананы аралау барысында үміткер тек медицина қызметкерлерімен ғана емес, науқастармен де тілдесті. Науқастардың бірі дәрі-дәрмек бағасының қымбат екеніне шағымданды. Ол 1 курс ем үшін тек инъекцияға 40 000 теңгеге жуық қаражат жұмсағанын айтты.

 «Күн өткен сайын дәрі-дәрмек қымбаттап барады! Жақында маған инъекциялар тағайындалды: 10 рет бірден 3 уколдан алатын болдым. Бір ампуласы 1300 теңге тұрады. Менің еміме бірден 30-ы қажет болды, бұл - басқа препараттарды, шприцтерді және басқа да шығындарды есептемегенде шығатын сома», - дейді емханадағы пациенттердің бірі.

Тағы бір науқас ауруханаға қаралуға жазылудың өзі қиын екенін айтты.

«Мысалы, мен көзімді тексерткім келеді.  Терапевтке жазылуым керек, одан офтальмологқа бару керек. Тікелей көз дәрігеріне барып қарала алмайсың, бәрін терапевт арқылы жасау керек. Ал терапевтке де, көз дәрігеріне де ұзын-сонар кезек бар. Кабинеттер арасында жүгіріп жүріп, шаршайсың», - дейді ол.

Құқық қорғаушы Салтанат Тұрсынбекова мемлекет пен халық ынтымақтаса жұмыс істеу керектігін баса айтты. Үміткердің пайымынша, дәрігерлер мен медицина қызметкерлеріне жақсылап еңбек жағдайын жасау керек, өйткені азаматтарымыздың өмірі осы мамандарымызға тікелей байланысты:

 «Денсаулық сақтау жүйесінде, медицинаға қаржы бөлуде барлық жерде шешімін таппаған мәселелер көп. Бұл мәселелерді тез арада шешу қажет деп есептеймін. Өйткені, дәрігерлерге жақсы жұмыс жағдайлары жасалғанда, олар да науқастарға оң әсерін тигізеді. Мұның бәрі жүйенің қалай дұрыс құрылатынына байланысты», - дейді Салтанат Тұрсынбекова.

ҚР Президенттігіне кандидат Мейрам Қажыкен Ақтөбеде Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің студенттері және профессор-оқытушыларымен кездесті.

Кандитат алғашында өзінің сайлауалды бағдарламасын таныстырды. Содан соң  қатысушылар да өздерін қызықтырған  сұрақтарын қойды.  Олар негізінен әлеуметтік саладағы мәселелерді шешу жоспарларына қызығушылық танытты.

М. Қажыкен медицина қызметкерлеріне лайықты еңбекақы төлеу қажеттігін, сонымен бірге республикалық бюджет тарапынан денсаулық сақтаудың барлық саласын қаржыландыру керек екенін атап өтті.

«Бұл медицина саласындағы кадрлардың жетіспеушілігіне алып келетін өзекті мәселе. Медицина қызметкерлерінің тапшылығын жою үшін, дәрігерлердің әлеуметтік және құқықтық қорғалуы және олардың жалақысын арттыру үшін ілкімді шаралар қажет. Бұл менің міндеттерімнің бірі. Бұл дамуды қажет ететін әлеуметтік серіктестіктің міндеті», - деді үміткер.

Сондай-ақ Мейрам Зекешұлы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бұл саланы елдегі ЖІӨ-нің 6% - көлемде қаржыландыруды ұсынатынын мысал етті. «Ал бізде қаржыландыру ЖІӨ-нің 1,4 пайызын құрайды. Зор айырмашылық байқалады», - деді М. Қажыкен.

Болашақ мамандарды тұрғын үй сатып алу және жұмысқа орналасу мүмкіндігі сияқты тақырыптар да  қызықтырды.

«Менің бағдарламамда жастарға ерекше көңіл бөлінетіні атап өтілді. Өйткені олар еліміздің болашағын құруда. Жастарға барлық жолдарды ашып, өзін-өзі дамытуға, үй сатып алуға, кәсіби каръерасын құруға барлық мүмкіндіктер жаратуымыз қажет. Өйткені, адам әлеуметтік мәселелерге қаншалықты аз көңіл бөлсе, соғұрлым ол жұмысқа және өзінің кәсібилігін арттыруға көп көңіл бөледі. Бұл жалпы ел экономикасына әсер етеді», - деді ол.

«Ауыл» партиясынан Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат Жигули Дайрабаев Абай облысының жұртшылығымен кездесулер өткізді.

Кандидат сапары халықтың рухани дамуына зор үлес қосқан ұлы тарихи қайраткерлер – Абай Құнанбайұлы мен Мұхтар Әуезовтің ескерткіштеріне гүл шоқтарын қоюдан басталды. Ұлылар рухына тағзым – тағзым мен тағылымды қатар ұстаған «Ауыл» партиясының басты құндылығы.

   Одан кейін Жигули Дайрабаев және оның командасы Абай облыстық кітапханасында жергілікті зиялы қауыммен кездесу өткізді. Кездесуде  кандидат бағдарламасының маңызды бағыттары – дала демократиясының қағидаттары, қоғамның қазақ халқының мәдениеті мен әдебиетін, қазақ ойшылдары еңбектерінің құнды үлгілерін сақтауға қатысуы талқыланды.

  «Менің ойымша, аймақтардағы жергілікті зиялы қауымды қолдау қажет. Жасыратыны жоқ, олар өз қаражаты есебінен өмір сүреді, мемлекет оларға қаржылық қолдау көрсетпейді. Дегенмен, олардың ұсыныс-пікірлері ең биіктегі билікке жетуі үшін жағдай жасау маңызды. Ол үшін жергілікті қауымдастықтар жүйелі түрде кездесулер өткізіп, ұсыныстар қалыптастырып, талдаулар жүргізіп, оларды жергілікті билікке жеткізуі керек. Мұндай тәжірибе жетекші әлемдік державаларда, мысалы, Жапонияда сәтті іске асқан. Бұл дала демократиясының «халық даналығы – ел игілігі үшін» атты  негізгі бағыттарының бірі», - деді Жигули Дайрабаев.

  Зиялы қауымнан соң кандидат ең ірі және заманауи май экстракциялау зауыты –  «Qazaq Astyq Group» ЖШС қызметкерлерімен кездесті. Кандидат Қазақстанның шикізатты экспорттамауы, керісінше, ел ішінде қайта өңдеумен айналысуы керектігіне тоқталды. Қайта өңдеудегі қосымша өнім осылайша, жергілікті нарыққа шығады. Сондықтан бизнеске қазіргіден де көп қайта өңдеу зауыттарын салу, ал мемлекетке жан – жақты қолдау мен ынталандыру шараларын көрсету қажет. Қызметкерлер кандидаттың бастамаларына қолдау білдіріп, сайлауда сәттілік тіледі.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға